«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін тәмсілді ұстанатын Бағдат Қадыров түрлі ас мәзірін дайындауды сүйікті ісіне айналдырған. Алайда бармағынан бал тамған аспаз болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Дегенмен, атыраулық аспаздың тағамынан дәм татуды қалайтындар көп.
Жақында ол Түркияның Анталия қаласында өткен Gastro Аntalya гастрономиялық фестивальға қатысты. Атыраулық аспаз жігіт әлемнің түрлі елінен 750 аспаз қатысқан сайыста екі түрлі ас мәзірін ұсынды. Қазақтың ұлттық тағамына арқау болған еттен дәмді тағам дайындады. Оған қоса балықтан дәмі тіл үйіретін ас пісірді.
«Кез келген асты шын көңілмен пісіру қажет. Түрлі дәмдеуішті қосудың шекті мөлшерімен қосқан жөн. Сонда тағам дәмді болады», дейді Б.Қадыров.
Гастрономиялық фестивальдың қазылар алқасы Бағдат Қадыров дайындаған екі тағамның дәмін татып, бірінші және екінші жүлдені беруге шешім қабылдады. Бұл әрине, қазақ аспазының ас мәзіріне өзге елдерден келген әріптестерінің қызығушылығын оятты.
Қазір Бағдат Қадыров телеарналардың бірінде өнер иелерімен бірге ас пісіретін бағдарламаға қатысып жүр. Іnstagram желісіндегі парақшасында ас дайындауға қатысты «лайфхакын» жариялап жүр. Оның парақшасына тіркелген 300 мыңға жуық оқырман жаңа ас мәзірін күтіп отырады.
Атырау облысы