Елордада «Инновацияларды ынталандыру» тақырыбында денсаулық сақтау саласындағы жас көшбасшылардың бірінші республикалық форумы өтті. Форумға 500-ден аса қонақ жиналды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник форумның Астана медицина университетінің базасында өтуі кездейсоқ емес екенін айтты. Иә, расында, озық ойлы, қарымды жастар легі елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытатын қозғаушы күш саналады. Медицина саласына кеше келген мамандар ертең медициналық ғылыми орталықтар мен ұйымдарды басқарады. Пациент қабылдап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға күш салады. Вячеслав Дудник саланың үздігі атануды көздеген жастарға сапалы білім алып, үнемі тәжірибе шыңдап отыруға кеңес берді.
ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге форумға онлайн қосылып, құттықтау сөз сөйледі.
– Астана медицина университетінде жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатысуымен маңызды іс-шаралар өтіп тұрады. Біз осыған қуаныштымыз. Себебі салада кадр даярлау ісі ұдайы жаңарып, жаһандық үдерістерге орайластыруға тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы жас көшбасшылардың форумы – ДДҰ қолдайтын «Жастарды жаһандық жұмылдыру» қозғалысына қосуға болатын тағы бір іс-шара, –деді Х.Клюге.
ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла елдегі 30 жасқа дейінгі халықтың үлесі ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі ең жоғары үлестің бірі екенін, әрбір екінші адам 30 жасқа толмағанын атап өтті. Ол елімізге қоғамдық денсаулық сақтаудағы инновациялар керек екенін еске салды. Бұған қоса ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы жастарды тыңдауға әрі олармен өзара байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді. Көп ұзамай Скендер Сыла Астанада өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияны ұйымдастыруға көмек көрсеткен Астана медицина университетінің студенттеріне алғысхат табыстады. Ол сөзін түйіндей келе, форумның саладағы жас көшбасшылар үшін өзекті мәселелерді талқылап, инновациялық шешімдер ұсынатын орынға айналатынына сенім білдірді.
Форумда «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжин жастарды әр кез белсенді әрі саланың шыңдалған кәсіби маманы болуға шақырды. Ізінше Денсаулық сақтау саласындағы жас көшбасшылар қауымдастығы төрағасы, Астана медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Меруерт Газалиева «Денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырудағы жас көшбасшылар қауымдастығын ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыбында баяндама оқыды. Ал панельдік пікірталастар мен сессиялар барысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті тақырыптар, озық тәжірибелер талқыланды. Соның ішінде денсаулық сақтаудағы цифрландыру мен SMART- технологияларға ерекше назар аударылды. Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы жас көшбасшылар қауымдастығы тәжірибелі мамандармен ашық пікірлесті. Бұл қадам келешекте инновациялық идеяларды жүзеге асыруға ынталандыру болады деп сенейік.