• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Желтоқсан, 2023

Ресейдегі саяси бәсеке қалай өтеді?

267 рет
көрсетілді

Ресей президенті Владимир Путин бесінші рет сайлауға қатыспақ. Бұл туралы Кремль басшысы ресейлік әскерилермен кездесу кезінде мәлімдеді. Сарапшылар қазірдің өзінде елде оппозиция өкілдері қалмағанын алға тартып, В.Путиннің алдағы саяси додада жеңіске жететінін болжап отыр.

Өткен жұмада Кремль басшысы Қаһармандар күніне орай әскери сала өкілдерімен кездескен-тұғын. Ресми жиыннан кейін В.Путин қатысушылармен әңгімелесті. Осындай сәттердің бірінде Украина аумағында құрылған ДХР парламентінің төрағасы Артем Жога Ресей президентінен алдағы сайлауға қатысты жоспарын сұрады. Сонымен қатар тағы бірнеше қатысушы В.Путинге осы тектес өтініш жасады.

«Әр кезеңде түрлі ой болғанын жа­сырмаймын, бірақ қазіргі уақытта қа­тысамын», деді В.Путин. Осылайша, ол бесінші рет сайлауға түспек. Кре­мль­дің баспасөз хатшысы Дмитрий Пес­ковтің айтуынша, бұл алдын ала дайындалған сценарий емес.

Дегенмен бұған дейін ресми билік өкілдері В.Путиннің алдағы жеңісіне қатысты бірнеше рет пікір білдірген-тұғын. Мәселен, Д.Песков қарашадағы сұхбаттарының бірінде В.Путиннің ал­дағы сайлауда жеңіске жететініне күмәнсіз сенетінін мәлімдеді.

«Менің жеке пікірім, бірақ оны айтуға құқығым жоқ. Бірақ ережелерді бұза отырып, Ресей Федерациясында Путиннің қазіргі уақытта бәсекелестері жоқ, болуы да мүмкін емес деп айта аламын», деді Д.Песков.

Федерация кеңесі сайлау күнін 17 наурызға белгіледі. Парламенттің жо­ғарғы палатасының отырысына Ор­талық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова қатысты. Жұма күні комиссия отырысы өтіп, сайлау нау­қаны күнтізбесі бекітілді. Алғаш рет президенттік сайлауда ресейліктер 15-17 наурыз аралығында үш күн бойы дауыс бере алады. Конституцияға 2020 жылы енгізілген өзгерістер мен толық­тыруларға сәйкес, көпкүндік дауыс беру форматы сынақтан өтеді.

Үйден дауыс беру тәсілі алда­ғы сая­си додада қолданылмақ. Прези­дент сайлауына Украинадағы оккупа­циялан­ған аумақтарда, Қырымда сондай-ақ шекаралас Брянск, Курск, Белгород облыс­тарында дауыс беру осындай тәсілмен өтпек.

Сонымен қатар 2020 жылы енгізілген тағы бір жаңалық – қашықтан электронды дауыс беру жүйесі (ДЕГ) де қолда­нылады. Э.Памфилова қыркүйекте платформа кем дегенде бір рет сынақтан өткен аймақтарда қолданылатынын жеткізген. Қазіргі таңда Мәскеуді қоса есептегенде, бұл жүйені 30 өңір сы­нақтан өткізіп үлгерді. Сарапшылар электронды сайлау жүйесі мен саяси бәсекені үш күнге созуға күмәнмен қа­райды. Олардың пайымдауынша, мұндай тәсіл дауыс беру қорытындысын өзгертуге қолайлы. Бұған дәлел ретінде 2021 жылғы Дума сайлауын алға тартады. Сол кезде оппозиция өкілдері әлдеқайда алда келе жатқан учаскелерде ақыр соңында билік өкілдері жеңіске жеткен еді.

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында алдағы саяси бәсекеге кім қатысады деген пікір қызу талқыланып жатыр. Бірнеше үміткердің аты қатар аталады. Әзірге олардың кейбірі ресми түрде сайлауға қатысатынын мәлімдесе, қалғаны әлі үнсіз. Осы орайда, солардың бірқатарына шолу жасап көрген едік.

Тамыз айында «Медуза» сайты Кремль В.Путинге сайлауда «спарринг серіктестері» туралы шешім қабыл­даға­нын жазған. Үміткерлерді таңдау кезінде олардың жасына мән берілген. Яғни бәсекелестердің арасында 50 жастан аспаған үміткер болмауға тиіс. Өйткені мұндай қадам 70 жастағы Путин­ді кәрі көрсетпес үшін керек.

Парламенттегі қол жинамай-ақ кандидаттар ұсынуға құқығы бар партиялар сайлауда кімді қолдайтынын әзірге ашық айтпады. Сарапшылар тосынсый күтпеу қажет екенін алға тартады. Мәселен, «Единая Россия» партия­сы съезінде қатысушылар Владимир Путинді қандай жағдай болсын қолдауға келісті. Айта кетерлігі, В.Путин 2012 жылғы сайлауға аталған партия атынан қатысты.

Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы үміткерін сайлау күні ресми жарияланғаннан кейін жарияламақ. «Ведомости» газетінің хабарлауынша, партия жетекшісі Геннадий Зюганов ұсынылуы мүмкін. Ол бұған дейін төрт мәрте президент сайлауына үміткер атанды. Бұдан бөлек, партия басқа да кандидаттың атын атауы ықтимал. Со­лардың қатарында Хакасия басшысы Валентин Коновалов, Новосибирск мэрі Анатолий Локоть, Орлов облысы губернаторы Андрей Клычков, тіпті 2018 жылғы президенттік сайлауда екінші орын алған Ленин атындағы кеңшардың директоры Павел Грудинин де бар.

«Справедливая Россия» бұған дейінгі әрекетін қайталап, 2024 жылғы саяси бәсекеге кандидат ұсынбайтынын, В.Путинді қолдайтынын мәлімдеді. Пар­тия төрағасы Сергей Миронов «Спра­ведливая Россия» президенттік сайлау бағдарламасында «Ресейге тәуелсіз, егеменді, болашағы зор қуатты ел болуға көмектесетін бастамаларды» ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

«Жаңа адамдар» партиясының же­текшісі Алексей Нечаев партияның сай­лауға үміткер қосуды жоспарлап отыр­ғанын, бірақ әлі кандидат туралы шешім қабылдамағанын атап өтті. «Ведомости» газетінің жазуынша, А.Не­чаевтың өзі алғаш рет президенттік сайлауға түсуі мүмкін.

Жоғарыда аты аталған үміткерлердің кез келгені, тіпті теориялық тұрғыдан алғанда, Владимир Путинмен бәсекелесе алуы неғайбыл. «Ведомости» қыркүйекте президент әкімшілігі «либералдық күштерден» кандидат ұсынуды талқылап жатқанын жазған. Бұған дейінгі сайлауда осындай үміткердің рөлін журналист Ксения Собчак атқарған көрінеді. BBC агенттігінің хабарлауынша, оның кандидатурасына президент әкімшілігі келісім берген және К.Собчактың өзі мұны В.Путинмен жеке талқылаған.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, ржев­тік журналист Екатерина Дунцова күтпеген жерден президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ол өзін-өзі ұсынатынын хабарлаған. Алайда оның есімі бюллетень парағына ене ме, жоқ па белгісіз. Ол сайлауға түсуге ниетін айтқаннан кейін бірден прокуратураға шақыртылды. Сайлауалды кампаниясына қаржы жинау мақсатында ашылған банктегі есепшоты бұғатталды.

Журналист Е.Дунцова Ржев қала­сын­дағы іздестіру-құтқару жасағы волон­терлерінің жұмысын үйлестіреді. Бұған дейін Ржев қалалық думасының депутаты атанған-ды. Сайлау кезінде жергілікті «Единая Россия» мүшесінен басым түсті. Е.Дунцова Ресейдегі демократиялық реформаларды және Украинадағы соғысты тоқтатуды жақтайды.

Сарапшылар алдағы сайлауға нағыз оппозиция өкілдері қатыспайтынын алға тартады. Бұған дейінгі саяси қуда­лау, Украинаға басып кіргеннен кейін­гі тыйым салу әрекеті оппозиция­ны тұншықтырып тастағанына назар ауда­рады. Қазіргі таңда ресейлік оппо­зиционерлердің көпшілігі не түрмеде (мысалы, Алексей Навальный, Илья Яшин, Владимир Кара-Мурза, Андрей Пиво­варов) немесе қуғындалған. Ресей­ден кеткен саясаткерлер мен белсенділер алдағы сайлауда қандай стратегия ұстану керектігін қызу талқылап жатыр.