Әдебиетке зор дайындықпен келіп, 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме секілді мол мұра қалдырған қабырғалы қаламгер Дүкенбай Досжанның шығармаларын оқығанда оның үш ерекшелігі бар екенін байқадық. Біріншісі – бұрын әдебиетте сирек көтерілген құм тағдыры, кісінің еңсесін езіп, иығын басқан ауыр бейнеті сөз болады. Екіншісі – табиғат пен адам мінезінің экологиясы – адам жан дүниесінің табиғи ортамен қосыла жұтауы, табиғаттан бірте-бірте кіндігі ажырап бара жатқаны егіз өріледі. Үшіншісі – жиі қалам тартылмаған мистикалық сарынға, магиялық меңзеуге еркін бойлап, ой мен оқиғаның көркемдік тінін тауып, философиядан өрмек тоқиды.
Әдебиеттің эталоны тіл деп санасақ, жазушының кез келген шығармасы айшықты көркем тілмен көмкерілген. Таңғы самалдай есіп жаныңа жел боп тиіп лықси төгіледі. Баяғы Төлеген Момбековтің шертпе күйінің әсеріндей айтып болмас қоңыр мұңға шомасыз. Көненің сазды сарыны секілді құлаққа жететін аса ойлы, бояуы қанық, мазмұны терең хикаяты мен әңгімелері қандай!
Жазушы «Жазмыштың жазуы» атты естелігінде: «Тұнжыраған, мұңайған кісіні көрсем сыр тартып жан әлеміне үңілгім келеді», деп жазады. Осы сөзді оқығанда көз алдыма қаламгердің өз бейнесі келеді. Ол кісі үнемі тұнжырап, өз ішіне өзі үңіліп, томаға-тұйық, ойлы кейіпте жүретін. Пікірін тереңнен толғап, бейнелеп айтатын. Көп шешіле де бермейді, көп сыры бүркеулі ме деп қаласыз. Өмірден көрген-түйгені, тоқығаны теңіз. Бар арманы – көкейінде қоздаған суретті ақ қағазға түсірсем дейтін. Жазудан бас алған емес. Қашан көрсең қағазға, кітапқа еңсесін салып үңіліп отыратын еді.
Мақала тақырыбына жанкешті сөзін қойғанда жазушының көп жазғаны, я болмаса көп кітап шығарғаны есеп емес. Кітапты кім шығармай жатыр, кім елдің көзіне түспей жатыр. Жанкешті сөзін – алпыс жылға жуық көркем сөздің соңына шам алып түскен ұзына бойғы уақыт ішінде қаламгердің шығармашылық мінезіне байлап бергеніміз.
Шындығы солай. Сөзден сөйлем, сөйлемнен силлогизм, силлогизмнен пайымды індете іздеп, сөздің жанын тірілтіп, көркемдіктен кемпірқосақ құрып, өрмек тоқу… сол өрмекті жүрегінде тербету төзімсіздің жігерін жүн етер еді, төзімдіні қайрай түсіп, қиынға салып, ақыр соңында шеберлік әлемінің асқар Алатауына алып шығады. Осыншалық ақ тер, көк тер бейнеттен бойын тартпаған суреткердің мінезі – көз алдымызға жанын аямаған жанкештілікті елестетеді. Шығарымпаздық жанкештілік дегеніміз осы болар.
Кейіпкер хикметін автордың өз хикметім деп сезінуі де ғажап. Адам жан сарайының рентгеніне айналуы бар. Хатқа түскен образдың тіршілік кебімен өмір сүріп, тынысымен тыныстап, күйінішімен күйініп, сүйінішімен сүйініп, ой-пікірімен мидай араласып кетуі оп-оңай. Кейіпкердің өмірімен өмір сүрудің өзі – өзгеше тарап әңгіме.
Жанкештілік ең әуелі сөз ұстартуда, тірі сөздің жүрек бүлкілін, жан тебіренісін тап басып тануда жатыр деп ойлайсыз. Сосынғы жанкештілік саусағын сүйел еткенше, көз майын тауысқанша, қалам мен қағаздан бойын тартпай, оқу, ізденудің жолына түсіп, баяғыдан көпке таныс кейіпкердің жан әлемін өзінің жан әлемімен қабыстыра, жаптастыра тіршілік кешуінде ме деп қаласыз. Жазушының қалыбы шаш етек шаруадан қолы босамай, біразырақ бос мойын жүріп қалса, жаза алмай кетсе, екі қолы алдына сыймайды екен. Барынша кірпияз, ашушаң, шамарқанғыш кепке түсіп, аяқ астынан түлен түртіп жүреді. Жын иектеген бақсыға ұқсайды. Кеңқолтық, бауырмал, ірі сөйлеп, ірі турайтын мінезінен аяқ астынан көз жазып қалады.
Қаламгер бір сұхбатында «Басым отта тұрған қазан секілді жазбасам, оқымасам үйге сыймай кетемін» дегені де оның сол бір жанкештілік жазу бейнетіне белшесінен батқан мінезінен хабар бергендей. Жазушылыққа жанкешті қасиет өте қажет екені рас. Джек Лондон «Күніне екі мың жол жазамын» деп өзін-өзі орындыққа байлап қоятын болған. Лев Толстой қалам мен қағазға шұқшиған кезде көзіне дүние шыркөбелек дөңгеленіп, жанарына жазудан өзге түк көрінбей кетеді екен. Жазушы Дүкенбай Досжанның да жазудағы жанкештілігін осы алыптар қатарынан көреміз.