Спортсүйер қауымның есінде болса, жақында ғана Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде таулы өңірдің түлегі Толғанай Қасымхан топ жарып, Азия чемпионы атанған еді. Бұл қуанышты хабарды естіген ел-жұрт боксшы қызды зор құрметпен күтіп алып, артынша тілеуін тілеп жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына шығарып салды. Әлем біріншілігінде де былғары қолғап шебері Толғанайға төтеп берер қарсылас табылмады.
Арменияның астанасы Ереван қаласында Толғанай Қасымхан әлем чемпионы атанып, көк туымызды көкке көтеріп, еліміздің мерейін үстем етті.
Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын былғары қолғап шебері Толғанай Болатқызы 2007 жылы 16 шілдеде Райымбек ауданы Нарынқол ауылында Ақыновтар әулетінде дүниеге келген. Ата-анасы Болат Ақынов пен Жазира Сәлімжанова 5 баланы дүниеге әкелген. Көпбалалы отбасында өсіп келе жатқан жас боксшы қыз қазіргі таңда Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияның 11-сыныбында оқиды. Мектептегі үлгерімі де өте жақсы. Қоғамдық іс-шаралар мен спорт үйірмелеріне белсене араласады. «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың бірі.
Аядай ауылдың ғана емес, есімі елімізге таныла бастаған Толғанай бала жастан спортпен шұғылданады. Бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, бокстан Райымбек ауданының 4 дүркін, Алматы облысының 5 дүркін жеңімпазы атанған. Спорт саңлағы Е.Ибраимовтың құрметіне арналған халықаралық турнирде 3-орынды иеленген. Д.Смағұловтың жүлдесіне арналған республикалық турнирде 1-орыннан көрініп, «Жылдың ең үздік боксшысы» кубогін жеңіп алуы да балғын боксшының болашағынан мол үміт күттірген еді. Жалаңтөс баһадүрді еске алуға арналған республикалық турнирде 2-орынға табан тіреді. Қостанай қаласының ашық чемпионатында жүлделі 1-орыннан бой көрсетті. Сондай-ақ Д.Смағұловтың жүлдесіне арналған Азия чемпионатына іріктеуден 1-орынды қанжылаған. Бірнеше республикалық, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған Толғанай енді міне, әлем чемпионы атанып отыр. Бұл жеңістердің артында маңдай тер мен қажыр-қайрат, табанды еңбек тұрғаны түсінікті.
Армениядағы ақтық сында Толғанай ресейлік Кира Леонованы 3:2 есебімен жеңді. Қарсыласын З-раундта нокдаунға жіберіп, күшінің басым екенін дәлелдеді.
Әлем чемпионы Райымбек аудандық «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білікті бапкер Ізбасар Қалқаманнан тәлім алады. Шәкірттің жеңіске жетуіне бапкердің қосқан үлесі орасан зор.
Шекара шебінде орналасқан Нарынқол аулынан әлем чемпионы шыққанына аудан халқы дән риза. Білекті де жүректі Толғанайға алдағы уақытта да жеңіс тілейміз.
Алматы облысы