Бүгінде экономиканың басым бағыттарына айналып келе жатқан креативті индустрия – қаржының ерекше саласы. Бұл өндіріс әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бөлігі ретінде танылып, ғылым мен мәдениетке, заманауи шығармашылық бағытқа негізделіп отыр. Креативті экономика көптеген елде мемлекеттік қолдауға ие болып, оның нарықтағы ІЖӨ-ге қосқан үлесі 3%, ал кейбір дамыған елдерде 10-12%-ды құрайды.
Біздің елімізде де ұлттық экономиканы дамытуда өзіндік үлесі бар креативті индустрияның сәулет, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технологиялар, халық қолөнері сияқты шығармашылық бағыттары жұмыс істейді. Бұған дейін креативті экономиканың нақты анықтамасы мен тізбесі болмаған. Үкіметтің биылғы 6 маусымдағы №448 қаулысымен аталған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Бұған 43 экономикалық қызметтің жалпы жіктемесі енгізілген. Қазір креативті индустрия саласында 32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 285 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 33,3 млрд теңге, ел экономикасына қосқан үлесі – шамамен 2,7%. Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустрия мәселелері «Мәдениет туралы» заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасымен реттелген.
Еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленген тұжырымдамада жаңа отандық жоғары технологиялық компаниялардың пайда болуы үшін технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, креативті, білімді жастарды жұмыспен қамту міндеттері көзделіп отыр. Сонымен қатар аталған министрлікте мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау арқылы кәсіпкерлік субъектілерді жеңілдікпен қаржыландыру да қарастырылған.
Ұлттық экономика министрлігі креативті индустрияны дамыту жөніндегі жүйелі және үдемелі тәсілдерге байланысты ІЖӨ-ге салымын 3%-ға, жұмыспен қамтылғандардың үлесін 4%-ға дейін ұлғайтып, шағын және орта бизнес санын 80 мың бірлікке дейін жеткізуге, сонымен қатар өнім экспортын 200 млн долларға арттыруға мүмкіндік беруге тиіс деген болжам жасайды.
Бұл ретте Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев: «Біз жыл соңына дейін 10 анимациялық жоба жарыққа шығатынын атап өттік. Оған 500 млн теңге бөлінді. Фильм жобалары да бар. Менің ойымша, Қазақстанның креативті индустриясының әлемдік нарықта лайықты орын алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Мен шығармашылық индустрия табиғи ресурстардан да көп пайда әкелуі мүмкін деп айтар едім. Екіншіден, бұл азаматтардың өмірін жеңілдетіп, елімізді де дамыған мемлекеттердің қатарына енгізе алады. 2025 жылға қарай біздегі креативті индустрия әлемдік нарыққа 200 млн доллар сомасына өнім мен қызмет көрсетуді шығаруға тиіс. 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орны бар. Қазақстан әлемге мұнай мен газды ғана емес, жаңа технологиялық шешімдерді, инновацияларды жеткізуге, мәдениет пен өнердегі заманауи трендтерді орнатуға қабілетті елдің мәртебесін бекітуі керек», дейді.
2025 жылы креативті индустрияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 5%-ға жетуі керек. Мәдениет, өнер саласындағы және IT-дегі стандартты емес идеялар мен инновациялық жобалар ел дамуының жаңа драйверлеріне айналуы мүмкін екенін айтады сарапшылар. Әйтсе де, статистикалық деректер еліміздегі, тіпті әлемдегі креативті экономиканың нақты көлемін көрсете алмайды. Өйткені қарқынды дамып келе жатқан шығармашылық қызметтің кейбір салалары көлеңкеде жұмыс істейді немесе экономикалық қызметтің жалпы жіктемесіне енбеуі де мүмкін.
Шығармашылық арқылы табыс табу бойынша басқа елдердің тәжірибесімен алмасудың маңызы айтпаса да түсінікті. Осы ретте креативті индустриялар инфрақұрылымын дамыту, креативті кәсіпкерлік идеяларын насихаттау, халықаралық инвестицияларды тарту мақсатында өткізіліп тұратын халықаралық деңгейдегі форумдар – аталған саланы дамытуда тәжірибе алмасуға таптырмас көмекші.
Сонымен қарашаның 24-26 күндері аралығында Алматы қаласында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Оңтүстік Кореядан 100-ден аса сарапшы-спикерлер мен сала өкілдері қатысқан «Creative Central Asia – 2023» атты Орталық Азияның Креативті индустрияларының жыл сайынғы форумы өтті. Онда кино, музыка, білім беру, fashion-индустрия және IT-секторының салалары бойынша креативті индустрияны дамытудың негізгі үрдістері мен перспективалық жолдары талқыланған еді. 2033 жылға қарай әлемде 2013 жылы болған 57 мамандық жойылады. Барлық физикалық және күнделікті жұмысты біртіндеп роботтар мен компьютерлер алады. Бұл – Оксфорд университетінің зерттеу нәтижелері. Осының барлығы халықаралық креативті индустрия форумының басты тақырыбы болды.
Форум барысында өткізілген тақырыптық дәрістер, шеберлік сыныптары, public talk, қолданбалы өнер жәрмеңкелері креативті экономикадағы жаңа бағыттардың ашылуына, жастарға жаңа технологиялармен жұмыс істеуге тың идеялар бергені анық. Lumiere hall мультимедиялық мұражайының танымал кураторларының қолдауымен және қатысуымен қазақстандық және халықаралық цифрлық суретшілердің инновациялық және эксперименттік жұмыстарын таныстыратын көрме-инсталляция AI-ART, Digital Fashion, Media Art бағыттарындағы авторлардың жұмыстарын ұсынды. Форум аясында шетелдік және отандық сарапшылар ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап, шығармашылық индустрияны дамытуда Орталық Азияның әлеуеті зор екенін атап өтті. ССА-2023 форумының негізгі мақсаты креативті индустриялардың инфрақұрылымын дамыту, креативті кәсіпкерлік идеяларын насихаттау, халықаралық инвестицияларды тарту болды. Бүгінде креативті салаға жататын және мемлекеттік қолдауға ие болатын бизнес түрлері айқындалып отыр десек те болады.
Форумға қолдау көрсеткен Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Берік Солтанбаев: «Алматы – шығармашылық индустрия орталықтарының бірі. Креативті секторда ШОБ өсімін көріп отырмыз. Біздің басты міндетіміз – креативті кәсіпкерлерге қаржылай да, микроқұрылымдық жағынан да қолдау көрсету. Осыдан біраз уақыт бұрын шығармашылық салаларды дамытумен айналысатын алғашқы ұйымды құрған едік. Қазір ұйым аясында барлық қажетті қолдау шарасы қарастырылған», деді.
Аталған форумды ұйымдастырушылардың бірі сәулетші Дина Абдрахмет: «Білім беру саласында шығармашылық салалар бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа магистрлік бағдарламалар енгізілуде. Қазір өңірлерде жұмыс қызу. Олар креативті индустрия мен креативті экономикаға көңіл бөле бастады. «Бұл не және оны қалай дамытуға болады?» деген сұрақтарға бүгінгі өткізіліп жатқан форум – осының жауабындай. Алдағы уақытта Алматы еліміздің шығармашылық индустриясының орталығы ретінде үздік істерімен танылып, халықпен бөліседі», деді.
Ал «Дара» Президенттік бастамалар қорының жетекшісі Әсел Шілдебаеваның айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға стартаптарды құру және дамыту, ресурстарға қолжетімділікті, сараптамалық қолдауды қамтамасыздандыру ықпал етеді. Сондай-ақ аталған бағыт жергілікті кәсіпкерлерді ішкі және жаһандық нарықта ілгерілетудің өңірлік маркетингтік стратегиясына инвестиция тартуға және өңірлердің туристік әлеуетін дамыту үшін қолайлы экономикалық орта құруға көмектеседі. Қазіргі таңда елімізде жастардың әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысуының маңызы жоғары. Президенттік бастамалар қоры аталған мәселеге ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өткізіліп отырған халықаралық форум Алматы қаласының брендін ілгерілетуге, шығармашылық мамандарды қолдауға, инновациялық және шығармашылық секторларда жаңа өнімдер жасау үшін бейінаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге арналғаны анық.
Еліміздің креативті секторының әлеуетін ашу және өсіру қажеттілігі – бүгінгінің талабы. Креативті кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау арқылы дамыту үдерісін жеделдету ел экономикасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Біздегі креативті индустрияның шоғырланған орталығы ретінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары аталады. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия орталықтарының географиясын кеңейтуді, олардың әрбір облыс орталығы мен ірі қалада болуын, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелерімен көмектесу және «креатившілерді» қолдау шараларына назар аударуды тапсырған еді.
Аталған саланың дамуы бойынша Алматы қаласына тоқталсақ, мұнда креативті секторды дамыту идеялары мен пайымдауларын шоғырландыру мақсатында жұмыс істейтін Креативті индустриялар кеңесі бар. Кеңес құрамындағы медиа, шығармашылық, өнер, қолөнер, музыка өкілдері, сондай-ақ қала белсенділері креативті сала өкілдерінің бастамалары мен ұсыныстарын талқылап отырады. Кеңесте кино мен анимация, әдебиет, сән, жаңа медиа мен цифрлық мәдениеттер, театр, опера мен балет, эспорт пен геймдеволопмент, сәулет пен дизайн, музыка, заманауи өнер, ойын-сауық индустриясын дамыту стратегияларын әзірлейді. Алматыда креативті сектор кәсіпкерлерін тәрбиелеу үшін орта бар. Мұнда бизнес-инкубаторлар (SmArt Point Almaty, Almaty Tech Garden, KBTU Startup Incubator, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Технопаркі, AlmaU) және краудфандингтік платформа (StartTime) жұмыс істейді. Алматыда креативті сектордың қатысуымен құрылған «Almaty Talents» балаларға арналған креативті оқыту кеңістігі жұмыс істейді. Бұған қоса креативті индустриялар саласындағы «ALATAU» инфрақұрылымдық жобасында коворкинг-кеңістік, балаларға арналған тегін шығармашылық үйірмелер, шеберлік сабақтарына арналған алаң, медиатека, «ArtBit» білім беру көрме орталығы кіреді. Онда өнер мен мәдениеттегі жаңа технологияларға баса назар аударылады.
Сондай-ақ «36 үй» Алматыдағы креативті хаб түрлі саладағы креатившілерді біріктіреді. «36 үй» аумағында түрлі дәріс, көрме, фестиваль, питчинг және қайырымдылық шарасы өтіп тұрады. Бұл жоба пандемияның қиын кезеңнен өтіп, дамуын жалғастыра алды. Қаланың басты мәдени және шығармашылық кеңістігіне айналды. Аталған жобаның негізін қалаушы Дәурен Төлеевтің еліміздегі креативті индустрияларды дамыту туралы өзіндік көзқарасы бар. «Қазақстанның осы секторға капитал ағынын арттыру, салықтық ынталандыру тетіктерін іске қосып (АҚШ-тағы сияқты), жекелеген шенеуніктердің шешіміне тәуелді болмай жүйелі түрде өз бетінше жұмыс істейтін мәдени бағдарламаларды бөліп көрсетсе, мәдениеттің экспорттық әлеуетіне көмектесуге мүмкіндігі жетерлік», дейді ол.
Инвестициялаудың әлемдік тәжірибесінде, көптеген компания креативті сервистерді, медиа платформаларды, цифрлық құралдарды, геймдевелопментті және басқаларды құруға инвестиция салады. Креативті индустрия жаңа технологиялардың, жаңа салалардың, материалдық тауарлардың, сонымен қатар ел үшін маңызды экономикалық артықшылықтың бірі екенін айтуға болады. Әлемде бұл нағыз инклюзивті экономиканың даму көзі болып тұр. Азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «шығармашылық өндіріс» болашақта экономиканың ең маңызды саласына айналуы әбден мүмкін.