• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қараша, 2023

Сыр ғалымдардың олжалы сапары

258 рет
көрсетілді

Сыр өңіріндегі тарихи қатпары қалың қалаларға өткен ғасырда жасалған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы материалдары қазір Ресей мұрағаттарында жатыр. Осыған байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мұрағатында және мемлекеттік Шығыс халықтары музейінде болды.

Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігінің 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында іссапарға шыққан ғалымдар Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын зерттеп, Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйеледі. 

Сапар барысында «Археология және этнография» ғылыми орталы­ғының жетекшісі, философия докторы Әзілхан Тәжекеев, орталық қызметкерлері философия докторы Бағлан Шораев, докторант Ыслам Құрманиязов, жоба орындаушысы Рүстем Дәрменов көптеген тың деректермен танысыпты. Ондағы Сыр өңірінің археологиясы мен тарихына қатысты құнды мәліметтер мен жәдігерлерді тауып, көшірмесін елімізге алып келуді көздеген мамандар сапары сәтті болды.

– 1946-1990 жылдары Қызылорда облысы аумағында КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экс­педи­циясы жүргізген зерттеу жұ­мыстары осы күні Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтында сақтаулы тұр. Біз Түгіскен қорымдары, Ұйғарақ оба­лары, Шірік-рабат археологиялық мә­дениеті, Жетіасар есткерткіштеріне қа­тысты ғылыми деректер негізінде жұ­­мыс­тар істедік, – деді ғалым Әзілхан Тәжекеев.

 Жергілікті ғалымдардың жемісті сапары нәтижесінде жиналған ғылыми деректер алда баспа жүзін көреді.

 

Қызылорда