• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 01 Желтоқсан, 2023

Қауіпті дерттің алдын алу жолы

206 рет
көрсетілді

1 желтоқсан дүниежүзілік АИТВ-ға қарсы күрес күніне орай­ Шымкент қалалық ЖИТС орталығының мамандары шаһар­да­ғы №13 емхана жанындағы жастар орталығында жастармен кез­десіп, қауіпті кеселдің алдын алу жолдары туралы түсіндірді.

Саз колледжінің 1-курс сту­дент­­теріне ЖИТС орталығының дәрі­гер-эпидемиологі Ұлпан Байділ­даева аурудың таралу жол­да­­ры мен одан қалай сақтану керек екенін жан-жақты баяндап бер­ді.

Маманның айтуынша, Қазақ­стан бойынша бүгінгі таңда АИТВ-мен ауыратын 50 544 науқас тіркелген. Шымкент қала­сын­да кесел жұқтырғандар саны 2 447 болып есептік тіркеуде тұр. Олардың басым бөлігі – 15-49 жас аралығындағы азаматтар. Дәрігер баяндамада АИТВ-ның өте жасырын жүретін ауру екенін айтты. Бұл ретте бұрынғы түсініктер мен көзқарастар қазір ескірген. Баяғыда нашақорлар, жезөкшелер бұл аурумен ауыратын дейтін. Қазір керісінше қоғамда түрлі салада жүрген қарапайым азаматтар да жұқтырып алып жатыр. Тіпті стерильді заттармен жұмыс істейтін медицина мекемесінің қызметкерлерін де бұл кеселден жүз пайыз сақталған дей алмаймыз. Маманның мәлімдеуінше, бұрын тамырына ине салатын нашақорлар қазір синтетикалық заттарға өтіп кеткен. Жеңіл жү­ріс­ті қыз-келіншектер де қатаң есеп­ке алынған. Сондықтан адам­затқа қауіп төндіріп тұрғаны – кез­дейсоқ болған жыныстық қаты­нас­тар мен абайсызда қан арқылы жұқ­тырып алу.

«АИТВ-дан сақтанудың жал­­ғыз жолы – қорғанышсыз жы­ныс­тық қатынасқа бармау. Соны­мен қатар егер күдік пайда болған жағдайда дереу ЖИТС орталығына барып, анонимді түрде АИТВ-ға қан тестін тапсыру. Өйткені ауру тез анықталған сайын адамның вирусты бойында тежеп ұстауына және өзгелерге білместікпен ауруды таратып жібермеуіне көбірек мүмкіндік пайда болады. АИТВ-мен тек қана жастар, үлкендер ауырады деу де қате пікір. Абайламаса, кез келген жастағы адам кеселді бойына жұқтырып ала алады. ЖИТС орталығында мынадай бір жағдай болды. 82 жастағы қария баласының қояншығы ұстағанда тілін тартамын деп қолын жарақаттап алады. Сол кезде баласынан қан арқылы АИТВ жұғып кеткен. Оны кейін қан тестінде анықтады. Сондықтан денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды. Мүмкіндігінше сақтық шараларын сақтаған жөн. Әсіресе бұл аурудан бейхабар жастар үшін мұндай семинардың маңызы өте үлкен. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау, АИТВ-ның жастар арасында таралып кетуіне жол бермеу», деді эпидемиолог дәрігер Ұ.Байділдаева.

Өз кезегінде маман аурудың не­гізгі белгілері туралы да жас­­тарға бірсыпыра баяндап өтті. Вирус адам бойына енген соң алдымен лимфаға түседі. Ауру бірден білінбейді. Оның клиникалық белгілері 2 апта немесе 3 айдан кейін анық болады. Біріншіден, адамда әлсіздік пайда болады. Содан соң қолтығының астындағы шатында, мойнында лимфатүйіндер ісініп шығады. Әрі қарай бір айдан аса уақыт бойы адамда дене қызуы түспей қояды. Тершеңдік пайда болады. Таңертең ұйқыдан оянғанда төсегі намданып тұрады. Сосын екі аптадан көп уақыт іш өтуі тоқтамайды. Қайта-қайта іш өте берген соң да адам тез азып кетеді. 10% салмақ жоғалтады. Егер дер кезінде қаралмаса, иммунитеті түсіп, туберкулез немесе пневмония жұқтырып алу қаупі жоға­ры­лай­ды. Осы ретте дәрігер ЖИТС-пен ауыратындардың 90%-ы туберкулез, пневмониямен зардап шегеді деген қорқынышты статис­ти­каны келтірді.

Сондай-ақ маман вирус бас­тапқыда АИТВ сатысында болатынын, негізгі міндет осы қалыптан тай­дырмай ЖИТС-ке жеткізбеу қажеттігін жастарға түсіндіріп өтті. Егер ЖИТС-ке ауысқан жағ­дайда адамға ешқандай ем көмек­теспейді. Сол себепті белгі­ленген ретровирусқа қарсы препараттарды схема бо­йынша қолдану қажет. Осы жерде дәрігер нақты бір мысалды айтып берді. ЖИТС орталығына көзіне теріскен шыққан жас жігіт келеді. Оған орталық мамандары дәрілерді үзбей ішу керектігін ескерткен. Алайда олардың кеңесіне құлақ аспайды. Содан 11 айдан кейін қайта келеді. Бірақ бұл жолы жігіттің кішкентай теріскені ас­қы­нып, көзі көрмей қалған жағ­дайға дейін жеткен. Яғни вирус күшейіп кетіп, АИТВ-дан ЖИТС-ке ауысып кеткен. Бірақ өкініштісі мұндай жағдайда ешқандай емшара адамға пайдасын бермейді. Сонымен бірге маман анықталған ауру құпия сақталатынын жеткізді. Тіпті ерлі-зайыптының біреуі ауырып қалса, оны жұбайының көзінше жарияламайды. Сол үшін құпия ақпаратты әдейі тарату, мазақ ретінде әлеуметтік желіде жариялау болмаса ауру екенін біліп тұрып, өзгелерге қасақана жұқтыру Қылмыстық кодектстің арнайы баптарымен заң алдында жазаланатынын дәрігер еске салып өтті. Сондықтан ауру анық­тал­ған науқастан бірінші күні құпия­лылықты сақтау, ауру­ды­­ таратпау туралы талаптарға келі­сетіні жайында қолхат жаздырып алады. Іс-шара барысында семинарға қатысқан колледж сту­дент­­­тері ерікті түрде АИТВ-ның­­ қан тестінен өтті. Сондай-ақ­ Саз колледжінің шәкірттері АИТВ-ға байланысты өздерін қы­зық­тыр­ған немесе маза­ла­ған сұрақ­тарына жауап алды.

Қалалық ЖИТС орталығы жыл басынан бері жоспарға сәй­кес шаһардағы барлық мекеме­де түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеді. Мемлекеттік және жеке­меншік емдеу мекемелерінде жылы­на 3-4 рет кездесу ұйым­дас­тырады. Сол секілді білім ошақ­та­рында да әр жыл сайын жастармен кездесіп тұрады. Сондай-ақ ЖИТС орталығында Достастық кабинеті мен Сенім бекеті бар. Ол жерде азаматтар жасырын түрде АИТВ-ға экспресс-тест немесе басқа да жыныстық жолмен берілетін ауруларға қан сынамасын тапсырып, кейін ашық түрде тегін дәрілер алып тұруына болады. Бұған қоса медициналық мекемелерде байқаусызда болатын жарақаттану жағдайларынан кейін алдын алу шаралары жүргізіледі. Ол жанасудан кейінгі профилак­тика деп аталады. Алдын алу шарасын ЖИТС орталығының мамандары атқарады және де жанасудың алдында болатын профилактика бар. Мұнда үнемі тұрақсыз жыныстық қатынасқа түсіп жүрген азаматтар орталыққа келіп, АИТВ жұқтыру қаупін азайтатын арнайы препараттар қа­был­дап, профилактикалық тера­пия­­дан өтеді.

Семинар соңында іс-шараның өтуіне мұрындық болған қалалық №13 емханаға қарасты Жастар орталығының менеджері Жанат Өтемісова осы мекеменің жұмысы жөнінде де қысқаша баян­дап берді.

«Қалалық денсаулық сақтау басқармасының №12 бұйрығына сәйкес 10-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге, 35 жасқа дейінгі жастарға репродуктивтік, психо­ло­гиялық көмектер көрсету бо­йын­ша жұмыс жүргіземіз. Жалпы, Шымкентте 5 жерде Жастар орта­лығы медициналық қызмет көр­сетеді. Атап айтқанда, №10, 6, 7, 13 емхана мен «ДауМед» кли­ни­касында осындай Жастар орта­лық­тары бар. Орталықта психолог, гинеколог, уролог сынды дәрі­гер мамандар келушілерді қабыл­дайды. Бөлек тіркеу орны ашыл­ған. Және 56-04-32 сенім теле­фоны орнатылған. Осы нөмір­ден кез келген жас құпия түрде өзін мазалаған сұраққа жауап ала алады. Әсіресе анонимді түр­де жыныс­тық қатынас арқылы бері­­­ле­тін аурулар бойынша уро­­лог, гинекологтерден келіп кеңес алып кетеді. Мекемеде жас­тар­ға­ тренингтік кабинеттер де қарас­ты­рылған. Тек арнаулы,­ жоғары оқу орындарының сту­дент­тері емес, Жастар орта­лы­ғы аума­ғы­на­ қарайтын кез келген жасқа өзіне керекті кеңес алуы­на неме­се­ нақты қан сынамасын тапсырып кетуіне болады. Бұған қоса орта­лыққа 6 мектеп қарай­ды. Орта­лық мамандары тұрақ­ты­ түр­де оқушыларға медицина та­қы­­­ры­бында түрлі семинарлар өтіп тұрады. Жыл басынан бері 4 286 жас осы орталықтағы білікті дәрі­­гер­лерге қаралған», деді Жас­­тар орталығының жетекшісі Ж.Өтемісова.

 

ШЫМКЕНТ