«Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан Қазақстан азаматтары жаңа дағдыларды игеріп, одан әрі жұмысқа орналасу үшін Skills Enbek платформасында тегін оқуға мүмкіндік алды. Платформада арнайы бөлім екі ай бұрын іске қосылып, оған 4,5 мыңнан астам адам тіркелді. Оның 3,2 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Курстан өткені туралы сертификатта алынған барлық дағдылар көрсетіліп, Enbek.kz жұмысқа орналастыру порталындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.
Мүгедектігі бар азаматтардың жеке көмекшісі болғысы келетіндер және мүгедектігі немесе созылмалы ауруы бар отбасы мүшесімен бірге еріп жүретіндерге арналған кәсіптік курстар осы санаттағы азаматтар арасында көбірек сұранысқа ие.
Сондай-ақ жобаға қатысушылар «Аспаз», «Наубайхана ісінің негіздері», «Үйрек, қаз өсіру», «Жылыжайларда лимон өсіру», «Сақтандыру агенті», «Кассир», «Бухгалтер» курстарында оқуды жөн көреді.
Skills Enbek платформасындағы «Күміс жас» қосымша парағында ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, маркетинг, туризм, ақпараттық технологиялар, энергетика сияқты бағыттар бойынша 130-дан астам курс бар.