• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қараша, 2023

Жырлайды жүрек

208 рет
көрсетілді

Ұлттық мұражайда музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің «Тарихи тұлғалар» жобасы аясында ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты поэзия кеші өтті.

Әдеби кеш оқушыларды Мағжанның өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстыру, жастардың көркем шығар­ма­ларды оқып-үйренуге ықыласы мен қызығу­шылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

Іс-шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің «Топ­жарған» ақындар клубының мүшелері, М.Жұмабаев атындағы халықаралық колледжінің студенттері мен елордалық мектептердің оқушылары қатысты.

Жиналған қауым М.Жұмабаевтың өлеңдерін, ақынға арнаған жалынды жырларын оқыды. Абзал Мақаш бас­таған домбыраны жанына серік еткен жас ақындар Мағжанның кестелі жыр­ларын төгіп, арнау орындап берді. Ал Ә.Бөкейхан атындағы Бином мектебінің 1-сынып оқушылары «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, жиналған жұрт­шылықты тәнті етті.

Ақындығымен қатар Мағжанның өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлесі зор. №67 Ілияс Есенберлин атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Ақшолпан Әнәпия ақынның «Педагогика» еңбегіне кеңінен тоқталды. Мұнда тәрбие өнерінің негізгі қағидаттары қазақы таным шеңберінде түсіндірілген. Ұстаз Мағжан Жұмабаевтың бұл еңбегі заман өзгерсе де, өзектілігі жоғалмайтын құнды дүние екендігін атап өтті.

Ерекше атап өтетін жайт, Ұлттық музейде балдырғандардан бастап студенттерге дейінгі жас аудиторияға арналған кешенді мәдени-білім беру бағдарламасы қарастырылған.

Мәселен, «Менің Қазақстаным» орта­лығында балдырғандар мен оқушылар қазақтың киіз үйі, тұрмыстық заттары, дәстүрлі музыкалық аспаптармен та­нысады, садақ тартып, асық атады. «Му­зейдегі мектеп күні» жобасы аясында 5-9 сынып оқушылары Қазақстан тарихы бойынша білімдерін экспонат­тарды зерттеу арқылы тереңдетеді. «Дана» жобасының аясында өтетін әдеби, музыкалық, поэзиялық кештердің мақ­саты – студенттердің шығармашылық алаңын қалыптастыру.

Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмайды. «Қолжетімді музей» жобасы аясында зағип және нашар көретін келушілер так­тильді экспонаттарды қолымен ұстап, аудиогидтер көмегімен қажетті ақпарат­пен қамтылған. Ал «Мейірім» жобасы аясындағы «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды өнерге баулу арқылы қол моторикасын дамытып, әлеуметтік ортаға бейімдеуге көмектеседі.