• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 07 Желтоқсан, 2023

Ұлт қаржысының сұрауы бар

150 рет
көрсетілді

Бюджеттің кіріс жоспарын орындай алмай отырғанымыз белгілі. Бұған дейін де бұл міндеттің ел Үкіметіне өте-мөте қиынға соғатынын болжаған едік. Министрлер кабинеті бұл мәселені дәстүрлі әдіспен – сырттан қарыз алу немесе Ұлттық қордың қоржынына қол сала отырып шешіп келгенін осы­ған дейін де жазғанбыз. Кейінгі кез­­дері алыптар «айқасы» басталып кет­кендей әсер қалдырады.

Басқасы басқа, бюджет, тіпті инфа­құрылымдарды қаржыландыру мәсе­лесін шешу үшін де БЖЗҚ-ға қол соза бастадық.

Премьер-министр Әлихан Смайы­лов бұл жағдай бұрын Эконо­ми­ка­ны жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда қолдау тап­қанын, алынған қаржының қай­та­рылуы­на Үкіметтің өзі кепілдік береді дегені бар-тын.  Әңгіме 1,5 трлн теңге туралы болып отыр.

«Қазіргі уақытта біз Ұлттық банкпен бірлесіп, қаражат тарту шарттары бойынша мәселелерді пысықтап жатырмыз. Үкіметтің борыштық мін­дет­темелерін орындау аясында қар­жы қайтарылатын болады»,  деді Премьер-министр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың транс­фер­тін азайту туралы шегелеп тұрып айтса да, Үкімет «Ұлттық қорға деген тәуел­ділікті  кезең-кезеңге бөліп шешіп тас­таймыз» деп уәде берсе де, 2023 жыл бізге жағымды  жаңалық алып келген жоқ. 

Бюджетке қатысты мәселелерді рет­теу үшін Үкімет елдің Ұлттық қо­ры­нан рекордтық сома – 5,3 трлн теңгені алғанын жақында білдік. Ал бюджеттің жыртығы сыртқы қарыздар арқылы шешілгені туралы мәліметтер әлі жаңартылған жоқ.

Сонымен, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қараша айының соңында ел қазынасына түсуге тиіс 11 трлн тең­генің 9,3 трлн теңгесі ғана түс­кеніне назар аударды, «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары қордың ақшасына сатып алынады, нәтижесінде олар тиімсіз болып шық­қа­нын ашып айтты.

Сенат спикерінің пікірінше,  обли­га­­ция­ларға қойылатын талаптар мен ережелерді нарық қалыптастыруға тиіс. «Самұрық-Қазына» облигация­ларды шығарып, оларды нарыққа берсе, олардың қаншалықты орынды және тартымды екенін нарықтың өзі бағалауға тиіс. Біз бұл жерде «Самұрық-Қазына» облигация шы­ғаратын, Ұлттық қор сатып алатын және қандай да бір рәсімдерді оңайлатылған түрде жүргізуге болатын тетікті көріп отырмыз. Осы жобалардың процедуралары мен пы­сықталуын кім бағалайды? Рәсімдер туралы мәселе Жоғары ауди­тор­лық палатаға жетті ме?»  деп атап өтті Сенат спикері.

Ұлттық қордан қаржы алу мәселесі Парламент арқылы шешілуге тиіс екенін заң құптайды. Бұл талаптан ешкім аттап өтпеуі керек. Бірақ олай болмағанын бүгін біліп отырмыз. Мемлекет емес, бір отбасының табысы мен шығысы арасында тепе-теңдік орнамаса, ол отбасының «банкрот» болатынынан кез келген жан хабардар деп ойлаймыз. Ал бұл құбылыс мемлекеттік деңгейде байқалса, бюджет саясатының іргетасы ғана емес, экономиканың да іргетасы сыр бере бастады деген сөз. 

Сенат төрағасының айтуынша, пайыздық мөлшерлемелердің  суб­си­дия­­лануы Ұлттық қор тұжырым­да­­ма­сына да қайшы келеді. Егер мұндай нарық заңына қайшы келетін шешімдер жалғаса берсе, біз осыған дейін беріл­ген біраз уәдені орындай алмай қала­мыз. Олардың ішінде Мемлекет басшы­сы­ның тікелей бақылауында тұрған тапсырмалар да бар.

Жалпы, Үкіметтің экономикалық блогінің осы жылға арналған жос­пары тым жақсы еді. 2023 жылдың соңына қарай Үкімет 14,6 трлн теңге салық төлемдерінің түсуін қамтамасыз етуге үміттенген. Бірақ оның  қанша пайызының орындалғанына Сенат төрағасының өзі күмән келтіріп отыр.

«Берілген уәдені жұтып қою біздің Министрлер кабинеті үшін қалыпты құбылысқа айналып кеткен бе?» деген қауіптің салмағы ауырлап барады. Үкімет 2024 жылға 16 трлн теңге кіріс жоспарын белгілеп тастады.

«Бұл жайт қалай және қайтіп орындалады?» деген сауалға өткен аптада Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев­тың өзі  жауап беруге тырысты. «Келесі жылы қосылған құн са­лығы қабылданбайды. Ол әлі де талқы­ла­нып жатыр. Ол 2025 жылдан бас­тап жаңа Салық кодексі аясында қарас­ты­рылады»,  деп жауап берді Қаржы министрі.

Министрдің пікіріне сүйенсек, шенеу­ніктер әлі де салық жинауды жақ­сарту арқылы ел бюджетіне қажет­ті қаражатты жинауға үміттенеді.

«Келесі жылдан бастап салық тү­сім­дерін толығымен қамтамасыз ете­міз, біз бұған сенеміз»,  деп уәде берді Е.Жамаубаев.

Осылайша, осы жылдың кіріс жос­пары іс жүзінде орындалмады, бірақ ешкім шығындарды жойған жоқ. Елдің стратегиялық резерві – Ұлттық қор дәстүр бойынша Министрлер каби­нетіне бюджеттік кемшіліктерді жоюға көмектеседі.

Үкімет 2023 жылға Парламент ар­қы­лы 4 трлн теңге бөлуге қол жет­кізді, оның 2,2 трлн-ны – кепіл­дік берілген трансферт, 1,8 трлн – нысаналы трансферт.

Алайда Министрлер кабинеті мұ­ны­­мен тоқтап қалмады.

Жуырда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Үкіметтің Ұлттық қор есебінен «ҚазМұнайГаз» АҚ (ҚМГ) акцияларын 1,3 трлн теңгеге сатып алу туралы шешімінің кейбір жай-жапсарын жария етті.

«Өкінішке қарай, кіріс жоспары толық орындалмай жатыр. Соны­мен қатар бюджетіміздің әлеуметтік бағы­тын ескере отырып, біз бюджет­тік жобаларды, әлеуметтік және инфра­құрылымдық жобаларды толық көлем­де қаржыландыруға міндеттіміз. Осы­лай­ша, жетіспейтін салық түсім­дерін өтеу үшін Үкімет Ұлттық қордың қара­жа­тын ҚМГ акцияларына инвестиция­лау туралы шешім қабылдады», деді Т.Сүлейменов.

Мұндай «стандартты емес» шешім ел Парламентін айналып өтіп қабыл­данған. Бірақ Ұлттық банк басшысы атап өткендей, Ұлттық қор Қазақстан Үкіметіне тиесілі, сон­дық­тан оның өз қаражатына билік етуге құқығы бар.

Осылайша, 2023 жылы Ұлттық қордан алынған қаражаттың жалпы сомасы 5,3 трлн теңгеге жетті.

Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы мо­йын­­да­ған­дай, бұл – Ұлттық қор­дан барлық уақыттағы ең жоғары қаражатты алу жағдайы. ҰБ төрағасы Т. Сүлейменовтің айтуынша, қар­жы­лық-экономикалық блок бұл проб­ле­ма­лардың барлығын жақсы түсінеді. Парламент те түсінуге тиіс. Бізде бұ­дан өзге жол қалмай бара жатыр. Бас банкирдің пайымдауынша, бұл жолы тиімсіз салық жеңілдіктерін алып тастап, әкімшілікпен жұмыс істеу керек.

«Самұрық-Қазына» активінің ІЖӨ-дегі үлесін 10-15 пайызға түсіру керек», деген мәселе осыған дейін жиі көтерілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 8 сәуір күні  «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының пайдасынан зияны көп екенін меңзеп, қорға ауқымды реформа қажет екенін айтқан болатын. Оның сол кездегі төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке бір ай уақыт беріп, шаруаны тындыра алмаса, қызметінен кетіп қана қоймай, ұлттық компания да жұмысын тоқтататынын кесіп айт­қан еді. Сарапшылардың сөзіне сен­сек, «Самұрық-Қазынаны» қалай ұтымды трансформациялау қажет екенін қордың бүгінгі менеджменті де, Үкімет те толық білмей отыр. Бюд­жетті қаржыландыру немесе ин­фра­­құрылымды жаңғыртуға қаржы бөлу шетелдік инвесторлардың міндеті емес. Олар өзіне қарасты нысандарға ғана жауап береді. Ал өзге мәселе ішкі нарықтың әсері, салық арқылы шешілуі керек. Бізде екеуінің де міндетін Ұлттық қор атқарып келді. Ұлттық қордың міндеті шектеле бас­тағанда, БЖЗҚ-ға ауыз салды.

Қаржы сарапшысы Бейсенбек Зиябеков әлеуметтік төлемдер немесе инфрақұрылымды қар­­жылан­дыру тәрізді халықтың әлеу­­меттік жағдайына тікелей әсер ете­­тін мәсе­ле­лер тығырыққа тіреліп қала­­тынын айтады. Бұл құбылыс Үкі­меттің осыған дейінгі немесе бүгінгі құрамының масылдық пиғылдан арыла алмай жүргенін білдіреді.

2009 жылы «Самұрық»  пен «Қа­зына» қорлары  артық қаржы шы­ғын­дарын шектеп,  инвестициялық жобаларды үйлестіріп, Үкімет тарапынан қадағалау үшін біріктірілді, ІЖӨ-нің 60 пайызын уысында ұстады. Құрамына «KEGOC», «ҚазақГаз», «Қазақстан темір жолы» және басқа алпауыт компаниялар енетін «Самұрық-Қазынаның» экономикамызға енгеніне 14 жылдан асып барады.  «Самұрық-Қазына» туралы өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Ұлттық байлықты еселей алды ма? Қордағы қомақты жалақы алатын қызметкер мен директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компаниялар мен шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? Осыған байланысты Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және ре­формалар агенттігімен бір­лесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұ­мысына қатысты квазимемлекеттік сек­торды түбегейлі өзгерту үшін ұсы­ныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазынаны» ре­формалау мүм­кін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс» деген мәселені төтесінен қойған. Бұл сауалдың жауабын тек Мемлекет басшысы емес, халық, бизнес 14 жылдан бері күтіп келеді.

Экономист Сапарбай Жұбаев осы­ған дейін журналистермен кездес­кен кезде «Самұрық-Қазынаны» реформалау мәселесі күрделі жағдайда қа­лып отырғанын,  меншігіндегі кә­сіпорындарды жекеге өткізсе, Үкімет және министрліктермен жекеше­лен­дірілген кәсіпорындар арасында «Самұрық-Қазына» сияқты құрылым қажет болмай қалатынын айтыпты.

«Самұрық-Қазына» холдингі 900 млрд теңге табысының 110 млрд тең­гесін ғана бюджетке береді» деген пікір ел ішінде ара-тұра айтылып қалады. Тәуелсіз сарапшылар кейбір холдингтердің саясатынан мемлекетке бағынғысы келмейтін көзқарас жиі аңғарылатынын айтады. Тіпті  газ бағасын өсіріп, ха­лықтың шыдамын сынауды жақсы көретін «ҚазТрансГаз» «Самұрық-Қазынаның» құрамына кірсе де, оған  жекелеген монополистер иелік етіп келді. Бірақ нәтижесі аз, ұлттық компаниялардан қомақты тендер алып, дәулет жинаған адамдардың  біразы шетелде, біразы «ескі Қазақстанмен» қалса, енді біреулері түрменің арғы жағында отыр.

«Үкімет «Самұрық-Қазына» ар­қылы экономикадағы үлесін сақтап қа­­луға жанталасуы нарық за­ңына қайшы еді. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен халықтың мүддесіне бағыт­тал­ған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет ара­сындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет екенін айтты. Мемлекет эконо­микасының 60 пайызға жуық әлеуетін қолына біріктіріп отыр. Дамыған  елдерде бұл көрсеткіш – 10-15 пайыз.  Біз тым болмаса бұл көрсеткішті 15-20 пайызға түсіруі­міз керек. Сол кезде ғана бизнес көлең­ке­ден шығады, дамиды»,  деді сарапшы.

Ұлттық компанияларға өзін-өзі басқару мүмкіндігін қайтаратын кез келді. Үкімет «Самұрық-Қазына» ШОБ-тың ірі компанияларға айналу мүм­кіндігін, сол ар­қылы ұлттық инвесторлардың қа­лып­­тасуын шектеп отыр. 

«30 жыл ішінде Қазақстанда бірде-бір жылу орталығы немесе зауыт са­лын­ған жоқ. Алматының ЖЭО-2-сін қарыз алып, газдандыруға кірісіп жатырмыз.  Жыл басында Екібастұз бен Риддерде ЖЭО жарылғанда, Үкімет оған инвестор таба алмай дағ­дарып қалды. Ел ішінен шыққан  ұлттық инвесторлар мұндай ірі жобаны қар­жы­ландыруға қауқарсыз болып шықты. Әрбір компания өзінің даму стратегиясын, кадрлық саясатын, өнім сатудан түскен табысын өндірістің қажеттілігіне, жұмысшылардың әлеу­мет­тік жағ­дайын жақсартуға жұмсауға тиіс. Біздегі қолданыстағы заңдар лоб­бис­тердің, монополистердің кез кел­ген тесіктен жол тауып шығуына мүм­кіндік береді. Заң жетілдірілмей, заман түзелмейді», дейді С.Жұбаев. 

 

АЛМАТЫ