• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 03 Желтоқсан, 2023

Еуропаны кезген әсіре оңшылдар елесі

147 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары Еуропада саяси қайраткерлерді алаң­дататын тағы бір мәселе пайда болды. Оңшыл бағыт­тағы партияларды қолдайтын тұрғындар саны артып келеді. Қарт құрлықтағы кейінгі сайлауларға қара­сақ, мұндай үрдіс анық байқалады. Әсіресе Германия, Франция секілді бетке ұстар елдерде оң­шыл­дар ықпалы басым.

Естеріңізде болса, өткен аптада Нидерландтағы сайлау туралы жазған едік. Қызғалдақты елдегі саяси науқанда оңшыл бағыттағы «Азаттық партиясы» (PVV) жеңіске жетті. Ал оның басшысы Герт Уилдерс иммиграцияға, ислам дініне және өз елінің Еуропалық одаққа мүше болуына қарсы талай мәрте пікір білдірген-тұғын. Сырт келбеті мен пікірінің ұқсастығына қарап, оны «голландиялық Трамп» атап кеткен.

Күтпеген жерден «Азаттық партиясының» Нидерландта көпшіліктің қолдауын иеленуі қарт құрлықты алаңдатты. Өйткені Қызғалдақты ел – мұндай үрдіс байқалған Еуропадағы тұңғыш мемлекет емес. Мәселен, Францияда оңшылдардың саны артып келе жатқаны кейінгі саяси бәсекелерден анық аңғарылады.

Былтыр Елисей сарайы ел президентін анықтаған. Сол кезде тізгінді ұстауға қазіргі Франция президенті Эммануэль Макрон мен «Ұлттық қозғалыс» партиясының жетекшісі Марин Ла Пен таласты. Э.Макронның солшыл бағыттағы бас­шы екені белгілі. Ал «Ұлттық қозғалыс» та, Марин ханым да оңшыл көзқарас ұстанатынын ашық айтады. Дауыс беру қорытындысына көз жүгіртсек, бірінші раундта оны электораттардың 23,15 пайызы қолдаған. Екінші кезеңде 41 пайыздан астам дауыс жинады.

Марин Ла Пен бірінші рет президент сайлауына қатысып отырған жоқ. Бұған дейінгі деректерге сүйенсек, оны қолдай­тын­дар саны жыл сайын артып отырғаны анық аңғарылады. Мысалы, 2017 жылы бірінші раундта бюллетеннің 21,3 па­йызы Марин ханымға бұйырды. Екінші раундта оған дауыс бергендер 33 пайыздан әрең асты. Ал 2012 жылы тіпті екінші кезеңге өте алмай қалды.

Бұл аз десеңіз, «Ұлттық қозғалыс» та парламенттік сайлауда біртіндеп жоғары өрлеп келеді. 2022 жылғы саяси бәсекеде оңшылдар 18,68 пайыз қолдау иеленіп, Ұлттық ассамблеядан 89 мандат иеленді. Яғни 2017 жылмен салыстырғанда 81 орынға артық.

Тағы бір айта кетерлігі, Франциядағы президент сайлауы алдында оңшыл эссеист, тележүргізуші Эрик Земмур талайды таңғалдырды. Ол исламға, иммиграцияға қарсы жиі пікір білдіреді. Тіпті бірде Э.Земмур аты-жөні Мұхаммед секілді «шетелдіктерге» Францияға кіруге тыйым салуға шақырған болатын. Сондай-ақ кейінгі бірнеше жыл ішінде өшпенділік пен нәсілдік зорлық-зомбылыққа шақырғаны үшін екі рет жауапқа тартылды.

Мына қызыққа назар аударыңыз. Эрик Земмур былтырғы саяси додада 7,07 пайыз қолдауға ие болды. Оған 2,4 миллион­нан аса адам дауыс берген. Демек Францияда оның пікірін жақ­тайтын, иммиграцияға қарсылық білдіретін осынша адам бар. Бұл – либералдарды алаңдататын үрдіс.

Германияда да әсіре оңшылдардың артып келе жатқаны байқалады. Қазіргі таңда осындай ұстанымдағы «Alternative for Germany» (AfD) партиясы Бундестагта 78 мандат иеленген. Аталған бірлестік 2013 жылы ғана құрылған еді. Содан бері әжептәуір жақтас жинап үлгерді. Бүгінде оның мүшелері 34 мыңға жетіп, тұрақты түрде өсіп келеді. Сондай-ақ AfD тоғыз депутатын Еуропалық парламентке үкілеп аттандырған. Партияның исламға, иммиграцияға қарсы екенін, неміс ұлтшылдығын жақтайтынын ескерсек, Алманиядағы ахуалдың да күрделене түскенін аңғару қиын емес.

Португалияда төрт жыл бұрын ғана құрылған әсіре оңшыл «Chega» партиясы да танымалдылыққа ие. Кейінгі жылдары оны қолдайтындар саны 13,5 пайызға дейін өсіпті. 2022 жылғы сайлауда «Chega»-ға 7,18 пайыз электорат дауыс берді. Нәтижесінде, партияға 12 мандат бұйырды. Соңғы сауалдамалар аталған бірлестіктің танымалдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Ал қазіргі таңда парламенттегі көпшілік мандатқа ие «Социалистік партияны» да, екінші орындағы «Социалистік-демократиялық партияны» да қолдайтындар қатары сиреп барады.

Италияда да әсіре оңшылдар басым. Былтыр елде парламент сайлауы өтті. Соның қорытындысы бойынша әсіре оңшыл бағыттағы «Fratelli d'Italia» партиясы жеңіске жетті. Ал бірлестік басшысы Джорджа Мелони премьер-министр лауазымын иеленді. Салыстырып қарасақ, «Fratelli d'Italia»-ға 2022 жылы парламенттегі 119 мандат бұйырды. Бұл 2018 жылғы саяси бәсекеден 87-ге көп. Өздеріңізге мәлім, Таяу Шығыс­тағы күрделі ахуалдан кейін босқындар Грекия мен Италия­ға ағылған еді. Мелони ханымның иммигранттарға қатысты көз­қарасы оның елдегі танымалдылығын күрт арттырды. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет Апеннин түбегінде әсіре оңшыл бағыттағы партия жеңіске жетті.

Польшада кейінгі бірнеше сайлау компаниясында Ярослав Качиньский басқаратын «Құқық және әділдік» (PiS) партиясы басымдық танытып келеді. Биылғы саяси бәсекеде олар 194 мандат иеленді. Ал 2019 жылы 187 депутатын сеймге сайлаған еді. Аталған партия депутаттары талай мәрте иммигранттарға қарсы екенін ашық айтқаны есімізде. Сарапшылар «Құқық және әділдікті» оңшыл бағыттағы партия санайды.

Еуропадағы оңшыл немесе әсіре оңшыл ұлтшыл партиялар мұнымен бітпек емес. Швейцариядағы «Швейцария Халық партиясы» және Италиядағы «Лега», Мажарстандағы «Фидес» партиялары осындай көзқарас ұстанған. «Швейцария Халық партиясы» биылғы сайлауда жеңіске жетіп, қазіргі таңда Үкі­метті басқарып отыр.

Сондай-ақ Финляндиядағы «Фин партиясы», Швецияда «Швед демократтары» және Сербияда «Біріккен Сербия» партиялары да елде басымдыққа ие. Солтүстік Македониядағы екі негізгі партияның бірі – VMRO-DPMNE да оңшыл көзқараста саналады.

Қорыта айтқанда, Еуропада оңшылдар мен әсіре оңшыл­дар­ды қолдайтындар қатары көбейіп келеді. Қарт құрлықты оңшылдар елесі кезіп жүр деп айтуға толық негіз бар. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса ма, әлде солшылдар басымдықты қайта қолына ала ма, оны уақыт көрсетеді.