Шығармашылық ғұмырын аңызға айналдырған Пикассоның осы уақытқа дейін талай картинасы адамның қиялына сыймайтын, ессіз бағаға сатылды. Суретші көзі тірісінде де кедей болған жоқ. Ол өмірден өткенде байлығы 1 миллиард 100 миллион долларды құраған. Бір кездерде нан алуға ақша таппаған Пикассо өзі қалаған өмірге ақыры жетті. Өнері жеткізді. Жалпы, Пикассоның өмірі мен өнері хақындағы әңгіме таусылған ба?.. Қаузай берсең, мың бір түнге жалғасады.
Әлемдегі ең қымбат суретшінің картиналары әлі де атағын айға жеткізіп, аукциондарда сұмдық ақшаға сатылып жатыр. Еске салсақ, 2015 жылы көктемде Нью-Йоркте оның «Алжир әйелдері» туындысы 179 миллион долларға бағаланып, Паблоның шығармашылығын сүйетін бір жанның қолында кете барды. Сондай-ақ 2008 жылы Пикассо туындыларының өнер нарығындағы баға индексі 262 миллион долларды құрады.
Ал жуырда ғана «Financial Times» басылымы Пикассоның тағы бір картинасы рекордтық бағамен сатылғанын жазды. «Монтредегі әйел» картинасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында 139,4 миллион долларға сатылды. Осы тұста өнердің шын бағасы шексіз екеніне күмәнің қалмайды. Паблоның осы уақытқа дейін сатылған екінші қымбат туындысы «Сағат ұстаған әйел» деген атаумен де белгілі.
1932 жылы майлы бояумен кенепте салған туындыда испандық суретші өзінің сүйіктісі және музасы Мари-Тереза Вальтерді бейнелеген. Иә, Паблоның өмірде музалары көп болды. Әрине, суретшінің бірнеше махаббат хикаясы ешкімге жаңалық емес. Осы орайда Марсель Умбер есімі өнертанушыларға таңсық емес. Лақап аты – Ева. Пикассо Еваны шын сүйді, музасы санады деседі. Тіпті Ева бейнеленген картинасын «Жалаңаш әйел, Ева, мен сені сүйем!» деп атаған. Алайда Евамен суретшінің бақытты өмірі ұзаққа созылған жоқ. Ерке Ева ауыр дерттен көз жұмады. Ал биші Ольга Хохловамен бас қосып, ұлы дүниеге келгенде суретші шығармашылығында бір өзгеріс байқалды. Картиналарында күңгірт бояу азайып, жарық пен жылылық көріне бастады.
Ал рекордтық картинаның кейіпкері – Мария Вальтер есімді бойжеткеннің Пикассо өміріне қатысы аз емес. Мария суретшінің көптеген картинасының «кейіпкеріне» айналды. «Айна», «Айна алдындағы қыз» картиналарының кейіпкері – дәл осы Мария. Пикассо қабірінің жанына қойылған «Құмыра ұстаған әйел» мүсінінде бейнеленген әйел де – Мария.
Мариядан кейін Француаза («Әйел-гүл» картинасы Француазаға арналған), одан соң Жаклин Рок. Өмірінің соңғы жылдарында автор негізінен осы Жаклиннің суретін салады.
Пабло қолына қылқаламын алғаш алған сәттен бастап, қошеметке бөленіп, қалтасы ақшаға тола қойған жоқ. Өтпелі бір кезеңдерде ол да суретін сатып, тегін тамақ ішті. Оған ылғи жұлдызы жану үшін тек Париж жетпей тұрғандай көрінетін. Парижге барса, елге танылып, байып кететіндей сезінетін. Барселона дәмханаларында ішіп отырып, Париж туралы жиі айтатын. Сөйтіп жүріп Пабло Парижге де жетті. Еңсені басқан бір мұңнан арылғандай еркін өмір сүрді. Тапқан табысын әйелдерге шашып, тіпті кейде нан алуға ақшасы болмайтын. Пикассоны Парижде ешкім менсінген жоқ. Картиналары да өтпеді. Досы Касагемастың өлімінен соң Пабло түбегейлі өзгерді: зиянды әдеттерінен бас тартып, таңнан кешке дейін тек сурет сала берді. Картина сатумен айналысатын көпес Воллар суретшінің жолын ашты. Пикассоның туындыларын ұнатқан ол көрме ұйымдастырып, картиналарын сатып, жап-жақсы табыс тапты.
Суретшінің кубизм стилімен көп жұмыс істегенін білеміз. Ол ең алғаш бұл жанрда «Авиньон қыздарын» салды. Мұнда жалаңаш жеңіл жүрісті қыздарды бейнеледі. Жалаңаш әйелді салу жаңалық па? Әрине, жоқ. Пикассо әйелдерінің кейбірінің басы жан-жануардың басына ұқсайтын. Сурет өнеріндегі бұл ерекшелікті әркім әрқалай қабылдады. Тіпті көбісі шошыды.
Алғашында Sotheby's «Монтредегі әйелді» 120 миллион долларға бағалаған. Бұған дейін картина 102 жасында қайтыс болған меценат Эмили Фишер Ландаудың коллекциясынан алынған.