Заң жобаларын әзірлеушілер осылай дейді
Кеден одағына қатысты заң жобалары Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің жетекшілігімен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәртібінде талқыға түсті. Заңдық құжаттар бойынша баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады.
“Кеден одағының кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы”, “2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобалары, сондай-ақ “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” кодекс жобасы мен “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы” заң жобасы қабылданды.
Қаржы министрі өз баяндамасында Кеден одағы кеңістігінде өзара сауда кезінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау алынып тасталатынын ерекше атап өтті. Заңдық құжатта Кеден одағының Бірыңғай кедендік аумағы түсінігі енгізіліп отыр. Сондай-ақ арнайы жеңілдіктерді пайдаланатын уәкілетті экономикалық операторлар институтын енгізу қарастырылған. Жекелеген кедендік операцияларды жүзеге асыру кезінде декларанттың мүддесін білдіретін кедендік өкіл түсінігі және өзге де мәселелер орын тапқан.
Б.Жәмішев осы тақырып бойынша қойылған депутаттардың сауалдарына жауап берді. Светлана Жалмағамбетова өз сөзінде Қытайдан тауар таситын кәсіпкерлердің кедендік баж салығы 2-3 есе жоғарылауынан олардың да тауарлары бағасын көтеріп, соның салдарынан тұтынушылар зардап шегеріне назар аудартты. Кеден одағына кірмеген Қырғызстанның арзан тауарлары елімізде қаптап кетпеуі туралы мәселе көтерген Жұмабек Төрегелдинов осы мәселенің шешімін сұрады. Министрдің айтуынша, Қырғызстанда кедендік рәсімдеуден өткізілетін тауарларға да Қазақстан кеден бекетінен өткеннен кейін жоғары ставкалар бекітіп беріледі. Ал контрабандалық тауарларға тосқауыл қою үшін еліміздің оңтүстік шекаралары бойында күшейту жұмыстары қолға алынған.
Әйтсе де депутаттар көпшілік тарапынан жиі қойылып келе жатқан Кеден одағы күшіне енісімен оның халыққа түсер салмағы қандай болмақ деген тұрғыда көптеген сауалдар қойып, өз пайымдарын ортаға салды. М.Көпеевтің пікірінше, “Біздің Кеден одағына қатысуымыздың мақсаты мен міндеттерін, пайдасы мен тиімділігін жақсы ұғыну үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек”. Төраға орынбасары бұл істің депутаттарға да қатысты екенін айтты. “Жергілікті активпен, кәсіпкерлермен және жұртшылықпен кездесулерде адамдар өз сауалдарына нақты жауап алуы тиіс”, – деп атап өтті М.Көпеев.
Отырыста “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да қаралды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.