• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Желтоқсан, 2023

Тілдің құдіреті мен қасиеті

318 рет
көрсетілді

Көл жағасында он шақты үйлі ауыл. Көршілер туысыңдай. Бірінің кем-кетігін екіншісі түгендейді. Жарамды ат әрқайсысында бола бермейді. Ол уақытта той-томалақ қазіргідей жиі болмаса да, өтіп жатады. Көрші келді үйге. Сөз бас­тады ақырын. Алдымен мал-жан, сосын өзге мән-жайға кезек тиді. Аталары жөнінде сөз өрбіді. Көргендерін естеріне алды, беттерін сипады. Аяқталар емес әңгіме. Көктемшілік жайы да ұмыт қалған жоқ. Биылғы төл жағдайы да айтылды. Үй иесінің атбегілік еңбегі де елеусіз қалмады, мадаққа оранды. Мұны кім жек көреді. Отағасы көңілі кеңіп, одан сайын жіби түсті. Соны байқаған көрші бастырмалата берді. Сиыр сауым кез орағытпа әңгімені қыздырып, ақыры құдаларына барып келу үшін жүйрік ат майын сұрады. Оған көнуден басқа амал жоқ еді. Солай болды да. Көнеден жеткен қымбат сөз үй иесін тырп еткізбей, бұрылып ұзай алмайтындай орады, сөйтіп азаматқа демеу болды, жоқтың кем-кетігін жамауға көмектесті. Әр шаруаның иінін келтіріп, қисынын табатын осындай биік шешендік қабілет қайдан жүр еді сол заман адамдарында? Олар тіпті мектепте де оқыған жоқ қой, өзгесін былай қойғанда.

Астапыралла, асылыққа ұрынып, шатасыппын-ау! Әкелеріміз, аталарымыз оқыған екен!.. Тоқыған да екен! Көп көрген де екен! Ауылға айына бір-екі мәрте ат басын тіреп, жұртты жинап, баршасы ұйып тыңдайтын қасиетті қиссалар мен жырларды, бабалар өсиеттеген адалдықты, батылдықты, жақсылықты, игілікті мадақтайтын дастандарды таң атқанша жұрт санасына құятын жыраулар келетін. Барлығы шаруасын бітіріп, кешкі асын ішіп болған соң, ауыл ақсақалының кең үйлі отбасында бас қосады. Төрде үлкендер, төменде жастар, қатын-қалаш ортада, балалар басы әкелерінің тізесінде. Анда-санда жылы қара шайды ұрттап, құлаққа жағымды түрлі мақаммен салған жыраудың екпінді үні жұрттың көңілін өзіне еріксіз аударатын, кәрі-жасы бар қыбыр етпей тыңдаушы еді, санаға солай қаланып, сіңіп қалатын мағыналы, салмақты, уытты сөздер.

Келмеске кеткен кеңес дәуірінде орыс тілінің мәні биік еді. Сол тілді жетік білген азаматқа әрдайым жол ашық. Жұрт мұны биік абырой санайтын. Сол ұлт өкілдерінің өзін сөзден жаңылдыратын жүйрік бауырларымызды қоғам биік бағалаушы еді. Тілді орташа білетіндерді төмен санап әжуалайтын. Сөйтсек, кім білген, бұл «жығылған сүрінгенге күледінің» кері екен-ау. Өйткені өзге тілде төгіліп тұрғандардың барлығы ана тілінде жорғаламайтын. Не деген білместік, өзінің туған тіліне бас иіп, мойындамағандық. Солардың ішінде мен де бар едім. Осы есіме түссе, қаншама уақыт өткенмен, қазір өзімнен өзім қарап отырып қызараңдаймын.

Қанша адам болса, сонша мінез бен құлық. Мінезі жібектей деп жатады. Сол азамат айналасына жылу мен шуақ таратады. Шатақ мінезді әр кез былық қуып, жоқ жерде өзгені сүріндіріп, лаң салуға ынтық. Содан рақат тартқандай, көңілі жай тапқандай, маңындағының қиналғаны, күйінгені өмірінде шыққан биік төбесіндей бір. Оның сазайын жібек мінезді азамат береді. Өйткені ол білімді, өнегелі, парықты, шыдамды, мәдениетті. Осы азамат сол пенденің құрығанда екі-үш адым алдында жүреді, келесі сәттегі айтарын, жағымсыз істерін дәл нобайлап болжайды, сондықтан оның бағытын орап, тіміскі мақсатын кес-кестеп, күңгірт пейілін тұмшалайды. Ендеше, нағыз жібек мінезді азаматтар айналасына шуақ сыйлайды. Олар айтар ойын алдын ала мұқият пішіп таразылайды, әр сөзді жіті қадағалайды, құбылысты суреттеуге қажет сөздің оған толық сәйкестігін бақылайды, айтылар уәждің біреудің жеке басына тікелей қолайсыз әсер беруін бөгейді, аян болар мәселені тыңдап отырған қауымның барынша ыңғайлы, солайымен толық және жеңіл ұғуына бар күшін салады. Осы оп-оңай шаруа болмаса керек. Өзінен гөрі өзгенің қамын көбірек ойлау жатқан сияқты мұнда. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осындайдан шыққан-ау.

Сөз пәрмені мен құдіретін түсінген, білген кісі ғана оны ұқыпты, тиімді, жұртқа қауіпсіз күйде қолданады, өйткені өзгеден гөрі ол осыны жақсы біледі, солай жасамаса, сөз шатағы оның өзіне де абырой бермейтінін сезеді. Неліктен олар осындай биік жетістікке иелік еткен. Соның түбірін, түпкі себебін білу мән­ді, әрине. Осы биікке әріптестерім құдіретті тілді білгенінен, қасиетті тілді жетік меңгергендіктен, бабалар тілі бо­йы­­на туабітті дарығанынан шыққан екен. Қалай дегенмен, тіл мен сөзді біліп, зерт­теген азамат, болмысты да кеңінен түсі­ніп, адамдар арақатынасын осыған орай жетік білетіні жасырын емес. Демек тілді жетік біліп, талдап түсіну, адамға биік несібе жеткізеді. Ол – болмыстың сырына мықты қанығуы, ненің жақсы, ненің көлеңкелі, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін жұрттан бұрын, ерте білу, сезіну.

Сол азаматтардың әрқайсысына осы жоғары қасиет жүрек қалауымен кел­генін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Егер адамға мың жақсылық туған тілі арқасында келетін болса, онда ол анасындай болғаны да. Онда ана тіліңді сыйла, сүй деудің өзі ерсілеу емес пе? Осыған бұйрық пен нұсқау күту қажет пе? Осы уақытқа дейін бізді біреу анаңды сүй деп үгіттеді ме?

Ұстаздар, әсіресе қазақ тілі мен әде­биеті оқытушыларының сабырлылығы мен байсалдылығы әрдайым көзге түсетіні белгілі. Өмір болғасын түрлі оқыс, күтпеген жағдай кезігетіні рас, соның өзінде осы азаматтардың күйгелектік мінез көрсетіп, айналасына салқын мен ызғар шашуы – сирек кездесетін, тіпті мүлде кезікпейтін құбылыс. Ал енді осының ар жағында сол азаматтардың болмысты терең түсінгендігі мен өзгеге деген биік қайырымдылық пен мол жанашырлық жатқанын көбіміз біле бермейміз. Қашанда осы азаматтармен кезіге қалсаң, әрдайым жылы лебіз бен ыстық пейілді байқауға болар. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген қағиданы олар бойына ана тілімен сіңіргендей!

«Уызға жарымаған» деп жатады.­ Туғанда уызын тойып ембеген төлдің жетіліп кетуі екіталай. Егер жас балдырған сөйлеуді ана тілінде бас­таса, сөз жоқ, оның қасиетті бабалар қазынасына терең сүңгуіне есік айқара ашылады. Тек осы ұлт өкілдеріне тән, өзге жандар естіп-біліп, көрмеген, құдіретті рухани әлемге бас сұғады жас ұрпақ. Жаңа туған жасөспірімнен саналы ұлт өкілі үкіленіп шығуы үшін сол жанның бабалар қалдырған қазынаны бойына, санасына терең, барынша ауқымды сіңіріп, өзге, жат ұстанымның күрделі әсерінен оңайлықпен өзгермейтін берік қамалдай ұлт құндылықтары қорғап, сақтайды. Міне, қазақ балапанына қажет уыздың көкесі осы. Ендеше, балаларымызды, немерелерімізді өзге тіл мектебіне беріп, оларды ана тілі құдіретін ұғыну мен түсінуден, тұнып тұрған қазақы тәлім-тәрбиеден бөліп, алшақтатып, алыстатып, дүбәра жолға салу олардың болашағына жасап жатқан қиянат болмай ма?

Балаларымыз, ұрпағымыз біздің бүгін жіберіп жатқан олқылығымызды біл­мейді, сезбейді, олай істемеңдер деп бізге айта алмайды. Уақыт өтер, балаларымыз бен ұрпағымыз өсер, азамат болар, олардың да балалары мен ұрпақтары дүниеге келер. Сол заманда олар қанында бар мол ізгілікті өз ұрпақтарынан күтер де, бірақ соны көре алмай қиналар, ойланар, бұл неден болды екен деп толғанар, сонда ғана өз әкелерінің қателіктерін байқап, орынды, әділ өкпелерін ашып, алдыңғыны кінәлар. Осылай болары әбден мүмкін. Өйткені ұрпағымыз барынша өркениетке өрлеген әлемде өмір сүреді, олар өзге ұлт өкілдері сан қилы жетістіктерін пайдаланып, өсіп-өркендеп жатқанын өз көзімен көреді. Соған жете­мін дегенше ұрпағымыз қаншалықты қиналып, өмір соқпақтарының таяғын молынан жеп сүрінбей ме?

Әрине, ұлт рухы жоғал­майды, жо­йыл­майды. Ол бәсеңдеуі мүмкін, тіпті мүлгуі де мүмкін, бірақ түбегейлі сөнбейді. Қазақ азаматының бойында, қазақ азаматы әулетінде, отбасында сол қасиетті рух сақталады, қай­та­дан жарыққа шығып жарқырайтын сәтті асықпай күтіп жатады. Жүз жыл бұрын әкелеріміздің қанындағы ұлтты сүю сезімі енді жүз жыл өткенмен, ұрпа­­ғы­мыз­дың қанынан жойыла қой­мас. Сол ұлы күш тыныш жатсын ба, ұрпағымыз зейін қойып, ана тіліне ден қойып, шабыттанып, өзі-ақ шындап үйренер. Сарғайған кітаптарды қайта-қайта парақтап, мүлгіп жатқан қасиетті өнегені санасына сіңірер. Сөйтіп, біз жіберген қатені түзетер де.

Сонда адамға бар жақсылық тілмен келетін болғаны ма? Солай айтпасқа лажымыз жоқ. Егер қазақ баласына қажет барша өмірлік қағидалар мен өнегелер ана тілін толық меңгерген жандарға ғана бұйыратын болса, онда қазақ баласына қазақ тілі ата мен анадан ғана кейін орын алатын мәні өзгермес зор да биік шың болары анық. Шіркін, барша қазақтың баласы өз тілін жетік біліп, бабалар өсиеттеген ұлттық рухани құндылықтарға қанық болар ма еді? Онда ынтымақ, бірлігіміз мүлде артып, жанымыз жай тауып, бірлігіміз биіктей түсер ме еді? Өйткені өз тіліңді шұбарламай таза сөйлеуің, бұрын-соңды зорлық-зомбылық жасап дағдыланған адамның қатайған, сол қиянатқа көніп, үйренген пенденің тот басып қабыршақтанған жүректері жібіп, жұмсарып, тазарып, оның бала кезіндегі таза, мөлдір ахуалына жетер ме еді?

Жапония – өркениетті елдердің алдын ораған мемлекет. Жер аумағы онша көп емес, бізден жеті есе кем. Халқының саны керісінше алты есе көп. Ал енді осы елдің ғалам алдындағы орны кереметтей. Ғылым мен технологияның дамығаны сонша, тұрғынның күнкөрісіне қажет, олардың күнделікті тірлігін барынша жеңілдетуін көздеген қондырғылар мен көлік жасауда алдына жан салмайды сол ел азаматтары. Осы игілікті істің шапағатын бүкіл дүниежүзі көріп отыр деуге де болады. Шамасы, осының сыры жапондардың ұлттық қасиеттерін биік ұстауында болар. Мұның жауабы осы елдің білім үрдісінің айтарлықтай ерекшелігінде. Азаматтарының ұлт құндылықтарын барынша жоғары ұстауында екені көрініп-ақ тұр. Ең алдымен ана тілін биікке көтеріп аспандатады олар. Мұнда балдырған 4-сыныпты аяқтағанша тек жапон тілін оқиды. Өзге тілдің қарасын да, көлеңкесін де, маңайын да көрмейді. 5-сыныптан бас­тап қана ағылшын тілін оқи бас­тайды. Неге? Бұғанасы қатпаған балапанның сана­сына ана тілінің барынша орнығып, өзгерместей сіңуіне, тілмен келген құдіретті өнеге жат тілдің ықпалына қарсы тұруына мүмкіндік туғызады.

Ендеше, осы елдің азаматтарынан үйренеріміз көп. Әсіресе тіл жөнінде. Өзіміз бастауышта, орта, жоғары сыныптарда қай пән қай деңгейде оқытылу керегін, дәстүр мен мәдениетті оқушы мен студент қалайша сіңіруді, сондай-ақ отбасы құндылығында тілдің берік рөлін білмесек, кімге ренжігендейміз? Ана тілі қасиеті – ұлттың жаны екендігінде. 

 

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

профессор