Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Түркістан облысы білім беру саласының қызметкерлері 3 млрд теңге шамасындағы қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі таңда білім мекемелеріндегі жүйелі жемқорлықты анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық схемалар ашылған болатын. Енді Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметтері бойынша күдікті адамдар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін әлдекімдердің шоттарына жалақы аудару және мектеп қызметкерлеріне тиісті межеден жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге жымқырған. Осы істер бойынша қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 4-і қамауға алынды.
Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды.
Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.
Бұған қоса Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында екі жарым жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын айта кетейік. Қылмыстық топқа жалпы саны 13 адам кірген. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.