Бейсетай Дәуренбековтің Іле өзеніне батқан 12 оқушыны құтқарған оқиғаға жарты ғасыр өтіпті... Даңқты батырымызбен 2014 жылдың күзінде «Қазақстан» телеарнасының түсірілімі («Жаныңда жүр жақсы адам») барысында танысқанбыз. Сұңғақ бойлы, шымыр денелі, ширақ жүрісті салиқалы ақсақалдың сол тұста 77 жасқа бет бұрған шағы. «От ішінде туған оттан қорықпайды» дегендей, Бейсетай Дәуренбековтің теңдессіз ерлігін оның арнасы адуынды Іленің жағасында туып-өскеніне балауға да болатын шығар?
Ерлік жасаймын деп ойлаппын ба?..
– Ол кезде мен ерлік жасайын деп ойлады дейсің бе? Бірақ қорыққан жоқпын, ауырып қаламын десем, жаңбыр аралас қар төпелеген ызғарлы желтоқсанда сырт киімімді шешіп, суға қойып кетем бе? Іленің ар жағында да, бер жағында да қарақұрым ел қаптап тұрды. Ешкімнің жүрегі дауалап суға түскен жоқ. Балалар шырқырап жылағанда адамның жаны шығып кете жаздайды екен...
Бейсетай ағаның еш бүкпесіз шын жүректен айтқан сөзі: «Ерлік жасайын деп ойлады дейсің бе?» Бірақ ол ерлік жасаған. Ерлік болғанда қандай, теңдессіз ерлік! Иә-ә... шырылдаған ата-ана қайық аударылып көз алдында өзенге ағып бара жатқан балаларына қолұшын бере алмаған ғой...
Аудандық кітапхананың фойесінде мектеп оқушыларының біреулері қалың қатты қағаздан жасалған қайыққа іркес-тіркес отырып, біреулері алты құлаш көк матаны қайықтың бүйірінен желпілдетіп сең көшкен өзеннің көрінісін жасап қым-қуыт әрекетте. Бұрыштағы дыбыс колонкасынан үскірік желдің, шылпылдаған өзен ағысының, балалардың дауысы естіледі... Кенет, қайық аударылып, у-шу басталды... Шам жартылай өшіріліп, кеш қараңғылығын білдірді. Ұмыр-жұмар, қараң-күрең... «Құтқарыңдар! Апа-а!.. Ма-ма-а! Құтқарыңдар!.. Вова, көмектес!..» Жылаған қыз дауысы. Кішкентай актерлердің өз рөлдерін соншалықты нанымды сомдағаны, Бейсетай аға қалтасынан бет орамалын алып, көзінің жасын сүртті.
– Айналайындар-ай, көзімнен жас шығарды ғой... Анау айқайлап «Вова!..» деп жылаған қыздың зіңгіттей екі ағасы сол кезде жағада тұрған, кеңшардың гаражында бірге жұмыс істейміз, бала кезден бірге өскенбіз. Екеуінің де суға секіруге дәті жетпеген... Желтоқсанда кеш тез түседі. Төпелей қар жауып, аяқ астына жел көтеріліп, өзен бетінде бір апта бұрын қатып, сол күні морт-морт сынған сең көшкіні жүре бастады. Қайықтың орта жолда аударылғанын өз көзімен көрген жағадағы жұрттың зәресі ұшып, қорқып кеткен де...
Ол кезде Бейсетай ағамыз 34 жаста екен. Құлаштай жүзіп айқай-шудың ортасына жеткен күйде алдымен төңкерілген қайықты аударып орнына қояды да, оны жанұшырған қайықшыға ұстатып, өзі тарыдай шашыраған балаларды бір-бірлеп қайыққа икемдеп жеткізіп, жанталаса жүзіп жүріп жинайды. Он бес баланың 12-сін жинайды, үшеуін ағыс алып кетеді...
– Үрейі ұшқан балалардың біреуі шашымнан, біреуі қолымнан, біреуі аяғымнан тас қып ұстап, жабысып қалған. Менің өзім суға кетіп қалуым мүмкін, Құдайдың құдіреті ғой, ата-бабаларымның аруағы демегені шығар, әйтеуір, жұлқынып жүзіп жүріп қайықты толтырдым... Содан қайықты сүйрей-мүйрей жағаға ұмтылдым.
«Серейіп қатып қалғам...»
Балаларына қолы жетіп асығыс күйде үйді-үйіне тараған ата-ана есін жиып, өз-өзіне келген соң барып құтқарушы Бейсетайды іздемей ме? Сөйтсе, әбден қалжыраған Бейсетай киімін де киіп үлгере алмай, есінен танып, жағадағы шоқ сексеуілдің түбінде серейіп жатыр дейді. Машинасын әлдекім мініп көрші ауылдан көмек сұрауға кетіпті... Дене иілмейді, мұз боп қатып қалған. Жұрт жиылып, жүгіріп жүріп Бейсетайды бөрене ағаш көтергендей қылып үйіне жеткізеді.
– Әйелім екі баламен арғы беттегі төркініне кеткен. «Күн бұзылып тұр. Ашылсын, сол кезде қайтарсыңдар» деп телефонмен өзім сәлем айтқам. Әйтпесе, сол күні жолға шықса, екі ортаға жүретін жалғыз қайық, құдай біледі ақыры не боларын... Үйдегі жалғыз анам сүңгі мұздай қатып қалған, не дем жоқ, не қимыл жоқ баласын көрген бойда, ботадай боздап, есі кірелі-шығалы жүгіріп жүріп, көршімізді шақыртады... Мені «көз жұмдыға» санаған көршіміз Жүнісбек ата, молдалығы бар еді, дәрігерлердің резіңке қапшығына ыстық су құйып әкел дейді апама. Алла тағаланың құдіреті ғой абдырап ессіз жүрген анам әлгі «грелкінің» аузын да жаппаған, ақсақал оны қолына ала беріп қайнап тұрған ыстық суды менің үстіме «қолқылдатып» қотарып алады... Денем «дір» етіп, қайнақ судан «тіріліп кетіппін...» Содан 23 күн үйде жаттым. Қойдың құйрығы мен сорпасы жанымды алып қалған.
Болған оқиғаның ертесіне күллі аудан тік тұрып, 12 баланы арнайы тікұшақпен Алматыдағы ең үлкен емханаға алып кетеді. Есін әлі жиып үлгермеген Бейсетай Дәуренбеков «Үйде анам жалғыз, әйелім, бала-шағам төркінінен келген соң барайын...» деп үйде қалады. Өз-өзіне келіп, аяғына тұрған күнін күтіп отырған екен нұсқаушылар «Бақанастың батырының» аяқ-қолын жерге тигізбей тура сол күні аудандық партия комитетінің зәулім ғимаратына жеткізеді.
– Ауданның бірінші хатшысы Бекболат Тұрысжанов деген қатал кісі екен, партия комитетінің бюросында ауданның күллі басшысын тік тұрғызып қойып «бұйралады-ай» кеп. Алдымен маған алғыс айтты. Мен кеңшар директорының тапсырмасымен екі кісіні арғы беттен – Үшжармадан келетін қайыққа мінгізу үшін жағаға жеткізгем сол күні. Солардың бірі сот, екіншісі ішкі істер бөлімінің қызметкері екен. Хатшы екеуіне «Партбилеттеріңді үстелге қойыңдар. Өздеріңдей жап-жас жігіт, нағыз коммунист Дәуренбеков ойланбай суға түсті. Сендер түскенде әлгі үш бала да аман қалар еді» деп айқайлады. Ол екі байғұста жазық жоқ. Бірінің судан шошитын кеселі бар деген дәрігерлік анықтамасы болса, екіншісі, ағысы қатты, арнасы кең өзенде жүзіп көрмегенін айтып жыламсырады. Ал оларға қарағанда мен Іленің ағысына қарсы жүзіп, өскенмін ғой енді... – деген еді Бейсетай аға сол күнгі айрықша «бюроны» еске алып.
Екі аптадан соң Алматыдан арнайы өкіл келіп құтқарушы Бейсетай Дәуренбековтің қолына Сочи курортында демалатын жолдамасын ұстатып, қалтасына 24 күнге жетерлік пұл салып, ұшаққа отырғызады.
Сочиде құрметке бөленген батыр
Сочидің ең тамаша демалыс орнындағы алғашқы 4-5 күн елеусіз өткен. Бір күні түс ауа жас шамалары тете өзбек, тәжік және өзіміздің Маңғыстаудан барған жігіт – барлығы төрт жігіт әдеттегідей курорттың кітапханасында «сауат ашып» отырмай ма?
Кенет, «Правда» газетін оқып отырған өзбек жігіті «О, мына қара, мына қара... Қазақстанда бір жігіт өзенге ағып бара жатқан 12 баланы ажалдан құтқарып алыпты... Қыстың күні... Ой, нағыз жігіт, ой жігіт!..» дейді. Бәрі жапа-тармағай «Правдаға» ұмтылады. Газетке көз жүгірткен Бейсетай Дәуренбековте бөтен ой жоқ, «Ой, мынау мен ғой...» дейді таңданыспен. Әлгі үш дос газетті қолдарына ұстап, төтелеп курорттың директорына тартады. Бейсетайдың «Е, неғыласыңдар, керегі жоқ, өткен іс қой...» дегеніне қарамаған. Қазақстаннан келген батырға теңдессіз құрмет көрсету сол күннен басталады да кетеді.
– Күнде кездесу, күнде мақтау сөз... Тіпті жергілікті газеттерден журналистер келіп қайта-қайта сұхбат та алды. Қандай жиын болса, мені дереу «Бұл жігіт те батыр» деп, КСРО-ның әр бұрышынан келген Кеңес Одағының батырларымен, Социалистік Еңбек ерлерімен төрде қатар отырғызады. Сонымен, күллі демалушылардың назары менде... Қоятындары бір-ақ сұрақ: «Қалай ерлік жасадыңыз?» Мен айтамын: «Ойлануға уақытым болмады, қар борап тұр, жел көтерілді, қайық көз алдымызда аударылды, балалар шырылдап суда ағып барады. Шешіндім де, секірдім...» Қысқасы, 24 күн демалыстың салтанатпен қалай өткенін сезбей қалдым. Қайтар күні күллі курорт аяғынан тік тұрып, «Біздің батырымыз, біздің батырымыз» – деп ұзақ қол шапалақтап, музыкамен шығарып салды. Ол бір ғажап, ұмытылмас күндер енді... – деп, көп күлмейтін Бейсетай аға осы жолы жайдарлана бір күліп, естеліктерді еске алып жатты.
– Он екі баланы ажалдан аман алып қалу шынында да ерлік, сізге сол кезде Кеңес Одағының Батыры атағын беру керек еді ғой! – деймін ағамызға.
– Алғашында «Батыр» атағы беріледі екен, сондай атаққа ұсыныпты деген сөздер шыққан! Кейін КСРО Үкіметі «Құрмет белгісі» орденімен шектелді. Өз басым «Алтын жұлдызды» ойлайтындай халде болғаным да жоқ. Оның үстіне «Төрт ұлттың өкілдерін құрайтын қайықтағы апатқа ұшыраған балалардың суға кеткен үшеуі ұлы орыс халқының өкілдері екен. Сондықтан батырлыққа деген ұсынысты Үкімет қолдамапты-мыс» дегенді өз құлағыммен естідім. Айналайындар-ау, анандай жанұшырған аласапыранда, қараңғы түсе бастаған кез... мен өз баламды да танымайтын едім, қолыма ілінгенін қайыққа икемдеп сала бердім, сала бердім де қайықты асығыс жағаға сүйредім. Аудан құрметтеді, облыс құрметтеді. Сочидегі жағдайды жаңа айттым! Кеңес Одағының барлық бұрышынан мектептерден – балалардан сүйсінген, мені мақтан тұтатындары туралы хаттар есепсіз келіп тұрды. Елім осы күнге дейін құрметтейді. Қажет етсең, айтайын, менің құтқарғаным – 2 чешен, 3 украин, 4 орыс, полягі бар, қалғандары қазақ балалары... Мен – шофер, Булыга мен ағайынды Ященколар – Володя, Алексей, Степан слесарьлар, гаражда отырып бәріміз еңкілдеп, талай жыладық. Не өздері қарындастары үшін Ілеге секіріп түсе алмаған, не мені құтқармадың деп кінәлай алмайды... Ой, басқа бермесін мұндай қасіретті? Қайықшы Вася Базарнов деген кісі еді, жеке моторлы қайығымен адам басына бір сомнан алып әрлі-берлі жолаушы тасымалдайтын... оны үш жылға соттады.
Іленің толқынына қарай алмаймын...
...Сол кезде Айдарбек Тегісбаев пен Сергей Проценко бірінші сыныпта оқитын. Оларға «екінші өмір сыйлаған әкелері» Бейсетай Дәуренбековті ортаға алып, бәріміз айтулы оқиға болған жағалауға келдік.
– Осы өзеннің бетіне, толқынына қарай алмаймын, – деп бір күрсінген Бейсетай аға сонда, – қайықтан құлаған әлгі үш бала дейсіз бе, бұл Іленің ағысы талай адамның обалына қалды ғой, талай адамның өмірін үзді. Кейін көктемде сең бұзылғанда әлгі үш баланың бірі табылды, апалы-сіңлілі екі қыз із-түзсіз кетті... Төтелеп келсе от пен судың кесапатынан ешкім құтылмаған, – деген-ді айналаға ойлана көз тастап.
Сергей қазақша таза, анық сөйлейді.
– Бейсетай ағама батыр атағын бермесе де нағыз батыр, біздің екінші әкеміз. Сол жолы менің әпкем Валя да құтқарылды ғой, қысқасы, ол кісі біздің әулетке өмір сыйлады... Өзімнің балаларым да ержетіп қалды. Олар менің мәңгі-бақи кімге қарыздар екенімді еш ұмытпайды.
– Бейсетай ағаның пальтомның жағасынан қарулы қолымен іліп алып қайықтың ернеуінен асырып тастағаны есімде... Мотордан тас қып ұстай алдым. Газеттерден оқимыз, судан екі адамды құтқарғанға батыр беріп жатыр дегенді. Біздің Бейсетай ағамыз 12 баланы құтқарды. Бірақ батыр атағын бермеді. Егер сол күні жағалауда Бейсетай аға болмаса, ше... ойланып көріңізші, – дейді Айдарбек.
Айдарбек пен Сергей су шайған Іленің жағасында тұрып, өткен күнді қинала еске алды. Сол күні Үшжарма интернатында оқитын балалар адам тасымалдаушы жалғыз қайықты кешке дейін күткен екен. Интернатта бұлардан басқа Ақкөл, Көктал, Көлжиде ауылдарының да балалары оқитын. Күн жексенбі. Ертесіне осы моторлы қайықпен кері қайту керек. «Екі рейс жасайын» деген қайықшы Базарновтың сөзіне бала емес пе, үйлеріне асыққан оқушылар шуылдап, құлақ аспаған. Үлкендер жағы балаларға ескерту жасап, сес көрсетпеген. Жаңбыр аралас қар жауған, –20 градус аяз. Жел көтерілген, сең жүрген.
...Бейсетай ағаның үйіне Алматыдан, Новосібірден, Махачкаладан, Краснодар мен Красноярдан өзі құтқарған балалар мен олардың ұрпақтарынан құттықтаулар осы күнге дейін еш үзіліссіз келіп жатады... Жыл сайын 18 желтоқсан күні.
Ерліктің тегі бола ма?..
Иә, ерліктің де шығу тегі болады екен... Аты бүкіл Кеңес одағына жайылған құтқарушы Бейсетай Дәуренбековтің өмір тарихын зерделеп, зейін салып, көңіл қояр болсаңыз таңғажайып тарихи деректерге қанығасыз! Қадірменді қария өзіне халық берген «Бақанас батыры» атағын 46 жыл бойы дақ салмай, қылау түсірмей арқалады. Балқаш ауданының Аралтөбе ауылында бақуат өмір сүрді. Ата-бабасынан қалған, өзі айтатындай, қара мылтық пен қара қақпанды ермек етті. Айтпақшы, бүгінгі аңшылардың өзіне таңсық көрінетін дәуір жалғастырған сол шойыннан құйылған қара қапанның тістеуік аузын екінің бірі «күшенгенмен» аша алмайтынына куә болғанымыз бар... Іле өзенінің сағасындағы қалың қамыста кәдімгі жолбарыстың жортқаны, оның киелі хайуанға киелі мекен болғаны туралы да сол жолы Бейсетай ағадан естіген едім. Бейсекең ағамыздың атасы жаңадан құрылған кеңес өкіметінің хайуанаттар паркіне Балқаш жолбарысының екі күшігін сыйлап, сыйақы алған. Жолбарыс аулауда атасының өз тәсілі болған!..
Қоқышбай есімді енді бір атасы туралы аңыз тіпті қызық... Әлгі кітапханадағы салтанат кезінде (2014 жыл) сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың сол кездегі жауапты хатшысы, белгілі журналист Марат Қашқымбаев: «Бейсекең ағамыздың бір атасы Қоқышбай бабамыз Іленің ең ағысы қатты иірімінен екі қолымен бас ұстаған күйі оны мүжіп, аяғымен-ақ жүзіп өтеді екен деген аңыз шындыққа жақын. Іленің жағасын балықша жүзген кісілер ғана мекендеген...» деген еді.
...Екі-үш жасар кезі екен. Жыңғылдың арасында ешкі-лақтың соңына ерген жалаң-аяқ, жалаңбұт бала ізім-қайым жоғалып, шағын ауылды дүрліктіреді. Бір түн іздейді, бір күн іздейді. Соғыс басталған. Жұрттың бәрі майдан үшін еңбекте. Қолы бос жүрген адам жоқ. Таң қылаң бере борпылдақ топырақты басып жүрген баланың ізіне түседі із кесушілер. Ол кезде Аққөл ауылында тұратын адам да көп емес екен. Із жол бойындағы құдыққа алып келеді. Іздеуші топ «Бала өз суретін көрем деп құлап кетті ме?» деп, құдықты сүзіп шығады. Жоқ.
– Содан... күн-түн қатпай шаруада жүрген әкемді шақыртқан. Ауылдағылардың шапшаңы сол кісі болған дегенді кейін талай естідім! Жанұшырған әкем төңіректі түгел шарлап менің шығысқа бет алған ізімді табады. Тұп-тура зираттағы Алдаберген атамыздың күмбезіне кіріппін. Борпылдақ топырақтағы баланың ізінен кейінгі түскен екі қасқырдың ізін көргенде іздеуші жұрт бірден «Ойбұй, қасқыр жеп қойдыға» тоқтайды. Екі қорқау да менің ізіммен күмбезге кірген... Мына қызықты қараңыз, іште жалаң аяқ, жалаң бұт, тыржалаңаш әбдан қалжыраған мен тастай қатып ұйықтап жатыппын. Шешемнің айтуынша, емшектен шықпаған кезім екен...
Маған ойлана бір көз тастаған батыр аға кенет: «Дені мама-қасқыр жарықтық тілі шықпаған балаға тиіспейді екен дегенді еститінбіз. Менің былдырлап сөйлеп жүрген кезім екен. Не болғанын, басымнан не өткенін айтып бере алмаппын. Бірақ әбден қорқып қалған екенсің дейтін. Баланы қасқыр емізіпті дегенді кітаптардан оқығанмын» деп барып, бір тоқтаған. Теңдесі жоқ жасалынған ерліктің негізі осынау аңыз тектес әңгімелерде жатқан жоқ па екен деп менің де таңданғаным рас сонда...
* * *
2018 жылы 3 қазанда ерлігі бағаланбаған халық батыры Бейсетай Дәуренбеков 80 жасында дүниеден өтті. Аралтөбеде жерленді. Ерлік иесі туралы ең алғаш БАҚ-та тебірене, төгілдіріп эссе жазған белгілі ақын әрі журналист Нүсіпбай Әбдірахим халық батырының қабір тасына мынадай эпитафия жазды:
Ақ жанымен ақтарыла күлетін,
Жұрттың бәрін бауыр санап жүретін.
Ұрпақ үшін өлімге бас тігетін
Жатыр мұнда бейбіт күннің батыры
Өмірді үлкен жүрегімен сүйетін!
Ерлігіне елі басын иетін,
Ақша қардай кір шалмаған ниетін,
Иманды бол, ардағым!
Ал менің есімде... менің есімде «Қасиетіңнен айналайын Димаш аға біздің ауданға үш рет келді, содан осы аумақтан көпір салып беріп кетті. Өйткені ол кісі осындағы өткен қайғылы оқиғадан әбден хабардар еді. Халық кейін оған «Дінмұхамед Қонаев атындағы көпір» деген атақ берді. Менің жасаған ерлігімнің өтеуі – осы көпір!» деген Бейсетай ағаның бір ауыз сөзі қалыпты...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист
Алматы