Жамбы ату – қазақтың көнеден жеткен ұлттық жауынгерлік өнері. Ат құлағында ойнаған қырағы, құралайды көзге атқан мергендер жүйрік атпен шауып бара жатып, бағанға ілінген жамбыны садақпен атып түсіреді. Тарихтың сарғайған бетіне сіңіп бара жатқан сайыс түрі бүгінде қайта жаңғыра түсті. Жамбы атудың бірнеше түрі белгіленіп, ережелері бекітілді. 2014 жылдан бастап елімізде ат үстінде садақ ату спортын дамыту үшін Жамбы ату федерациясы құрылды. Содан бері жамбы атудан халықаралық және республикалық жарыстар, ел чемпионаттары өткізіліп келеді. Атқа қонған сұрмергендер шетелдік додаларда сынға түсіп, көк байрақты желбіретіп жүр.
Осыған қатысты Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жамбы ату спортының дамуы тақырыбына арналған баспасөз жиынында біраз жаңалық айтылды. Мәселен, алдағы екі жылдың ішінде Шымкентте Жамбы ату академиясы ашылып, сериал түсірілмек. Бұған қоса ұлттық спорттың бұл түріне қатысты ресми сайт пен мобильді қосымшаны іске қосу және жамбы ату өнерінің тарихы туралы кітап дайындалып жатқаны айтылды.
Баспасөз жиынына Дене шынықтыру және спорт комитеті Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мұхамеджан Бекназаров, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов пен Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов қатысты.
Спикерлердің мәліметінше, 7-10 желтоқсан аралығында жамбы атудан федерация кубогі өтеді. Оған елдің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық спортшы қатыспақшы.
– Біз «Тайтұяқ» стилін қоямыз. Оның жүлдесі 600 мың теңге болады. Қылды қай мерген үзіп өтеді, сол 600 мың теңгенің иегері болады. Бұған дейін жамбы атуға ерлер мен қыздар бірге қатысқан. Енді қыздарға арналған «Томирис» жүлдесін тағайындадық, – дейді Жамбы ату федерациясының президенті Е.Ілиясов.
Ал Мұхамеджан Бекназаров ұлттық спорттың дамуы мен өркендеуіне және келер жылы елімізде өткізілетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына да тоқталды.
– Көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде біз дүбірлі жарысты жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Айта кету керек, бұл сайыс жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Мысалы, 2014 жылы бұған 19 мемлекеттен 583 спортшы қатысқан болатын. 2022 жылы Түркияда өткен ойындарға 102 мемлекеттен 3 мың спортшы қатысты. Ал келесі жылы елімізде өтетін іс-шараға әлемнің 100-ден аса елінен 3 мыңнан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп жоспарланып отыр, – деді М.Бекназаров.
Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясовтың айтуынша, алдағы уақытта AHAF (Asia horseback arhchery federation) Жамбы атудан Азия федерациясы құрылады.
– Жамбы ату спортшылары 2023 жылды жақсы жетістіктермен аяқтады. Франция, Мажарстан, Моңғолияда біздің спортшылар жүлделі орындарды иемденді. Жамбы ату құрамасы Сауд Арабиясының Әл-Ула қаласында Әлем кубогінің финалына қатысады. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймыз. Жалпы, ұлттық спорттың дамуына кейінгі уақытта жақсы көңіл бөлініп келеді. Осы қарқын жалғасса дейміз. Өйткені ұлттық спорт – еліміздің мақтанышы. Алдағы уақытта жамбы ату спорт түрі жастар арасында да дамиды. Сондықтан Жамбы ату академиясы ашылатын болды, – дейді ол.
Оның айтуынша, ұлттық спортты жастар арасында дәріптеу мақсатында жамбы ату тарихы кеңінен тарқатылып баяндалатын, спорттың қыр-сыры әңгімеленген кітап дайындалып жатыр. Оған қоса балаларға арналған комикстер басылып шығарылмақ.
– Жамбы ату – халқымыздың атадан балаға мұра болып келе жатқан төл спорты. Кейінгі жылдары құралайды көзге атқан ару мергендеріміздің жетістігі әлемді таңғалдырып жүр. Биыл жамбы атудағы қыздар арасында «Томирис» жүлдесі қосылды, – дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.
Оның сөзінше, Сауд Арабиясының Әл-Ула қаласында Әлем кубогінің финалына еліміздің намысын қорғауға 3 спортшы мен 1 жаттықтырушы барады. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар қатысады. Шымкенттегі турнирде «Тайтұяқ» жүлдесіне 600 мың теңге тігіліп отыр. Бұған дейін бұл жүлдені 16 жастағы Қарағанды тумасы Нұрасыл Оралхан ұтып алған.
– Бүгінгі таңда «Alageum Electric» холдингі ұлттық спорт түрлерінің дамуына 180 млн теңге бөліп отыр. Еліміздің ұлттық құндылықтарын қолдау, дамыту біздің холдингтің құндылықтарымен сәйкес келеді. Жамбы ату – мемлекетіміздің асыл мұрасы. Сондықтан осы спорт түрін дамыту елдігімізді сақтауға ықпал етеді, – дейді Е.Ильясов.
Сондай-ақ Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Сайдуллаұлы ұлттық нақыштағы спорттық киімдердің дизайнына конкурс жариялады. Конкурсқа еліміздің кез келген дизайнері қатыса алады. Ұлттық құрама спортшыларына, бапкерлер мен төрешілерге және федерация өкілдеріне арналған киімдер болуға тиіс. Жүлдеге 1 млн 800 мың теңге тігіліп отыр.