Халықаралық мүгедектер күніне орай Парламент Мәжілісінің депутаттары Серік Егізбаев пен Таңсәуле Серіков Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инклюзивті студенттерімен кездесті. Жиынға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысты.
Кездесуде «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Парламентте қабылданып жатқан маңызды заң жобаларына тоқталып, инклюзивті қоғам мүшелерінің конституциялық құқын қорғау мәселесінде жоғарғы заң шығарушы органның атқаратын қызметі туралы айтты.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Таңсәуле Серіковтің айтуынша, енді мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндігі арта береді.
«Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңызы зор. Мысалы, «Қазақстандағы сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер бойынша партиялардан Парламент Мәжілісіне өткен депутаттардың ішінде 30 пайызы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың болуы заң тұрғысында бекітілді. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтар заң шығару үдерісіне тікелей араласу мүмкіндігіне ие болды. Мұны Президент жүргізген саяси реформалардың жемісі деп бағалаймыз», деді Мәжіліс депутаты Т.Серіков.
Таңсәуле Ғабдыманапұлы көп жылдан бері тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысып жүргенін айтады.
«Инклюзивті қоғам мүшелерінің құқын қорғау және оларға кедергісіз орта қалыптастыру – бұл елдік дамуының көрсеткіші. Мысалы, дамыған елдерде мүгедектігі бар адамдарға қоғамда ешқандай кедергі болмайды. Білім алып, еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Біз де сол күнге жетуіміз қажет», дейді мәжілісмен.
Іс-шара барысында депутаттар Парламент пен оның құрылымы туралы айтып берді. Мотивациялық лекция форматында өткен басқосуда жастар қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғап, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтенуі туралы ойларын ортаға салды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мүгедектігі бар студенттері Парламенттің отырыс залдарын аралап, заң шығарушы орган мен депутаттардың жұмыс үдерісімен танысты. Іс-шараға «Ауыл» партиясының «Жастар қанаты» бастамашы болды.