Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жыр-дастаны «Елім-айдың» 300 жылдығына, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» кітабының тұсаукесеріне орай іс-шара өтті. Жиынды ұйымдастырған – қалалық әкімдік пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры.
Конференция модераторы болған қор төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев.
Модератордың айтуынша, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырауды зерттеуге, дәріптеуге академик Манаш Қозыбаев себепкер болған. Ғалым 2000 жылдың басында жыраудың туған жері Солтүстік Қазақстан облысында үлкен ғылыми конференция өткізеді. Сол жиынға Б.Тұрғараев та қатысып, өзіне құпия болған тарихтың жаңа беттерін ашады. Сөйтіп, қызығушылығы артып, бабамыздың дастанын өзі де зерттеуге кірісіп, 2010 жылы Солтүстік Қазақстан жерінде үлкен конференция ұйымдастырады.
Қор төрағасы жиналған жұртқа «Елім-ай» дастанын оқуға кеңес берді. Онда қазақтың ауыр тағдыры, шынайы тарихы жатқанын айтты. Сонымен бірге осынша уақыт «Елім-айдың» халық арасында кең насихатталмай келуі кеңестік заманның идеологиясына байланысты деді. Осы ретте ол тәуелсіздіктің берген ең басты жемісі бабалар мұрасын тірілтіп, өткен тарихты зерттеуге мүмкіндік алғанымыз, рухани жаңғыруға бет бұрғанымыз екенін баяндады. Ардагер заңгердің айтуынша, сол заманда қазақтың жеріне көз алартқан Қытай мен Ресей империясы жоңғарларды қазақтарға айдап салып, оларға қару-жарақпен әскери көмек беріп, қолтықтарына су бүркіп отырған. Міне, сондықтан да осыдан сабақ алып, әрдайым жерді, елді қорғауға дайын жүруіміз керек. Тарих бізге осыны ұқтырады, деді қор төрағасы. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «біздің тарих терең тарих, бірақ оқулығы жұп-жұқа» деген әйгілі сөзін қайта еске түсіріп, осының бәріне кеңестік цензураның кінәлі екенін айтып, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан тарихының жаңа жеті томдығы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов арғы-бергі тарихқа шолу жасап, қазақ пен жоңғар арасындағы жүзжылдықтарға созылған соғыстар жайында біраз жайтты аңғартты.
«Жоңғарлардың шабуылы шынымен де қазаққа ауыр соққы боп тиді. Оны мына деректен білуге болады.1690 жылға дейін жоңғарлар Жетісу, Түркістан, Сырдария аймақтарын түгел жаулап алды. Қожаберген тек жырау емес, саяси қайраткер болған. Ол сол дәуірдің өзінде қазақтарды жоңғарға қырғызған орыстардың арам пиғылын, бекіністер салып, қазақтың жерін басып алуды көздеген қитұрқы саясатын байқай білді. 1413 жылы құрылған Жоңғар мемлекеті 1758 жылға дейін өмір сүрді. Оны басқарған бір әулет болды. Қалдан-Сереннің тұсында қазақ жүз жылдай жоңғармен тату тұрды. Бірақ қонтайшының өлімінен соң жоңғар империясы да біржолата тарих бетінен мәңгіге жоғалды. Жоңғарларды 14 билеуші басқарған. Осынау ат ауыздығымен су ішкен тар заманның тарихы түгел «Елім-ай» дастанында жырланып өткен. Қаншама шайқас өлең сөзбен бейнеленген. Оның ішінде Түркістан үшін болған шайқас пен қазақтардың жеңіске жетуі, ұлы жеңіс тойын тойлауы бар. Сол тойда тарихта есімдері қалған даңқты билер мен батырлардың болуы дастанда көрініс тапқан. Тәуке ханның тұсында Түркістан қаласын 80 мың атты әскер жаудан қорғаған. «Елім-ай» дастаны – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасының көркем энциклопедиясы. Мемлекеттің төрт тірегі болса: аумағы, әскері, тілі, дәстүрі. Осы төрт ұлы ұғым да «Елім-ай» дастанында көркем суреттелген», деді ғалым.
Конференцияда ақын Иран Ғайып та жыр мүшәйрасына арнап жазған «Елім-ай» дастаны туралы өлеңін оқып берді. Сондай-ақ ол қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген, «Елім-айды», Қожаберген жыраудың есімін қайта жаңғыртқан Бекет Тұрғараевқа зор ықыласын білдірді.
Ғылыми іс-шарада баяндама жасаған сот жүйесінің ардагері Өміртай Қалықұлов «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауының ішкі сырына үңіліп, әр сөздің мағынасын ашып көрсетуге тырысты. Соның ішінде Алқакөл деген жердің, шын мәнінде, бар екенін атап өтті. Ол Түркістан облысының Келес ауданында орналасқан. Бұл жерде кезінде үлкен көл болғанға ұқсайды. Ол расымен де алқаға ұқсас пішінде болған. Алайда бір кездері Өзбекстанға қараған аумақтағы көл Сырдария суының азаюымен тартылып кеткен. Алқакөлді осы күнге дейін қазақ халқының білмей келуі оның ұзақ жыл көрші елдің иелігінде болғанына байланысты деп ойын түйіндеді. Ал ардагер журналист Захардин Қыстаубаев бұған мүлдем кереағар пікір айтып, Алқакөл деген ішкі жан дүниеге байланысты ұғым. Түйелер де ұзақ көштің кезінде шаршап құлайтын болған. Сол секілді қазақ халқы да жоңғардан жаяу-жалпылап қашып, іштей өзін болдырған кезде сұлаған деген тұжырым білдірді.
Кәсіпкер Нұркен Асанов жаугершілік замандағы «елімайлаған» қазақ бүгінде тоқшылық уақытта да рухани жұтап «Елім-ай» деуге шара қалдырмай бара жатыр деді. Сондықтан кәсіпкер отбасылық тәрбиеге баса көңіл бөлуге шақырды. Өз кезегінде кәсіпкер қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жариялаған келесі жылдың мамыр айында шаһарда оқушылар арасында ұйымдастырылатын ауқымды іс-шара – «Абай оқуларына» демеушілік жасауға көпшілік алдында уәдесін берді.
ШЫМКЕНТ