Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан VI жазғы Спартакиада өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын айтулы дода үш күнге ұласып, 179 спортшы өз әлеуетін сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спартакиада сайысына жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Смайыл Дүйсебай, Рио, Токио Олимпиадаларының қатысушысы Руслан Жапаров, жазғы Универсиада ойындарының чемпионы Рита Бакишева сынды үздіктер де қатысып күшін бағамдады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттаған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев финалдық айқастың тартысты өткенін айтты.
«Өңірлерден келген спорт шеберлері өзара күш сынасып, жанкүйерлерге өз шеберлігін паш етті. Жарыс барысында төрешілер әділ жұмыс істегенін, ал ел спартакиадасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Спортшыларымызды жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Ендігі кезекте намысты қолдан бермей, әлемдік сайыста үздіктер қатарынан көрінуіне тілектеспін», деді министр.