Заң талаптары бойынша 1 желтоқсаннан бастап көлікті жазғы доңғалақпен жүргізуге тыйым салынады. Дегенмен биыл елімізге қыс кеш келіп жатыр. Оңтүстік өңірді айтпағанда, Астананың өзінде әлі қар жоқ. Жерде қар болмаса да, желтоқсаннан бастап қысқы бүрлі доңғалақ салу міндетті ме?
Бұл сұраққа ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы Әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әсем Қырғызбекқызы жауап береді.
– 1 желтоқсан жақындаған сайын көлік құралдары иелері тарапынан өзекті сұрақтарының бірі – қысқы доңғалаққа ауысу туралы сұрақтар көптеп қойылып жатады. Кеден одағының 018/2011 «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті 8-қосымшасының 5.5-тармағына сәйкес қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында) 5.6.3-тармағында көрсетілген талаптарды қанағаттандыратын қысқы доңғалақтармен жабдықталмаған М1 және N1 санаттағы көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Көлік құралының барлық доңғалағына қысқы шина орнатылуға тиіс. Аталған тармақта: «Жазғы кезеңде (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы шиналармен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады» деген норманың барын да атап өткен жөн.
Техникалық регламентте жылдың басқа айларында қандай доңғалақтарды қолдану талаптары белгіленбегендіктен, доңғалақ ауыстыру уақытын, жол қауіпсіздігін ескере отырып, көлік құралының иесі өзі шешеді. Дегенмен техникалық регламентте ауа райы (қардың болуы немесе болмауы) ерекшеліктері көрсетілмеген. Сондықтан қандай жағдай болса да, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарының иелері Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 590-бабы 5-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады.