• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Желтоқсан, 2023

Машина жасау: Кешенді жоспарды іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды

138 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевпен кездесуінде саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын жүзеге асырудың негізгі бағыттары талқыланды. Үкімет басшысы саладағы өндірістің өсу қарқынына оң баға бере отырып, қабылданған құжаттың маңыздылығын атап өтті, айтуынша, Кешенді жоспарды жүзеге асыру машина жасау саласын ғана емес, тұтастай алғанда еліміздің өңдеуші өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді, деп жазады Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кешенді жоспар 7 бағыт бойынша 79 іс-шарадан тұрады. Жоспардың орындалуы 2028 жылға қарай ЖҚҚ-ның (жалпы қосылған құн) 4,5 есе, НКИ-дің (нақты көлем индексі) 2,2 есе, экспорт көлемінің 3 есе, инвестиция көлемінің 1,5 есеге өсімін қамтамасыз етеді.

«Кешенді жоспарды жүзеге асыру бүгінгі таңдағы басымдығымыз және міндетіміз. Белгіленген нысаналы индикаторлардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және отандық машина жасау саласын одан әрі жаңғырту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басшысы.

Машина жасау 37 тармақты қамтитын және экономиканың барлық дерлік салаларын жабдықтармен қамтамасыз ететін ең жоғары технологиялы сала екенін айта кеткен жөн. Саладағы бір жұмыс орны шектес салаларда 8-10 жұмыс орнының пайда болуына алып келеді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында машина жасау индустриялық өсудің драйвері болып табылатын өңдеуші өнеркәсіпті үдемелі дамытуды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Машина жасау саласын одан әрі жаңғырту ел экономикасын әртараптандыру мен индустрияландыруға жаңа серпін береді.