Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев Астанада салынып жатқан LRT құрылысының жұмыс барысы туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.
Аяқсыз қалған LRT құрылысын жандандыруға биыл бюджеттен 52 млрд теңге бөлінген. Министр бұл қаржының қайда жұмсалғанын айтып берді.
«Ол сома бөлініп, іргетас қазықтарын қағуға бағытталды. Жұмыс 96 пайыз орындалды. Ал тіреу орнату жұмыстары 76 пайыз аяқталды. Құрылымдарын бір-біріне жалғау жұмыстары, білуімше, 82 пайыз жасалды. Бұл – биыл аяқталған жұмыстар», деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ ол жұмыс қарқынын еселеу үшін қосымша қаржы қажет болатынын мәлімдеді.
«Келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 45 млрд теңге керек болады. Қазір құрылыс алаңында 1,5 мыңға жуық жұмысшы еңбек етіп жатыр. Егер жұмыс ауқымы кеңейсе, онда қосымша 150 млрд теңгеге дейін қаражат сұраймыз. Алайда нысанды аяқтау жоспары 2025 жылға көзделген. Алғашқыда 8 станция мен 5 пойыз жұмысын бастайды», деді министр.