Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы аясында өткен Сыр елінің келешек брендіне айналатын жәдігерлер – «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және «Сығанақ ханшайымы» реконструкцияларының таныстырылымына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, мүсіндерді облыстық музейге табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz аймақ әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Сырдарияның бойында өмір сүрген сақ мәдениетінің жауһары – алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері бүгін музейге тапсырылды. Мүсіндер археолог-ғалымдардың ғылыми негіздемелеріне сәйкес жасалды», деген облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы желтоқсанның 8-9-ы күндері еліміздің бас шаһары – Астанада өтетін Қызылорда облысының өнер күндері аясында ұйымдастырылатын «Сыр өңірі – Түркі дүниесінің алтын бесігі» көрмесінде аталған алтындатқан мүсіндер елорда жұртшылығына таныстырылатынын атап өтті.
Мүсіндерді реконструкциялауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінген. Туындыларды археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов, Әзілхан Тәжекеевтер, реставратор Қырым Алтынбеков, Өзбекстан және Татарстан ғалымдары Айсұлу Жаппарбергенқызы, Людмила Макласовалар жасады.