Дамыған елдердің кәсіптік, техникалық білім беру сапасына баса назар аударатынын көріп жүрміз. Ал біздің елде орта кәсіптік білім «төменгі санатқа жатады» деген түсініктің бары өтірік емес. Сөйте тұра 531 мың студент колледжде оқиды. Бұл парадокс еңбек нарығына аса қажетті мамандарды даярлауға кедергі келтіреді. Өз ішіне өзі бұйыға түскен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жай-күйін қаузап көрдік.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 772 колледж бар. Бұлардың 85 пайызы экономика, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету бағыттары бойынша кадрлар даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарды 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтармен 100 пайыз қамту көзделген. Осы бастамалар еңбек нарығындағы білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі деген үміт бар.
Еліміздегі орта кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек нарығының өзекті талаптарына сәйкес келмеу мәселесі бары баршаға мәлім. Мәлімделген оқу бағдарламалары мен нарыққа нақты ұсынылуы арасындағы алшақтық сапаны біршама төмендетіп отыр. Осыған байланысты сарапшылар бюджеттен бөлінген қаражат ақталуы үшін техниктерді даярлау тәсілін түбегейлі өзгерту керек деген пікір айтып жүр. Бұл үдеріс басталып та кетті.
Жыл басынан бері еліміздің 519 колледжінде мемлекеттік аттестаттау өткізіліп, 300-ден аса колледж сыннан өтпей қалды. Төмен көрсеткіш негізінен Шымкент қаласы, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында байқалады. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті хабарлағандай, мемлекеттік аттестаттауды дайындау және өткізу кезеңінде 219 колледжде 624 мамандық пен 780 біліктілік лицензиясынан айырылды. Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік бір колледж жабылды.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Алматы және Астана қалаларының, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жақсы көрсеткіштер байқалған. Тексеріс туралы комитет төрағасы Ернұр Дауенов «Бақылау іс-шаралары басталар алдында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар жүйелік мәселені анықтады», деді. Талдау қорытындысы бойынша негізгі олқылықтар оқу жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша жұмыс, оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқытуда көрінген.
Лицензиядан айыру мен колледждерді жабу кәсіптік білімнің жай-күйін жақсарта ала ма? Колледждерде тегін оқу мен WorldSkills стандарттарын енгізуге қарамастан, жүйе бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ілгерілей алмай отыр.
– IT және менеджмент сияқты салаларда мамандар даярлаудан алшақтап, жұмысшы мамандықтарына назар аудара отырып, жүйені дербес бағыт ретінде қайта қарастыру маңызды. Теориялық сабақтар мен кәсіпорындардағы практикалық дайындықты біріктіретін Германияда қолданылатын дуалды оқыту моделі бірегей жүйе құруға үлгі бола алады. WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша кәсіби дағдыларды дамыту да білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл тәсілдер кәсіптік білім беру жоспарын нақты айқындайды. Сонда түлектер білім алып қана қоймай, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ете алады. Сөйтіп, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосады, – дейді монополияға қарсы экономист В.Новиков.
Колледж білімінің сапалы болуы мұғалім біліктілігіне де байланысты. Министрлік ұсынған дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 41,9 мың педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 39,4 мың мұғалімнің (94%) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, ал техникалық және кәсіптік білімі бар мұғалім саны – 2,5 мың (6%). Білім берушілер қатарында 201 доктор, 557 ғылым кандидаты және 6 869 магистр бар.
– Бізде 9-сынып түлектеріне колледждерде тегін оқуға мүмкіндік берілген. 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін көбейді. Біз мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра береміз. Онда кадрларға деген сұраныстың болжамы және өндіріс пен инфрақұрылымның дамуы ескеріліп, салалар бөлінісінде іс-шаралар көрініс табуға тиіс. Оларда жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының, базалық кәсіпорындардың, тиісті колледждердің ресурстары біріктірілуі керек. Осы мақсатта мемлекеттік колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін «Жас маман» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет, – деген еді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Астана қаласындағы «Басқару» колледжінің басшысы Меруерт Бершаеваның айтуынша, оқу ордасының негізгі басымдығы еңбек нарығында үстем жағдайды сақтай отырып, көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын тұрақты өсіруге бағытталған. Бұл білім ордасы қызметкерлері мен әлеуметтік серіктестердің мүдделерін ескере отырып, білім беру жоспарын жүйелейді. Осы мақсатта оқу-өндірістік шеберханалары инновациялық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, мұнда білім алушылар теориялық білімдерін бекітіп, кәсіби біліктіліктерін арттыра түседі. 13 мамандық бойынша оқытатын колледждің серіктес ұйымдары да көп. Бұл түлектердің жұмыс орнын дұрыс табуына көмектеседі. Мұндай сабақтастық оқу орындарының барлығына ауадай қажет.
– Студенттерге барынша сапалы білім беруге тырысамыз. Біздің колледж білім беру стандартының талаптарына сай жұмыс істейді. Аудиториялар мен зертханаларда білім алушылардың болашақ кәсіби қызметіне баулу үшін барымызды саламыз. Нарыққа қажетті мамандар шығару мақсатында осынау заманауи білім беру ордасы құрылған-ды. Мұнда 59 оқу кабинеті, 13 шеберхана, 4 зертхана, 12 компьютерлік сынып, 1 лингофондық құрал-жабдықпен жабдықталған компьютерлік сынып, жалпы ауданы 208,9 шаршы метр болатын екі акт залы, 70 орындық оқу залдарынан тұратын екі кітапхана бар. Кітапхана колледждің бекітілген жылдық жоспары бойынша жұмыс істейді. Жалпы, кітапхана қорында 68 756 кітап бар, – дейді М.Бершаева.
Жұрттан «Колледж оқып, кім боласың?» деген сөзді арагідік естіп жатамыз. Бұл пікірді естігенде Жүсіпбек Аймауытұлының «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Дамыған елдер нарық пен өндіріске қажетті білікті кадр даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін бір ізге қойған. Тіпті БҰҰ декларациясы бұл жүйені мыңжылдық даму мақсатына жатқызған. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, басқа да жұмысшы мамандықтар қарыштап дамып, жұмысшылармен толық қамтылса, ел экономикасының тасы өрге домалар еді.