• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2023

Қыста қанша градус аязда жұмысқа бармауға болады?

3873 рет
көрсетілді

Қыста термометрдегі температура төмендеп, сарышұнақ аяз сақылдап тұрғанда әр кәсіп иесінің көкейінде «мұндай жағдайда жұмысқа бармауға бола ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Біз аязды күні азаматтарды ойландырып жүрген осы сұрақты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық. Министрлік өкілдері мұндай тәртіп ҚР Еңбек кодексінің 82-бабымен реттелетінін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Еңбек кодексінің 82-бабы «Ауысымішілік және арнайы үзілістер» деп аталады. Десе де аталған бапта ыстық не суық мезгілде ашық ауада, кеңседе істейтін қызметкерлердің қанша градус аязда жұмысқа шықпауы жөнінде нақты ақпарат көрсетілмеген.

Аталған бапта:

«Жылдың суық немесе ыстық мезгілінде ашық ауада, жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін жұмыскерлерге жылыну не салқындау және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнайы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші жұмыскерлердің жылынуына, салқындауына және тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті», деп жазылған.

Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығы мен аязды темпетатураның артуына байланысты «қысқартылған жұмыс күні» немесе қашықтан жұмыс істеу мәселесі өзекті болып тұр. Дегенмен еліміздің еңбек заңнамасында қыс мезгіліндегі аязды ауа райына байланысты қандай жағдайларда жұмыс тоқтатылатыны туралы тікелей нұсқаулық жоқ.

«Жұмыс беруші өз қызметкерлерін жылытуға, салқындатуға және демалуға арналған бөлмемен қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ күн тәртібінің ережелерінде ауа райына байланысты жұмыс күнін және оның ұзақтығын қысқартуды қарастыруға болады. Мұны жұмыс берушінің өзі жасайды», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабында.

Қыстағы қолайсыз ауа райы, боран мен тұман негізінен сыртта жұмыс істейтін жұмысшылардың ісіне көп кедергі. Әсіресе, құрылыста істейтін альпинистер мен кран тізгініндегі жұмысшылардың қызметі ауа райына байланысты қатаң қадағаланады. Техникалық регламентке сай жел жылдамдығына байланысты аталған екі маман иелерінің жұмысын жиі тоқтатуға тура келеді.