Науқасқа дер кезінде тиісті көмек көрсетілмесе, қайғылы жағдайға алып келуі әбден мүмкін. Әсіресе жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғанда немесе алғашқы көмек дәрігерлері келгенде науқастың жай-күйінен толық хабардар болса, нақты көмек көрсетуге болар еді. Дәл осы мақсатта С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 6-курс студенті Аружан Қалиханова «көмекші білезік» ойлап тапты.
Аружанның ойлап тапқан білезігі науқасқа жедел жәрдем көрсетуді одан да жеделтеде түседі. Өйткені білезікке адамдардың медициналық картасына қол жеткізуге болатын QR код орнатылады. Студент бірде оқыс жағдайға тап болғаннан кейін осы құрылғыны жасап шығаруды ойға алған. 2-курста оқып жүргенде болашақ дәрігер көшеде есінен танып қалған адамға қалай көмектесерін білмей абдырап қалғанын айтты. «Егерде сол мезетте науқастың денсаулығы туралы толық мәлімет болса, бұл алғашқы көмек көрсетуге септігін тигізер еді. Өйткені білезіктегі QR код арқылы оның нақты диогназын білуге болады», дейді ол.
Қоғамда кез келген сәтте көмекті қажет ететін науқастар баршылық. Әсіресе сол жандарға бұл құрылғы нағыз көмекші бола алады. Себебі дер кезінде көрсетілген көмек адамды тіпті ажалдан аман алып қалуы әбден мүмкін. Студент құнды жобасын жүзеге асырып қана қоймай кәсіпке де айналдыруды көздеп отыр.
– Жобамды стартап ретінде іске қосуды жоспарлап жатырмын. Өзім 1-курстан бастап стартаптар тақырыбына қатты қызығамын. Шынымды айтсам, менде үнемі әртүрлі бизнес-жобалар көп болатын, бірақ оларды қалай жүзеге асыру керегін білмейтінмін. Бірақ бірде университетте студенттерге өздерінің бизнес-жобаларын дамытуға көмектесетін ұйымға – Enactus-қа іріктеу жариялады. Осылайша, мен кәсіпкерлік туралы алғашқы білімімді алдым, – дейді Аружан Қалиханова.
Болашақ дәрігер білезікте көрсетілетін мәліметтерге DamuMed ақпараттық жүйесі арқылы қол жеткізбекші. Өйткені онда әрбір азаматтың медициналық картасы бар.
«Жедел жәрдем ес-түссіз жатқан адамнан денсаулығы туралы сұрай алмайды. Сондай кезде білезіктегі ақпарат ең құнды ақпарат болмақ. Егер дәрігерлер жолда кетіп бара жатқанда науқастың нақты немен ауыратынын білсе, олар дер кезінде көмектесе алады», дейді ол.
Медициналық картаға тек дәрігерлер қол жеткізе алады. Ол білезіктегі QR кодты сканерлеп, DamuMed есептік жазбасындағы медициналық тарихын, қан тобын, байланыс деректерін, фотосуреттерін, талдау нәтижелерін көре алады. Яғни білезік арқылы жедел жәрдем маңызды бастапқы ақпаратты ала алады. Сондай-ақ олар оқиға орнынан қоңырау шалған адамға дұрыс нұсқау береді. Студент қазір өнімді шығаруға дайындап жатыр.
– Мен алғашында IFMSA-ға өтініш бердім. Онда жобам мәліметтер базасына енгізіліп, көмек туралы ұсынысы бар сертификат жіберілді. Алайда бұл құжатпен қайда бару керектігін білмедім. Содан кейін жобам жүзеге асырылмай қалды. 6-курста Қазақ ұлттық медицина университетінде бизнес-инкубатор пайда болды. Соған қатысуға бел будым. Нәтижесінде, жоба бағдарламаның финалисті болды. Тәлімгерлермен бірге прототип жасап, бизнес-жоспар құрдық. University DemoDay-да (медициналық стартаптардың питчингі) жасаған баяндамамнан кейін Қазақ ұлттық медицина университетінің эндаумент-қоры білезікке қызығушылық танытты. Олар маркетинг және серіктестер табу жағынан көмектесті. Біз өнімді шығаруға дайындалып жатырмыз. DamuMed жобам туралы біледі, бірақ әлі ресми келісім берген жоқ. Бірақ оң жауап алу үшін не істеу керегін сұрайтын боламыз. Егер DamuMed интеграциясы сәтсіз болса, пайдаланушы өзі туралы медициналық ақпаратты енгізе алатын веб-сайт жасап шығарамыз. Қазір жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы қажет болатынын есептеп жатырмын әрі инвесторлар іздестірудемін. Біз өнімді емханаларға сатқымыз келеді. Сондай-ақ барлық тауар қор каталогында және Arumedix Instagram аккаунтында қол жетімді болады, – дейді Аружан.
Болашақ дәрігер кәсіби білімін кәсіпкерлікпен байланыстырып дамытқысы келетінін айтты. Ол медицина саласын саналы түрде таңдаған. Себебі 15 жасында әкесі жүрек ауруымен ауырған екен. «Әкем жүрегі ұстап, тіземе келіп құлағанда, қалай көмектесетінімді білмей тұрып қалдым. Бұл дәрменсіздік сезімін әлі ұмыта алмаймын. Осы жағдайдан кейін дәрігер болуға шешім қабылдадым. Мен адамдарға қалай да көмектескім келеді», дейді ол.
Аружан Қалиханова кәсіби мансабы жолында елге өз пайдасын тигізетін, отандық медицинаның дамуына үлес қосатын маман болғысы келетінін атап өтті. Оның қолға алған жобалары да осыған дәлел.
«Түркияда, Польшада тағылымдамадан өттім. Бертінге дейін Түркияға көшкім келетін. Өйткені онда медицина дамыған. Бірақ кейін өз елімізде қалғым келетінін түсіндім. Болашақта шетелдегі әріптестерімнен тәжірибе жинауға баратын да шығармын. Бірақ өз елімде жұмыс істеймін. Отаныма пайда әкелгім келеді», дейді Аружан.