• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қараша, 2023

«Жан шуақ» сыйлығы тапсырылды

161 рет
көрсетілді

Елордада «Amanat» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайына мыңнан астам мейман мен қатысушы жиналды. Іс-шара басталар алдында бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі өтіп, онда ерекше қажеттілігі бар суретшілер әзірлеген өнер туындылары ұсынылды.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мәселесіне айрықша назар аударатынын атап өтті. «Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағы­насында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Президент тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті. «Инклюзивті Пар­ламент» депутаттық тобы қызметке кірісті. Оның құра­мын­да 19 депутат бар. Өңірлік мәсли­хаттарда ерекше қажеттілігі бар 71 депутат өз міндетін атқарып жатыр. Олар әлеуметтік кедергілерді жою және ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолжетімді орта құру мәселесімен тұрақты түрде айналысып келеді.

Қазақстан мүгедектер кон­федерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, биыл «Жан шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы осы уақыт аралығында бар­лығы 80-ге жуық адам марапатталған.

«Өзіндік ерекшелігіне қара­мас­тан, әр адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл сыйлық аталған қағиданы өмір шындығына айналдырған, қиындыққа мойымай, табандылық танытқан және бәрімізге шалқар шабыт сыйлаған жандарды даралайды. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың дамуына, өз қабілет-қарымын танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесеміз», деді ол.

«Спорт саласындағы үздік жетіс­тіктері үшін» сыйлығын қолар­бадағы биімен Азия және әлем чемпионы атанған шым­кенттік Ермек Қалымбетов иеленді. «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша мүгедек­тер арбасын тегін жөндейтін «Invakolyaski.kz» шеберханасын ашқан алматылық Дәурен Алканов марапатталды.

Астаналық Валентина Толма­чева «Мүгедектігі бар адамдарға қатыс­ты қоғамдық сананың оң өзге­руіне қосқан үлесі үшін» мара­патына ие болды. Ол ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған түрлі іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырады.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» аталымы бо­йынша Түркістан облысының тұрғыны Мейірхан Топанбай сый­лыққа лайық деп танылды. Ол – 10 тілді меңгеріп, 68 мың кі­тап оқыған адам. Теміртаулық Ар­ман Қарынсау «Мәдениет сала­сындағы үздік жетістіктері үшін» аталымы бойынша сыйлық иеленді. Ол бүгінде «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртісі.

Елорда тұрғыны Ильнар Айтня­ков «Күш-жігері және жеңіс­ке талпынысы үшін» аталы­мы­ның иегері атанды. Ол компьютер жөндеу шеберханасын ашып, қайырымдылықпен айналысып келеді. «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» марапатына Тараздан келген Анар Бексұлтанова лайық деп танылды. Ол тігін шеберханасын ашып, мүгедек әйелдерді оқытып, жұмысқа орналастырып жатыр.

Ал «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының арнайы ата­лымында астаналық Серік Жүзбай жеңіске жетті. Жаны жомарт азамат қайырымдылықпен айналысып, қараусыз қалған 100-ден астам баланы туған-туыс­тарымен табыстырып жүр. Зағип немесе көзі нашар көретін отандастарымызды қазақ, орыс, араб тілдеріне Брайль жүйесі бойынша оқыту жұмысын ұйымдастырды.

Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақша­лай сыйлыққа ие болды. Іс-шара отандық эстрада жұлдыз­дары өнер көрсеткен мерекелік концертпен аяқталды.