• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Қараша, 2023

Ауыр атлетикада 43 спортшы допинг дауына шатылды – министр

180 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев  ауыр атлетика федерациясының басшылығы және  бапкерлер құрамымен кездесті. Жиында федерация өкілдері спортшылардың Азия ойындарындағы жетістігін  қорытындылап, ауыр атлетика спортын дамыту жоспарын талқылады, деп хабарлайды  Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарда Қазақстан құрамасының ауыр атлеттері небәрі 1 қола медаль иеленіп, жарыс алдында берген міндеттемелерін орындай алмады. Қытайдағы додаға дейін олар 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алуға уәде берген еді. Ермек Маржықпаев кейінгі жылдары ауыр атлетика спортшыларының жаппай допинг дауына ұшырап жатқанына байланысты өткір мәселе көтерді. 2022 жылдың басынан бері 43 спортшы допинг қолданды деп айыпталған. Азия ойындары алдындағы допинг мәселесіне байланысты федерацияның басшылық және жаттықтырушы құрамы толық жаңарды. Нәтижесінде ұлттық құрама Ханчжоуда негізгі құрамда өнер көрсете алмады. Ұлттық допингке қарсы орталықтың өкілдері спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, спортшыларды жаппай шеттету себептерін анықтау үшін спорттық тамақтану үлгілері мен фармакологиялық құралдарға зерттеулер жүргізеді.

«Еліміздің ауыр атлетика спортының тарихы бай, жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұл спорт түрінен бас тартуға болмайды. Жаңа басшылық пен жаттықтырушылар штабы допинг мәселесіне байланысты допинг сынамаларын егжей-тегжейлі тексеріп, тыйым салынған құралдарды қолдануға нөлдік төзімділік бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Спорттан шеттетілген саңлақтарға мұндай қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, оларға демеу беруіміз керек», деді министр.

Е.Маржықпаев  ауыр атлетика федерациясының өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеп,  спортшылардың спорттық тамақтану мен қалпына келтіру құралдарын өз бетінше сатып алуын болдырмауды  міндеттеді.   Барлық мүдделі ведомстволармен бірлесіп фармакологиялық құралдарды сатып алу алгоритмін әзірлеу, ауыр салмақтағы спортшыларды даярлау жөніндегі жеке бағдарламаны іске қосуды жүктеді.