• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 04 Желтоқсан, 2023

Берел аруы

249 рет
көрсетілді

Отандық археологтер 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы аумағында орналасқан Бұқтырма өзені алқабындағы Берел қорымынан тәні қима таған астау табытқа салып жерленген әйелдің мүрдесін тапқан еді.

Мамандар ж.с.д. IV–III ға­сыр­ға тән деп баға берген сақ патшайымының реконструк­ция­ланған бейнесі қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. «Қайта қалпына келтірілген сақ патшайымының әшекейлі киіміне қарап, сонау ғасырда-ақ мәдениетіміздің дамығандығын тағы бір аңғаруға болады», дейді мамандар.

Бұл жәдігерді тапқан танымал археолог Зейнолла Сама­шев: «Ежелгі көшпелілер көсем­дерін жерлеуде табиғаты ғажап мұндай өңірді таңдауы тегін емес. Обалар орналасқан ау­мақ орманмен көмкеріліп, биік тау­лар­мен қоршалған. Қорым үс­ті­нен қарағанда эллипс тәріз­дес төрт обалар тізбегінен тұра­ды. Әрбір тізбекте доминат оба бар», дейді.

Қазіргі таңда обалар тізбе­гін­­­дегі 40-тан астам нысанға зерт­­теу жасалды. Жұмыс әлі аяқ­­талған жоқ. Осы аралықта ар­хео­логтер көшпелілер қолға үй­ре­тіп, иесімен бірге жерленген толық жарақты жылқыларды тап­ты. Оның сыртында ең үлкен жаңа­лық – 5-қорғаннан бұдан 2300 жыл бұрын өмір сүрген жоға­рыдағы алтын киімді 14-16 жа­­­с­тағы қыз баланың мүрде­сі­нің табылуы.

Қызбен бірге екі жылқы жерленген, қасына үлкен-кіші қос құмыра қойылған, оның қасында алтын сапты ырым пышақ бар. Қыздың сүйектерінде тері-мата қал­дықтары сақталған. Атап айт­қанда, жас қыздың басында қызыл матамен әдіп­телген биік сәукелесінің ұшына бұғы мүсінді титул қондырылса, қарқараның өнбойы жапырақты алтын әше­кейлермен бәдізделген. Үстіне киген жұмсақ тері жар­ғағының қос өңірі шаршы алтын бұйымдармен көмкеріліп, аяғына сырты жүнді терімен қапталған қысқа қоныш, басы алтын оюлы етік кигізілген.

Сондай-ақ қазба жұмысы кезінде табылған бұйымдардың ішінде ағаштан ойылып, алтын жалатылған тау ешкілердің мүсін­де­рі, жыртқыш құс стилін­дегі ою-өрнектер мен фантастикалық полиморфті қанатты тіршілік иелері, түрлі өрнекті пластина­лар­ мен жапсырмалар бар. Бұғылардың барыспен айқасқа түскен көрі­ністері бейнеленген үлкен тікбұрышты пластиналар да ерекше көзге түседі.

«Қорғанның тоналып кет­ке­ніне қарамастан, сақ пат­ша­йымның киім үлгісін суретші Қалиолла Ахметжан жасап шық­ты. Конус тәрізді тәждің шірінділеріне қарап, сақтың шошақ бөрігін анықтады. Бұны кәдімгі қазақтың сәукелесі десе де болады. Ал табыл­ған әшекейлер археологтер­дің болжамы бойынша бас киімге жабыстырылған екен. Ортаңғы бір таутекенің басы екі денеге бекітілген. Қазба жұмыстары кезінде белгілі болғандай, ­тау­­­теке ағаштан ойылып, бетіне ал­тын жалатылған», дейді өлке­­­­танушы-тарихшы Альфия Бақбаева.