Астанада бүгін қатты аязға байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», делінген қалалық білім басқармасының хабарламасында.
Сондай-ақ Павлодар облыстық білім басқармасы мектептерде сабақтардың тоқтатылатыны туралы хабарлады. Бүгін бірінші ауысымның 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан өтеді.
Абай облысының әкімдігі де Бородулиха ауданында бірінші ауысымда 1-11 сынып оқушылары, ал Бесқарағай ауданында 1-4 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшіріліп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар Қостанайда және Қостанай облысының бірқатар ауданында 8 желтоқсанда бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшірілетіні хабарланды.