Ұлыбританияның «Time Out» басылымы әлемнің әртүрлі жерінде өркениеттен алыс табиғи аймақтарда жұлдыздарды тамашалауға болатын «Жұлдыздарды бақылау» үшін ең қолайлы 10 туристік бағыттың тізімін жариялады. Мұның ішінде қазақ даласындағы Арал теңізі де бар.
Халқымызда «бір жамандықтың бір жақсылығы бар» дейтін сөз бекер айтылмаса керек-ті. Суы сарқылып, арнасы тартылып бара жатқан теңізіміздің де бір кәдеге жарап жатқаны да көңілге үлкен медеу екені жасырын емес. Өйткені мақала авторы өз аудиториясына теңіз өсімдіктері кешенін көруге және түнде жұлдыздарды тамашалау үшін Арал өңіріне баруды ұсынған.
Дереккөз жариялаған жаңалықта АҚШ, Чили, Жаңа Зеландия, Үндістанның туристік нысандарымен қатар Қарақалпақстанның негізгі экотуризм нысаны Үстірт жазығы да айтылады. Мәселен, теңіздің құрғауы мен экологиялық апаттың зардаптарымен күресуде экотуризмнің алатын орны ерекше. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері шетелдік туристерге қызмет көрсетіп келе жатқан туристік кәсіпорындар мен Арал теңізі бойындағы шабындық кешені туралы ескерілген.
Бүгінде Арал теңізі әлем назарын өзіне аударды. Қазір кез келген шетелдік қазақ елі десе Арал теңізін айтып, алаңдаушылық білдіріп жатады. Тіпті оның қазіргі ахуалын өз көзімен көргісі келетін экотуристер де жетердік. Жуырда елімізге келген қадірлі мейман, жасыл энергетика және климат мәселелері бойынша әлемдік сарапшы, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Рае Квон Чунг отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Арал теңізіне қатысты біраз жайтты аңғартты.
«Арал теңізі – XX ғасырдың ең үлкен экологиялық қасіреттерінің бірі. Оның себебі мақта өндірісі болды, ал мақта өсіру үшін су көп қажет болатыны анық. Қазақстан да мақта өсіргенімен, оның көлемі аздау, бірақ Өзбекстанда мақта өндірісі – экономиканың елеулі бөлігін құрайтын маңызды сектор», дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, бұл мәселенің шешімін табу өте қиын. Өйткені бұған деген жауапкершілік жан-жақты болуға тиіс.
«Оның технологиясы болуы керек, дегенмен бұл мәселенің шешімін тек Үкіметтің мойнына іліп қоюға болмайды. Жауапкершіліктің бір бөлігін халық та алуы керек. Қазіргі жағдайды қарасақ, адамдар да қоса жауапкершілік алатын жүйе қалыптаспаған», дейді ол.
Яғни қарапайым халық мұны жүзеге асыруға Үкімет қана міндетті, мұның маған еш қатысы жоқ деп ойлайды дегенге саяды маман пікірі. Рас, қазір мұндай жалпыға ортақ мәселе де жауапкершілікті тек мемлекетке аударып қойып, мәселенің оң шешім табуына атсалысу дейтін мәдени сана қалыптаспай жатқаны бар.
Бүгінде жаһандық жылынуға байланысты өзгерген климатпен күресе отырып, орын алған жағдайға ертерек бейімделу мәселесі жиі айтыла бастады. Мұны Рае Квон Чунг мырзаның да сөзінен аңғаруға болады. Мәселен, қазір кейбір эколог мамандар Арал теңізінің айналасына ағаш егу арқылы теңізді қайта қалпына келтіру мәселесі айтылып жүр.
«Иә, бұл бір жағынан көмектесе алады. Дегенмен айтып отырғаныңыз – Арал теңізін қалпына келтіру емес, апат салдарына бейімделу шарасы. Атап айтқанда, шөлейттену мәселесін ұстап тұра алады. Осылайша, ағаш отырғызу арқылы апаттан пайда болған шөлейттену әсерін азайтуға болады. Алайда бүкіл өңірді құрғақшылық шалып жатқанда, ағаш отырғызудың өзі қиын болатыны айдан анық. Бұл шара тек бейімделу үшін қажет, онымен мәселенің алдын алуға, не экологияны қалпына келтіруге келмейді. Арал теңізін сақтап қалу үшін мақта өндірісіне суды аз жұмсайтын инновациялық технология табу керек», дейді Рае Квон Чунг.
Экологтер не десе де, еліміздің Арал теңізіне деген үміті үзілген емес. Жағадан қашқан су қайта оралып, айдынға аққу-қаз қонатынына сенімді. Өйткені Аралдың арнасы тартылғанымен, базары тарқаған жоқ. Енді, міне, әлемдік астротуризмнің ең қолайлы жері деп танылып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ебін тапсаң, экологиямен де пайда табуға болатын тәрізді.