«Kusto Group» компаниясының басшылығы «Qazaq tili endowment qory» қазақ тілін қолдау эндаумент-қорына 100 миллион теңге көлемінде жарна аударылғаны туралы мәлімдеді.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің, атап айтқанда, «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты және ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз. Біртұтас ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін басты фактор ретінде қазақ тілінің дамуына лайықты үлес қосу – біз, ел азаматтары үшін үлкен мәртебе. Біз бизнес қауымдастықты осы асыл бастаманы қолдауға шақырамыз», деді «Kusto Group» директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішевпен бірге Директорлар кеңесінің мүшелері Дәулет Нұржанов, Қанат Көпбаев, Мұрат Өтемісов, Талғат Тұрымбаев, Оразхан Қарсыбеков.
Қазақ тілін қолдау эндаумент-қоры мемлекеттік тілді қолдаумен, дамытумен айналысатын еліміздің ірі ұйымы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылғанын еске сала кетейік.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға аударылатын қаражаттың өзі жұмсалмайды. Ол басқарылады және инвестицияланады. Эндаумент-қордың инвестициялық қызметінен түскен табыс бенефициар-ұйымның жарғылық міндеттеріне бағытталады. Бұл қордың қаражатын беделді қоғам қайраткерлері, лингвист-ғалымдар мен мемлекет өкілдері қатарынан тәуелсіз қамқоршылық кеңес бақылайды.
Эндаумент-қордың кірістері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, жаңғыртуға және одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін гранттар түрінде бағытталады.
Орайы келіп тұрғанда, «Kusto Group Pte. Ltd» (www.kustogroup.com) – Сингапурда тіркелген инвестициялық-өнеркәсіптік холдинг екенін атап өткен жөн. Бүгінде «Kusto Group» 4 құрлықтағы 9 елде мұнай-газ, тау-кен, құрылыс, даму саласында, құрылыс материалдарын өндіруде және ауыл шаруашылығында табысты жұмыс істеп жатыр.
АЛМАТЫ