• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 30 Қараша, 2023

Сапаны сынаған дауыл

120 рет
көрсетілді

Жақында табиғаттың тосын мінезі бас қаладағы құрылыс сапасының көлеңкелі тұсын көрсетіп бергендей болды. Осындай кезде торнадо секілді алапат дауыл мен ақтүтек боранның өзіне шыдас беретін дамыған елдердегі алып ғимараттар қандай технологиямен тұрғызылады, адам қолы жетпес құрылыс материалын қолданды ма екен деп таңданасың. Ал бізде жауаптылар ат ізін салмайтын аймақтарды айтпағанда, осы күні ел астанасында жел тұрса жұрттың зәре-құты қашып, жанын шүберекке түйіп отырады.

Сырты – бүтін, іші – түтін

Мәселен, күні кеше ғана екпіні 15-20 м/с болатын оңтүстік-батыс желі қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелердің қасбетін опырып, шатырларын жұлып әкетті. Салдарынан материалдық шығын келген оқиғалар да, зардап шеккендер де бар. Бірақ ауа райының құбылуын сыныққа сылтау ететін біздегі заңда темірге емес, тірі жанға зақым келсе де, жауапкершілік ешкімге жүктелмейді. Бір қызығы, бар кінәні табиғаттың мойнына іліп қоятындар желге де шыдас бере алмайтын тұрғын үйлердің сапасына бас қатырғысы жоқ. Қайда барса да »Қор­қыт­тың көрін» көрсеткендердің әре­кеті айналып келгенде қарапайым халық­тың қалтасына салмақ салып жатыр.

Былтыр Мәжілістің бір топ депутаты республикалық комиссия құрып, барлық облыста проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізуді ұсын­ды. Баспана кезегіндегілерге бері­летін жаңа үйлердің сапасы сын көтер­мейтінін айтқан олар кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап еткен еді. Өйт­кені саны бар, сапасы жоқ тұрғын үй­лер­дің жыл өтпей шатырынан су сор­ғалап, кірпіші үгітіліп, қабырғасы жа­ры­лып, едені көтеріліп, қасбеті түсе бас­тайды екен. 

Ал бас­тапқыда құрылысқа берілген кепіл­де­ме аясында кем-кетігін жөндеп бе­ріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталғаннан кейін жауапкершіліктен мүлдем босатылады. Бүгінде табиғат­тың тосын мінезі түгілі, жаңа тұр­ғы­зылған тұрғын үйлердің өзі жыл өтпей қабырғасы қақырап, тере­зе­сі сықырлап жатыр. Мұндай үй­лер­ді санамалай берсек, санынан жаңы­латынымыз анық. Мәселен, әу баста жарнамасы жер жарған Ал­ма­­тыдағы «Алма Сити» тұрғын үй ке­ше­нінің тұрғындары ертегіге се­ніп қалғанын қоныстанғанда бір-ақ білген. Қаладағы Жетісу ауданында бой көтерген 3 көпқабатты тұрғын үйдің иелері де «сырты – бүтін, іші – түтін» пәтерін жөндеу үшін ай са­йын бала-шағасының аузынан жырып ақша шығаруға мәжбүр.

Бас қалада да баспана сапасы бас­ты мәселеге айналғалы қашан. Қала тұрғыны Ирина Александровна: «Қа­зір құрылыстың сапасын мемле­кет­тік органдар бақыламайды. Олар бақылаудан шеттетілген. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құ­рылыс алаңдарына тексеріс жүр­гізуге өздігінен бара алмайды. Бақылау болмаған соң құрылыс компаниясы мен бас мердігер бір-бірінің жұмысын оң бағалайтыны анық. Осылайша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы нысанға бармай-ақ үйді пайда­лануға қабылдай салады. Мы­са­лы, «Асылым», «Асылым паркі-1», «Асы­лым паркі-2», «Асылым Прайм» сияқты тұрғын үй кешендері көп­теген кемшілік пен ауытқумен сату бөлімдерінде ұсынылған. Қазір оның зардабын тұрғындар көріп отыр. Құрылыс компаниясын сотқа береді. Бірақ құрылыс компаниялары кепіл­ден­дірілген уақыты біткеннен кейін жауапкершілік алмайды. Егер мем­лекеттік органдар салынып жат­қан үйлердің құрылыс сапасына тек­се­ріс жасағанда, халық әділдік іздеп әр есікті жағалап жүрмейтін еді», дейді.

Елордадағы екі жыл бұрын ғана қол­данысқа берілген тұрғын үй ке­шені МИБ-нің төрағасы Гүлайым Қырықбаева да бұл айтқанды растап отыр. Оның сөзінше, жылдар бойы күткен жаңа баспанасының жыртығын жамаудан көз аша алмай келеді екен. Баспалдағынан бастап шатырына дейін бекітілген ережені ескермей салған мердігерлердің салғырттығы мен үнемшілдігінен құбыры жарылып, біресе жеделсатының астын су басып жатыр. Қақаған суықта қабырғасы қақырап, терезесі сықырлап тұратын үй тұрғындарының түннен аман шық­қандарына тәубе еткеннен басқа амалдары қалмаған секілді.

 

Тексеріске жауапты төрт маман

Елу жылдан аса құрылыс саласын­да­ғы қадағалау жұмыстарын жүргізген маман Ерлан Қабденовтің айтуынша, қазір жаңа салынған тұрғын үй құрылысына бұрынғыдай 10-15 адам емес, құрылыс сапасын қарайтын тапсырыс беруші, мердігер компания, авторлық және техникалық бақы-лаушыдан құралған 4-5 адам төрелік етеді. Олар құрылыс басындағы күн­де­лікті атқарған жұмыстан бастап қол­данылған материалдың маркасына дейін тексереді. Темірдей тексерістің қалай жүретінін қайдам, бас қаланың өзінде әлгінде айтқандай үйлер «үп» еткен желге де шыдас бере алмайды. Ал тұрғындардың тыныштығын бұзып, қалтасына салмақ салғаны құрылыс компаниясының да, олардың жұмысын қабылдап алған әкімдіктің де басын ауыртып, балтырын сыздатпайды.

Өйткені халықтың тұрмысына жауаптылар елдегі ереже біткенді өздері жасап, заңнамалардағы өзгерістердің денін өз ыңғайларына қарап қабыл­да­та­ды. Айталық, құрылыс саласының ардагері атанған Фарид Акбердиев «құрылыста бақылау жоқ» дейді. Есесіне тұрғын үй құрылысы саласы­на бақылау жасауға тиіс тұлға­лар­дың салғырттығы сыналмайды. Сы­налған күннің өзінде құжатта бе­кі­тіл­ген ережені алға тартады. Алай­да құрылыстың барлық кезеңі құ­рылыс бақылауын жүргізетіндердің көзінен таса қалуға болмайтынын айтқан ол: «Сметалық жобаны іске асыру мерзімдерін қадағалайтын және құ­ры­лыс жобасын іске асыру уақы­тын ұзартудың заңсыздығы туралы бақылау және құқық қорғау органдарына хабарлайтын техникалық қадағалау инженерлері болуы керек. Мемлекеттік сатып алу кезінен бастап қадағалау комиссиясы дұрыс жұмыс істесе, құрылыс компанияларының салғырттығынан халық табаннан таусылмас еді. Өкінішке қарай, құрылыс бақылауының жоқтығына бірнеше себеп бар», деп отыр. Оның айтуынша, келмеске кеткен кеңестік кездің өзінде адамдардың шағымы мұқият қа­ралған. Қазір жұрттың жанай­қа­йы­на құлақ түретін құзырлы орган табу қиынға соғып отыр.

 

Екі жылға берілетін кепілдік

Бұрын құрылыстың сапасына байланысты шағым түссе, құ­ры­лысты салған компаниямен бірге ко­мис­сиялық кездесу өтеді екен. Алма­тыдағы тұрғын үй құрылы­сы­на қа­тысты шағымды қарау үшін Мәс­кеуден республикалық орган­дар­­дың қызметкерлері келетін көрі­не­ді. Ал қазір тұрғындар кілтін жаңа алған үйдің тесігін жамата алмай жауаптылардың ортасында доп секілді тебіліп жүр. Себебі мемлекеттік қабылдау комис­сия­­ла­рының жұмысында нақты жүйе бел­гіленбеген. Сондықтан қолда­ныс­қа берілген су жаңа үйлердің құ­рылыс материалдарының сапасы сын көтермейді. Бұрынғы және қа­зіргі құрылыс нормалары мен ере­же­леріндегі айырмашылық жер мен көктей. Бұрын үйлер арасындағы алшақтықтан бастап, құрылыс сапасына дейін барлық санитарлық нормалар бір ережеге енгізілген. Ол қазіргі құрылыс нормалары мен ережелерінде жоқ. Бұл құрылыс компанияларын еш нәрсеге міндетті емес етіп көр­сетеді. Салдарынан әлгіндегідей тех­никалық қадағалау комиссиялары арматураның қалыңдығын бақыла­май­тынын, цементтің қандай маркасы қойылғаны да қызығушылық тудырмайды. Ал бұрын құрылыс бөлімшелерінің әрқайсысында бетон сынамаларын алып, зертханалық жағдайда сапасын тексерілген. Қазір құрылыс сапасы сан сүзгіден сөз жү­зін­де өткенімен, іс жүзіне келгенде қатаң шара қабылдауда жауап­кер­шілік жоқтығын аңғартады. Демек сапасы сын көтермейтін тұрғын үй ке­шендерін қабылдап алған әкім­дік пен бақылау комиссиясымен бірге құрылыс компаниясының жауап­кер­шілігін арттырмай, қолдан жа­салған қолданыстағы ереже жұрт­тың жиған-тергенін тұрғын үйді жа­мау­ға жұмсауға ғана кетеді. Ал қа­зір­гі заңнама бойынша әрбір құ­ры­лыс ком­па­ниясы үйдің сапасына екі жылға ғана кепілдік алады. Екі жылдан кейін ақаулықтары байқалса, оны жөндеу, күтіп ұстау ПИК немесе МИБ-тің өздеріне жүктеледі. Күр­де­лі жөндеу жұмысын жүргізуге ха­лықтың қалтасы көтермесе, мемлекет қайтарымды түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға несие береді. Ол да айналып келгенде тұр­ғындардың қалтасын теспей соруға жұмыс істейді. Себебі несиені төлейтін тұрғындардың өзі.

Айтпақшы, біздің елде басында айтқандай, тұрғын үйдің сапасына жауаптыларды шырақ іздеп таппайсың. Сапасыз тұрғын үйдің қасбеті құлап, жазым бола қалсаң, тағы жазықты жоқ. Өйткені табиғаттың бол­машы мінезіне шыдас бермейтін үйлердің шатыры құлауына кінәлі – ауа райы ғана. Табиғаттың тосын мінезіне технологиясы мың жерден мықты елдердің өзі де тойтарыс бере алмайтыны рас. Алайда алдын алуға мүмкіндік болмаса да адам өлімін азайтып, ел экономикасына орасан шығын болмаудың жолын қарастырып отырған елдер көп. Ала­пат цунамиге төтеп бере алатын жапондықтардың технологиясын қажетке жаратпасақ та, құрылыс технологияларынан бастап қажетті материалдарына дейін қатаң сынақтан өткізетін қадағалаушы органдардың әдіс-тәсілін өзгертуге кедергі жоқ шы­ғар дейсің.