Экономикалық ынтымақтастық аспектілерін талқылау мақсатында отандық 200-ге жуық кәсіпкер мен шетелдік инвестор Қонаев қаласында бас қосты. «Аlatau invest» халықаралық бизнес-форумын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты түрде ашып, бұл іс-шара экономикалық ахуалды өрістетуге және бірнеше ел мен компания арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетін негізгі оқиға саналатынын айрықша атады.
«Ең маңызды факторлардың бірі – бизнестің, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, өңдеу өнеркәсібінің, туризмнің, ауыл шаруашылығының және экономиканың басқа да секторларының өкілдері арасында тәжірибе мен идея алмасу үшін жағдай жасау. Форум компаниялар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, әлеуетті инвестициялық жобаларды талқылауға және ынтымақтастық мүмкіншіліктерін талдауға мүмкіндік береді», деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ ол өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі экономиканың түрлі саласында әртүрлі жобаны іске қосу арқылы өңірдің дамуын ынталандыруға ықпал ететін инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жүктелген міндеттерді белсенді түрде жүзеге асыруда. Мемлекет инвестиция тарту бойынша іс-шараларды белсенді қабылдауда, оның ішінде бизнес үшін рәсімдерді жеңілдету, салықтық жеңілдіктер беру, арнайы экономикалық аймақтар мен инфрақұрылымдарды құру, сондай-ақ экономиканың инновациялық секторларын қолдау бойынша бірқатар іс-шара іске асырылуда», – деген өңір басшысы сөзінің соңында Алматы облысы инвестиция көлемі жағынан жаңа өңір бола отырып, алыс-жақын елдердің іскер топтарының өкілдерімен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталғанын атай келе, дипломатиялық өкілдіктер мен консулдықтардың осы бағыттағы қолдауы үшін алғысын білдірді.
Алматы облысының экономиканың барлық саласында жобаларды жүзеге асыру және дамыту үшін үлкен әлеуеті бар. «Аlatau invest» халықаралық бизнес-форумында Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы өңірдің даму болашағы мен қолайлы инфрақұрылымы және оның мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты баяндады.
«Алматы облысы экономиканың түрлі саласында жетекші орындарға ие. Мысалы, өңдеу өнеркәсібі өндірістің 90 пайыздан астамын құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен жоғары. Қағаз өнеркәсібінде біз республика бойынша өнімнің 73 пайызын өндіреміз. Фармацевтика саласы да дамып келеді, мұнда өндірілетін дәрілердің төрттен бірі 22 кәсіпорында өндіріледі. Елдегі былғары және тігін бұйымдарының 40 пайызын құрайтын жеңіл өнеркәсіп негізгі орындардың бірін алады. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша облыс жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Атап айтсақ, 2022 жылы олар республикада екінші орынды иеленді, жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 419,2 МВт құрады, оның ішінде 11 жел электр стансасы, 6 су электр стансасы және 6 күн электр стансасы. Туризмді дамыту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде, қазіргі таңда облыста ұлттық табиғи саябақтар мен термалды су көздері қоса 10 туристік нысан бар», деді басқарма басшысы.
Баяндама барысында Алматы облысының әрбір ауданында жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін бірегей артықшылықтар бар екені баса айтылды. Сондай-ақ өңірде экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін белсенді мемлекеттік қолдау іс-шаралары жүргізіліп жатқаны тілге тиек болды.
«Біз инвесторларды облысымыздың әртүрлі ауданында жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз және жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Мысалы, барлық АЭА қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беріледі. Инвесторларды қолдау үшін біз салық және кедендік төлемдерден босату бөлігінде қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, ал инвестициялық келісімшарттар жасалған жағдайда олар импортта кедендік баж салығы мен ҚҚС төлеуден босатуды ала алады. Бұған қоса, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін бөлу, құжаттаманы дайындау және әзірлеу, субсидиялар мен мемлекеттік гранттар бөлу арқылы мемлекеттік қолдау шаралары бар», деп хабарлады Қуаныш Бақытұлы.
Сөз соңында бүгінгі күннің басты мақсаты – экономикалық өсім мен өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететін қолайлы инвестициялық ортаны құруға ықпал ету екенін баса айтты. Сонымен қатар ол, өңір басшылығының Алматы облысының дамуына күш-жігері мен қаражатын салғысы келетін кәсіпкерлерді қолдауға және олармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін де атап өтті.
Алматы облысы