Наубайханашылар әулеті – Мирзоевтар отыз жылға жуық шағын қаланың тұрғындарын дәмі тіл үйіретін нанмен, кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етіп келеді.
Жолсапар барысында осы қаладағы шағын дүкенге соққанбыз. Табалдырықтан аттаған бетте-ақ жаныңа соншалықты жағымды нан иісі бұрқ ете қалды. Сөреге көз салсақ, нарттай қып-қызыл бөлкелер самсап тұр екен. Ас атасының біреуін алдық. Ып-ыстық. Баяғы бала кезіміздегідей шетінен үзіп, дәм таттық. Дәмді екен.
– Сары май ғана жетіспей тұр, – деді атқосшымыз, – ертеректе апам нанды пештен суырып ала салысымен сары май жағып жеуші едік. Жарықтық, ыстықтай үзсең көкаязданып, піспей қалады деп бажылдайтын. Тыңдаймыз ба, ыстық нанды саусағымызды күйдіре соғып алатынбыз. Содан бері дәл осындай дәмді нанды кездестірген емеспін.
Дәміне сүйсінген соң самсаған бөлкелердің сырына қанығуға ұмтылдық. Сөйтсек, бүгінде ата-анасының абыройлы ісін сәтімен сабақтап отырған Рена Балакишиқызы өз ісінің шынайы шебері екен. Иманды кәсіп ата-анасынан қалған.
– Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде ата-анам осы төңіректегі өз ісін дөңгелеткен алғашқы кәсіпкерлердің бірі болды. Ол тұста іскер азаматтардың басым көпшілігі сауда-саттықпен айналысты ғой. Ал менің ата-анам нан пісіруді қолға алды. Адам айтқысыз қиын кез еді. Электр қуаты жиі өшіп қалатын. Сапалы ұн қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Халық көз байланысымен керосин шам жағып отыратын еді ғой. Тығырықтан шығар жол іздеген біздікілер сыртқы пішімі кәдімгі кемеге ұқсайтын дәу пеш салды. Басқа амал жоқ еді. Сол пеште нан пісіретін, бірте-бірте қаражаттың басы құралған соң қажетті жабдықтар сатып ала бастады. Сөйтіп, нанға қоса тоқаш та пісіретін болды. Әлі есімде күніне 2 мың данаға жуық нан пісіретін, сапасына айрықша мән берді. Содан ба екен, тұтынушылар да бірте-бірте көбейе бастады, – дейді кәсіпкердің өзі.
Қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басқан анасы ортақ бизнеске бас-көз болып, шаруаға араласып отырады. Бухгалтерлік есеп-қисап, статистика, өзге де толып жатқан қағаз жұмыстарын тап-тұйнақтай етеді. Ал негізгі мамандығы психолог Рена Балакишиқызы Астана мен Державинск қаласының екі ортасында шапқылайды да жүреді. Шаруа ыңғайы солай. Анасы кейде әзілдеп бар жиған-тергенің бір жәшікке сыйып кетеді-ау деп әзілдеп қояды.
– Әкем Балакиши Агабалаоглы мен анам Светлана Григорьевна бізді кішкентайымыздан адал еңбекке тәрбиеледі. Бәлкім, содан ба екен, ақбас толқындары аспанға атып жатқан қайнаған тіршілікте арагідік кездесіп қалатын қиындықтан қаймығып көрген емеспіз, – дейді кейіпкеріміз.
Ал кәсіпкерлік жолында кесе-көлденең түсіп жатқан қиындық атаулы аз емес екен. Айтуына қарағанда, қазір нан және нан өнімдерін пісірудің кісі қызығарлықтай пайдасы жоқ. Себеп – шағын қалада диірменнің болмауы. Демек, қажетті ұн өзге өңірден тасымалданады. Көлік шығыны қосылған соң өзіндік құн сәл де болса өседі. Рас, кейде шығынды жабуға ғана жұмыс істейді. Талдап қарасаңыз, бұл өңірде ұнның бағасы тұрақты емес, үнемі қымбаттау үстінде, оған жұмысшылардың жалақысын, салық, өзге де шығындарды қоссаңыз, таза пайда азая бермек. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, электр қуатының төлемақысы да қымбаттап кетті.
Бүгінде наубайхана тәулігіне шамамен 500-600 дана нан өнімдерін пісіреді. Пішіні әрқилы, 13 түрлі атаумен. Жазда наубайхананы күрделі жөндеуден өткізіп алыпты, жылу жүйесін толығымен жаңартқан, су желісін жаңғыртқан. Айтпақшы, суды цехқа тікелей өткізіп алыпты. Енді бұрынғы бейнет азая бермек. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде наубайхана жұмысын тоқтатуға тура келген.
– Сол кезде соғылған қоңырауды есептеп көрсеңіз, – дейді кәсіпкер, – бір жағынан халыққа керегіміз бар екенін сезіндік. Біз ашытқылы, ашытқысыз нан пісіреміз, нанның құрамында бес түрлі жарма бар. Геркулес, қара бидай ұнынан пісірілетін нанның қыр-сырын үйрену үшін әдейі Алматыға барып оқу курстарына қатысып қайттым. Қант диабетімен ауыратындардың ағзасына пайдалы нанды да пісіре бастадық. Бұл жаңалығымызға жұртшылық разы.
Шағын ұжымда ынтымақ күшті. Барлығы да – алдынан жұмыс үркіп отыратын іскер адамдар. Мәселен, Татьяна Ресник он жылға жуық жұмыс істейді, Гузель Воронцова ғұмырының алты жылын осы наубайханаға арнаған. Ал наубайханашы Лариса Ажимова болса, 19 жыл бойы үзбей осы наубайхананың отымен кіріп, күлімен шығып жүр.
– Өз ұжымыма өте ризамын. Барлығы – өз ісінің шынайы шеберлері. Қамыр илеп тұрып онымен сөйлесіп, еркелеткендерін көргенде жүрегің елжіреп кетеді. Ал сәтсіздікке қатты уайымдайды, – дейді Лариса Ажимова.
Бұрын наубайхана жұмысын жазып көрмеппіз. Сөйтсек, мұнда өз дәстүрі бар екен. Мәселен, нан пісіретін пештің жанында шаруа жайын кеңесіп, қатты-қатты сөйлеуге болмайтын көрінеді. Наубайханашылар әдетте шеткі бос бөлмеде ғана сөйлесе алады. Ал пеш жанында өрікпіп дауыс көтеріп жатса, нан көтерілмей қалуы мүмкін. Өздерінің айтуына қарағанда, көпшілік көңілінен шығатын, дәмі тіл үйіретін нан пісіру – игілікті іс әрі өте қасиетті шаруа. Тағы бір бұрын-соңды құлағымыз шалмаған сөз тіркесін естіп, қайран қалдық. Олар «оттың жанында нан пісіретін адам ешқашан тозаққа түспейді», дейді. Шынында да ғажап емес пе?!
Жолсапардан оралған соң қиян шеттен ала келген нарттай қызыл, дәмі тіл үйіретін тәтті нанды дастарқанға қойып, немерелерге нан туралы әңгіме айттым. Тіпті қоқымына дейін жегіздім. Баяғыда апам нан қоқымын теріп жеген бала бай болады деуші еді. Әлде ұқыптылыққа, қасиетті нанды қадірлей білуді үйренсін дегені ме екен. Менікі де көңіл түкпірінде жатқан, сарытап сағынышқа оранған ескі елесті жаңғырту.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы