• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Желтоқсан, 2023

Жүрек, қан қысымы ауруларына таптырмас ем. Зәйтүн майының пайдасы қандай?

366 рет
көрсетілді

Тамақтану саласындағы зерттеуші Мэри Флиннің айтуынша, әрбір жеміс пен көкөністің құрамында денсаулықты нығайтатын қосылыстар болғанымен, «фенол» деген ерекше пайдалы түрі зәйтүн майына ғана тән. Айрықша таза зәйтүн майының құрамындағы қоректік заттар көптеген ауруға, соның ішінде жүрек аурулары мен қант диабетіне пайдалы екені анықталды.

Мэри Флинн әлемде зәйтүн майының орнын баса алатын тағам не дәрі-дәрмек жоқ дейді.

Апельсин шырыны секілді, таза зәйтүн майы да жемістен бөлінген шырын. Дегенмен мұндай шырын сапа стандарттарына, мәселен, пайдалы қосылыстардың жойылғандығын білдіретін көгерген не бұзылған дәм мен иістің бар-жоғына тексеріледі.

«Зәйтүн майы – сапа стандарттары сенсорлық құрамдауыштарды қамтитын аздаған азық-түліктің бірі», дейді америкалық тағамтанушы ғалым Селина Уаң.

Негізгі азығы ұзақ уақыт бойы Жерорта теңізі тағамдары болған елдерде көптеген аурудың таралу деңгейі төмен болып келетіні анықталды. Сарапшылардың пікірінше, бұған басты себеп – айрықша таза зәйтүн майы.

Жүрек аурулары. Испанияда 12 000-нан астам адамды қамтыған он жылдық зерттеуде күн сайын бір жарым шай қасық айрықша таза зәйтүн майын тұтынатын адамдардың жүрек-қан тамырлары ауруынан өлу қаупі екі есе төмен екені анықталды. Бірақ зерттеушілер мұның «айрықша таза» май саналмайтын «тазартылған» зәйтүн майына қатысы жоқтығын атап өтті.

Айрықша таза зәйтүн майы әсіресе жүрек ауруының дамуына ықпал ететін жоғары қан қысымына қарсы таптырмас ем: жүргізілген зерттеуге сүйенсек, күніне екі ас қасықтан үш апта бойы зәйтүн майын қабылдаған қатысушылардың систолалық қан қысымы төмендеген.

«Қаншама адам тек зәйтүн майын көбірек тұтыну арқылы қан қысымына қарсы дәрі-дәрмектерді азайтып, тіпті олардан мүлдем бас тарта алар еді», дейді Мэри Флинн.

Сүт безі қатерлі ісігі. Испанияда зерттеу қатысушылары ретінде 4000 әйел кездейсоқ 3 топқа бөлініп, Жерорта теңізіне тән тамақтанудың үш түрінің бірін ұстанып жүрді: май мөлшері шектеулі диета, жаңғақ (пайдалы май түрі) қосылған диета және айрықша таза зәйтүн майы диетасы. Бес жылдық зерттеу барысында салыстырмалы түрде таза зәйтүн майын тұтынған әйелдерде сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткішінің төмендігі байқалды.

Басқа бір зерттеуде сүт безінің инвазивті қатерлі ісігімен ауыратын мыңнан астам испан әйел мен бұл ауруға шалдықпаған топтың тамақтану әдеттері салыстырылды. Нәтижесінде зерттеушілер ас қабылдау кезінде күнделікті екі ас қасық айрықша таза зәйтүн майын тұтыну ең тиімді қорғанысты қамтамасыз етеді деген қорытындыға келді.

Қант диабеті. Флиннің ғылыми еңбегінде жазылғандай, оннан астам кездейсоқ қатысушыларды қамтыған әртүрлі зерттеулер майдың қандағы глюкозаны төмендете алатынын растады. Кейбір зерттеушілердің ойынша, бұл инсулин бөлетін ұйқы безі жасушаларының зақымдануын зәйтүн майының әсерімен азайту арқылы жүзеге асырылады.

Когнитивті бұзылулар. Тышқандар мен орташа когнитивті бұзылулары бар адамдар қатысқан шағын клиникалық сынақтың қорытындысы бойынша,  айрықша таза зәйтүн майын тұтыну кейбір амилоидты түйіндақты тазартуға және когнитивті функцияны, яғни, есте сақта қабілетін жақсартуға атсалысатыны көрінді. Дегенмен сарапшылар әлі де кең ауқымды зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Салмақ тастау. Майдың мол калория беретін қасиетін ескерсек, бұл қарама-қайшы болып көрінуі мүмкін. Алайда өсімдік негізіндегі аз май диетасын ұстанған немесе күніне үш ас қасықтан астам айрықша таза зәйтүн майын ішіп жүрген ондаған кездейсоқ таңдалған әйелдің сегіз аптадан соң салмағының шамамен бес пайызын жоғалтуға бейім болғаны анықталды. Осы жоспарды жалғастыру ұсынылғанда, май ішіп жүргендердің көбі келісті. Зерттеудің жетекші авторы Флинн: «Диетағы ең қиыны әрі ең маңыздысы –  оны тұрақты ұстана білу», дейді.

Зәйтүн майын көбірек тұтынуға жалғыз себеп оның денсаулыққа пайдасы ғана емес. Жоғары сапалы, жақсы сақталған зәйтүн майының дәмі де тіл үйіреді. Алайда тағамтанушы ғалымдар зәйтүн майын мұқият таңдауға кеңес береді.

(National Geographic Qazaqstan журналынан қысқартылып алынды)