Жезөкшелік – қоғамның дерті. Өкінішке қарай құқық қорғау органдары тарапынан бұған қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп жатса да, жаман кәсіпті нәсіпке айналдырғандар айылын жияр емес.
182 бойжеткен есепте тұр
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, таяу күндері шымкенттік полицейлер жезөкшелік қызмет көрсеткен үш притонды жапқан. 31 жастағы әйел притон ұйымдастыру үшін 3 пәтерді ұзақ мерзімге жалға алып, интимдік қызмет көрсететін 10 қызды ұстаған. Сорақысы, оның біреуі кәмелеттік жасқа да толмаған. Тәнін сатқандар – Шымкент, Тараз, Алматы, Қостанай қалаларының тұрғындары.
Жеңгетайлық жасады деп күдікке ілінген әйелдің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында ірі мөлшерде мефедрон есірткі заты тәркіленді. Осы деректерге қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) мен 296-бабы 3-бөлігі (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті әйел қамауға алынды.
Дәл осындай әйел адам Абай облысында да полиция қызметкерлерінің құрығынан құтылмады. Polisia.kz сайты таратқан мәліметке қарағанда, жыл басынан бері Абай облысының жедел қызметкерлері жезөкшелік қызмет көрсеткен 6 саунаны жауып, 5 әйелді 2 жылға шартты түрде соттаған. Сондай-ақ осы жылы тәнін сатып пайда тауып келген 44 әйел жедел есепке алынды. Бүгінде Абай облысы бойынша жалпы саны 182 әйел есепте тұр.
Ал Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Арыс қаласы сауналарының бірінен жеңгетайлықпен айналысты деген күдікке ілінген 50 жас шамасындағы әйелді ұстаған. Оның қарамағында еліміздің 4, Өзбекстан Республикасының бір азаматы бар болып шықты. Олардың қандай «кәсіппен» айналысқаны айтпаса да түсінікті...
Аты – массаж салоны, заты – басқа...
Қарағанды облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс орталығында үш массаж салонының заңсыз қызметін анықтап, жолын кесті. Олардың атауы массаж салоны болғанымен, шын мәнінде клиенттерге интимдік қызмет көрсеткен.
Учаскеге жалпы саны 16 адам жеткізіліп, 5 адамға, яғни салон иелері мен әкімшілеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі анықталды. Бұған қоса, жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайларды ұсынған адамдарға қатысты үш әкімшілік материал жасалды. Мұндай құқық бұзушылық 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға әкеп соғады.
– Интимдік қызмет көрсететін адамдарды анықтау және ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Өткізілетін іс-шаралардың мақсаты – жезөкшелікпен, басқа да оған ілеспе құқық бұзушылықтармен айналысуға тарту фактілерін анықтау. Азаматтарымызды жезөкшелікпен және басқа да қылмыстармен байланысты кез келген күдікті әрекеттер туралы байқап жатса, полицияға хабарлап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша уақтылы алдын алу шараларын қабылдауға шақырамыз, – дейді облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері.
Жезөкшелердің бірі – транссексуал...
Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында интимдік қызмет көрсететін саунаны анықтады. Ол жерде Шымкент қаласы Алматы және Жамбыл облыстарынан келген 8 адам клиенттер «көңілі» үшін жұмыс істеген. Сауна әкімшісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тәртіп сақшыларының назарына іліккен жезөкшелердің бірі – Тәжікстан Республикасының 26 жастағы транссексуал азаматы. Ол интернет желісі арқылы интимдік қызмет көрсету үшін тапсырыс қабылдаған. Елімізге қараша айында келген шетелдік азаматқа қатысты елден шығару жөнінде іс-құжаттар көші-қон басқармасына тапсырылды. Барлық анықталған адамдар жезөкшелікпен айналысатындар есебіне тіркелді.
Маңғыстау облысында жүргізілген республикалық «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аясында «Kyzdar.net» сайтына мониторинг жасаған ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалдамалы пәтерлерде жезөкшелікпен айналысқан 35 қыз-келіншекті анықтап, арнайы есепке қойды. Оның ішінде үш әйел арнайы қабылдау-тарату орталығына орналастырылды.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерді тексеру кезінде жаңа туған сәбилерді сату секілді адам саудасымен айналысқан 42 жастағы күдікті азамат ұсталды. Оның тұрғылықты мекенжайын тінту нәтижесінде есірткіге ұқсас затты сақтағаны анықталып отыр.
Қазіргі таңда ІІМ-нің аумақтық бөліністері ел көлемінде жаппай рейдтер жүргізіп жатыр. Соның аясында күтпеген оқиғалар да кездесті. Мәселен, таяу күндері Түркістан облысында 18 жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздеуде жүрген әйел Атырау облысынан табылған. Сөйтсе ол 16 жасында ата-анасымен ұрсысып, 2005 жылы үйінен кетіп қалыпты. Содан түрлі қалаларда тұрған. Алматы және Шымкент қалаларында тазалаушы болып жұмыс істеген. Ал бірнеше күн бұрын Құлсары қаласына келген. Аталған дерек бойынша Түркістан облысының полиция департаментіне дереу хабар беріп, азамат туыстарымен байланысқа шықты. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ әйел қазіргі таңда полиция бақылауында. Оны туыстарына жіберу үшін тиісті шаралар қабылданып, құқықтық кеңес берілді.