Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамаға «харассмент», «сталкинг» ұғымдары енгізілмекші. Енді сексуалды сипаттағы қысым, азғындық үшін жаза қарастырылады. Бірқатар Мәжіліс депутаты осындай өзгерістер мен толықтырулар қамтылған заңның жаңа новеллаларын әзірлеп, Үкіметке жолдады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қазақстан Республикасының еңбек саласындағы харассмент пен зорлықтың деңгейін, негізгі себептерін зерттеу» атты құжатында жұмыс орнындағы харассмент мәселесі өзекті екені көрсетілген. Зерттеуде респонденттердің жартысынан астамы, яғни 51 пайызы еліміздегі жұмыс орындарында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Сәйкесінше, жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны мен корпоративтік іс-шаралар деп көрсетілген. Мамандардың айтуынша, бұл кеселмен күресу үшін осы ұғымды заңға да, еңбек кодексіне де енгізу керек.
«Қысым көрсететіндер мен азғындық жасайтын жұмыс берушілердің тізімі болуы керек. Дәлелденген жағдайда әкімшілік айыппұл салынуы қажет. Маған хат жолдаған бір қыздың айтуынша, оған ұзақ уақыт бойы мұғалімі тиіскен. Қыз әлі күнге дейін бұл жағдайдан қорқады», деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы.
Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заң қарастырылмаған. Қылмыстық кодексте «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық», «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттер» және «жыныстық қатынасқа, немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу» сияқты ұғымдар ғана бар. Бұл мәселені жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден көтерген еді.
«Елді елең еткізген кейінгі оқиғалар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орнының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті. Жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктің көптігіне анық көзіміз жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Себебі арнайы статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы, зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізу қажеттілігі туындап отыр», деді ол.
Қазір елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны жалғасып жатыр. Акция аясында жуырда өткен Орталық Азия әйелдері диалогінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «харассмент» түсінігі заңға ену керек екенін айтты.
«Кейінгі кездері депутаттар бұл тақырыпты сауалдарында белсенді көтеріп жүр. Сонымен қатар әйелдер «сталкинг» құбылысына жиі тап болады. Бұл дегеніміз – аңду, артынан тың тыңдау. Мұндай әрекеттер үшін көптеген елде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Біздің елге де мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтуді ойлайтын кез келді», деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ науқан барысында Қоғамдық даму институтының сарапшылары арнайы «Зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі түсініктер мен ұғымдар» сөздігін әзірледі. Құжатта зорлық-зомбылық түрлері, салдары және осы саладағы заңнама шаралары жазылған.
«Кітапша төрт бөлімнен тұрады, 30-дан аса ұғым қамтылған. Мұндағы мақсат – зорлық-зомбылық туралы қоғамның хабардарлығын арттыруда көмекші құрал ретінде ұсыну. Мәселен, харассмент – адамдарға еркінен тыс физикалық түрде қысым, зорлық-зомбылық көрсету, жағымсыз сөздермен, хабарламалармен бопсалау, жыныстық тұрғыда құқығын таптау, жеке шекарасын бұзу. Оның да түрлері бар: физикалық – адамның қалауынсыз болатын жағымсыз әрекеттер мен ұсыныстар: дененің кез келген бөлігін сипау, шымшу, түрту, құшақтау және сүю, еркелету немесе басқа да осындай физикалық қатынастар; вербалды – көңілге жағымсыз өтініштер мен жыныстық сипаттағы талаптар. Әйелге жағымсыз болатын жыныстық сипаттағы қорлайтын сөздер немесе әзілдер; ұлтына, нәсіліне, дене бітіміне және сыртқы түріне қатысты сөздер; «ұятсыз» анекдоттар; дөрекі сөздер; кеңестер немесе әрекеттер; вербалды емес – астарлы мағынаны меңзейтін көзқарастар, қорлайтын немесе әдепсіз дыбыстар, ысқырықтар, ұятсыз қимылдар; психологиялық зорлық – жағымсыз әсер қалдыратын немесе намысқа тиетін әңгімелер, ұсыныстар, өтініштер, талаптар айту, физикалық байланыс немесе бірдеңеге назар аударту, сондай-ақ жыныстық немесе басқа да теріс мазмұндағы қорқыныш тудыратын, қорлайтын жұмыс атмосферасын орнату», деді Қазақстан қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат зерттеу орталығының сарапшысы Арна Дүйсенова.