• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2023

49 жастағы студент

193 рет
көрсетілді

49 жастағы Нұрбай Матсалаев қазір автосервисте жұмыс істейді. Биыл көптен бері ішке бүккен арманын жүзеге асырып, қайтадан студент боламын деп шешкен. Сөйтіп, Ақтөбедегі Heriot-Watt University-ға оқуға түсіпті.

Ол басқа талапкерлер сияқты оқуға түсуге мұқият дайын­дал­ған. ҰБТ және тілдік емтихан тапсырып, Ұлыбритания уни­верситетінің филиалында оқу­да­ғы алғашқы жетістіктеріне жет­кен.

– Оқу туралы ой екі-үш жыл­ бұрын пайда болды. Ме­нің жеке кә­сібім бар. Жұ­мы­сым – элект­ронды автомобиль жүйе­лерін диаг­­ностика­лау. Орта тех­никалық бі­лім бар, бірақ ком­­пью­терлік бағ­дарламалау сала­­сын­­дағы бі­лі­мімді арт­тыр­ғым келеді. Сон­­дықтан «Компью­тер­лік ин­­женерия» ма­ман­дығын таңдадым. Енді жұ­мыс­ты оқу­мен біріктіруім керек. Бұл оңай емес, бірақ қала­са­ңыз, бәрі мүм­кін, – дейді Н.Матсалаев.

Ол осыған дейін ағылшын тілін мүлдем оқымапты. Бірақ жұмысының ерекшелігіне байланысты ағылшын тіліндегі құ­­жат­тармен көп жұмыс істе­уі­не тура келген. Содан бастап бар­лық ақпаратты тек ағыл­­шын ті­лін­де оқи бастаған. Оның осы жасқа келгенде оқуға құш­тар­лығын ашқан – зайыбы. Әйе­лі­нің арқасында өз күшін сынап, әлемдік университетке тү­су­ге барын салған. Нұрбайдың зайы­бы­ – Қ.Жұбанов университетінің экономика факультетінде оқы­ту­шы. Ол оқуға түсерде ағайынның көз­қарасы әртүрлі болыпты. Аға буын қабылдай алмай, жастар жағы қолдаған. Ол қанша жасқа келсе де, оқимын деген адамға ойланудың қажеті жоқ деп санайды.

– Мен тілдік емтиханның қиын болатынын түсіндім, сон­дық­­тан оқуға түсу қарсаңында ағылшын тілінен репетитор жалдап, қарқынды дайындала бастадым. Ең алдымен, Шотландия университетінің 200 жылдық та­рихы қызықтырды. Қазір осыны зерттеп жүрмін. Содан кейін университеттің ашы­­лу жо­ба­сы­ның ауқымы таңғал­ды­ра­ды.  Осы­лай­ша, әлемдегі ең үздік жо­ға­ры оқу орындарының бі­рін­де оқуға мүм­кін­дік алдым. Арман­дар Heriot-Watt-пен орындалады, – дейді студент.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлы­бри­танияның ең көне жоғары оқу орны – Heriot-Watt филиалы биыл Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университеті базасында ашылған болатын. Негізінен Heriot-Watt ин­женерлік кадрлар мен IT мамандар даярлайды. Heriot-Watt филиалының дипломы шетелде тізімделеді. Студенттер әр жылы әр филиалға барып оқиды. Мысалы, оқудың бірінші курсы Ақтөбеде, екінші курсы Шот­ландияда өтеді. Студенттер Қ.Жұ­ба­нов университеті арқылы He­riot-Watt-қа түседі, олардың екі бағ­дарламасы және екі дипломы болады.