• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сараптама 06 Желтоқсан, 2023

Цифрлық үдерістің әл-ауқатқа әсері

251 рет
көрсетілді

Орталығы Вашингтонда орналасқан әлемдік «Pew Research Center» зерттеу орталығы таяуда цифрлық өмірдің адамзат баласына әсері туралы зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялады. Орталық жүргізген зерттеуге қатысқан респонденттердің жартысына жуығы цифрлық өмірдің адамға оң ықпалынан гөрі алдағы уақытта теріс жақтары басым болатынына бірауыздан келіскен.

Олардың айтуынша, бар­лық технологиялық революция сияқты цифрлық өмірдің қараңғы жағын адамзат баласы болашақта айқын сезіне бастайды. Респонденттердің шамамен үштен бірі алдағы онжылдықта әл-ауқаттың зияны жағымды жақтардан басым болады деп болжап отыр. Сонымен қатар зерттеу­ге қатысқандардың арасында цифрлық өмірдің зияны болашақта адамдардың әл-ауқатына қатты ықпал етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіргендер де көп болған.

Адамдардың танымдық қабілеттері түрлі сынақтар­ға ұшырайды, соның ішінде олардың сыни ойлау, есте сақтау, зейін қою, шығарма­шы­­лығы, рефлексия және пси­­хи­калық тұрақтылық қабі­леті біршама әлсіреуі әбден мүмкін. Бірқатар респондент адамдардың таным­дық қабілеттері олардың жұ­мы­сына кері әсер ететі­нін, өзгеріс­терге ұшырайты­нын айтқан. Бұл кемшіліктер көбіне цифрлық өмірдің қай­на­ған ортасында тіршілік ете­тін­­дерде жиі кездеседі. Өйт­кені олар интернетке тұрақ­ты түрде қосылуды әдет­ке ай­нал­дырып алған.

Бірқатар респондент цифр­лық өмір жан-жақты дамып келе жатқандықтан бұл үрдіс кей адамдардың өзін өзі еркін сезінуіне, басқаларды түсінуіне және түрлі институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді деген сенімде.

Зерттеуге қатысқан адам­дар­дың шамамен 47 пайызы цифрлық өмір, ІТ техноло­гия жалпы халықтың әл-ауқатына зиян келтіруден гөрі көмектесетінін алға тартады. Алайда респонденттердің 32 пайызы оның әл-ауқатқа көмектескеннен гөрі зияны көбірек тиеді деген пікірде. Ал зерттеу орталығының сауалдамасына қатысқандардың 21 пайызы мұндай өмір сүру салтынан адамдардың әл-ауқаты айтарлықтай өзгермейті­нін айтқан. Cондай-ақ зерттеу барысында респонденттер цифрлық өмірдің өз әл-ауқатын, отбасының немесе достарының әл-ауқатын қалай өзгергерткені туралы ой-пікірімен бөліскен.

Цифрлық дәуірде туындайтын мәселелер өмірдің түрлі аспектісіне, соның ішінде отбасы динамикасына, әлеуметтік өзгерістерге және жеке тәжі­ри­беге әсер етеді. Қазір 10 жастан асқан балалардың 50 па­йыз­дан астамы «Instagram», «Snapchat» немесе «Minecraft» секілді әлеуметтік желілерді қолданады. Бұл – бесіктен белі шықпаған баланың өзі интернетке тәуелді деген сөз. Сондай-ақ жастардың жазу дағдысы да жыл сайын төмендеп барады. Себебі олар жазу кезінде құрмалас сөйлемдерден гөрі қысқартылған сөздерді немесе белгілерді таңдайды.

Технологияның бала тәр­биесіне әсері зор. Ата-ана мен бала, мектеп пен бала, қо­ғам мен бала арасындағы са­ла­матты қарым-қатынасты тәр­биелеуде оның ықпалы ба­сым болып тұрғаны да белгілі. Сондықтан да бала­ларды цифрлық құрыл­ғылар­мен ерте таныстыру және олардың дамуына ұзақ­мер­зімді әсер етуі туралы алаңдау­шылық өзекті мәселе болып қала бермек. Сонымен қатар цифр­лық қосымшалар мен құрыл­ғылардың кең таралуы жас­тар арасында ашушаң­дықты, стресті күшей­теді. Ақ пен қара­ны ажырату, қоғам өмі­рі­не қатысу қабілетін төмен­детеді.

Адамдар сандық құрал­дарды күнделікті мәселелерді шешу, өмірлерін жақсарту және еңбек өнім­ділігін арттыру үшін пайдаланады. Болашақта цифрлық өмірде халықтың одан да жақсы өмір сүруіне көмектесетін жаңа жетіс­тіктер пайда болады деп жос­парланып отыр. Қазіргі таңда цифрлық технологияның адамдардың әл-ауқатына, олар­­дың стресс деңгейіне, жұмыс­­та және әлеуметтік ортада жұмыс істеу қабілетіне, зейі­нін шоғырландыруға, қоғам­дық белсенділігін артты­руға, жалпы жеке және отба­сылық бақытына әсері тура­лы көптеген зерттеу жүргі­зі­ліп жатыр. Алайда бізді осы зерттеулердің соңғы нәтиже­лері қатты алаңдатады.

 

Арна ДҮЙСЕНОВА,

Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер

орталығының сарапшысы