Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев туризм мен спортты дамыту саласында қабылданған іс-шаралар, сондай-ақ 2024 жылға арналған негізгі міндеттер туралы айтты.
Министрдің мәліметінше, елімізде 7,6 млн адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады, бұл халқымыздың 38,5 пайызын құрайды. Денешынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын іске асыру жоспары бойынша 2029 жылға қарай ел тұрғындарының жартысын қамту жоспарланған. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты биыл 250 мыңнан аса бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 43,2 млрд теңге бөлген. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылды. Бұл – 6 мыңнан аса спорт секцияcына тегін қатысуға мүмкіндік береді деген сөз.
Министр спортты одан әрі дамыту үшін жаңа стратегиялық реформалар енгізілгенін жеткізді. Мәселен, қазір бас жаттықтырушыларды конкурстық негізде тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекеттік жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен қатар халықаралық спорт ұйымдарында отандық мамандардың өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыс күшейтіледі. Кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған лимит және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жас бекітіледі.
«Қазір елімізде спорттың 180 түрі дамып келеді, олардың тек 59-ы Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Халықаралық тәжірибе негізінде «тірек» спорты түрлерінің тізімін қайта қарау қажеттігі туындады. Аталған тізімді айқындау кезінде ұлттық спорт түрлеріне нұқсан келмейді», деді Е.Маржықпаев.
Сонымен қатар сала басшысы модульдік үлгідегі тез салынатын аз шығынды 100 спорт нысан салынатынын айтты.
«Еліміздің барлық спорттық инфрақұрылымына ауқымды түгендеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша өңірлерде жұмыс істеп тұрған нысандардың орта есеппен 20%-ы талапқа сай емес екені анықталды. Осылайша, спорт инфрақұрылымына, атап айтқанда, ауылды елді мекендерде аса мұқтаж өңірлердің тізбесі айқындалады. Келесі жылдан бастап «Модульдік үлгідегі тез салынатын аз шығынды 100 спорт нысан» жобасы іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы екі жылда 113 жаңа спорт нысаны салыну керек. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін қолдана отырып қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Алматы облысында олимпиадалық дайындық базасының құрылысы аяқталып келеді. База бір уақытта 2 300 спортшыға 23 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл нысан жыл бойы жұмыс істейді. Ұлттық құрамалар мен облыстық командалар маңызды жарыстар алдында толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады. Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Нысанды 2025 жылы қолданысқа беру жоспарланған», деді министр.
Туризм саласында да оң өзгерістер мол. Мәселен, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн болған, бұл былтырмен салыстырғанда 552 мыңға көп. Шетелдік туристер саны 225 мыңға артып, 835 мың адамға жеткен.
Министрліктің мәліметінше, былтыр 40 млрд теңге қаражатқа 138 инвестициялық жоба іске асырылған. Биыл 288 млрд-қа 115 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 1,5 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалпы 2019 жылдан бастап туризм саласы Топ-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді қолға алған. Кейінгі жылдары ішкі демалысқа сұраныстың артуы байқалады.
«Туризм саласындағы 2024 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болмақ. Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету, мәдени тәжірибе алмасу, екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Қытайдағы туризм жылы аясында Бейжің қаласында ашылу рәсімі, туризм түрлері (экологиялық, медициналық, агротуризм, қалалық, MICE және ғарыштық туризм) бойынша тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр», деді Е.Маржықпаев.
Қазір елімізде пандемиядан кейін 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілген. 74 елге визасыз режім жаңартылды. Бұл тізімді 100-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ойын бизнесінің жосықсыз субъектілерімен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Мәселен, 2023 жылы сотқа 14 талап-арыз жіберілген, нәтижесінде 7 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматтары залы жұмысын тоқтатқан. Депутаттық корпуспен бірлесіп азаматтарды лудоманиядан жас шектеуін 25 жасқа дейін көтеру, букмекер кеңселері, бәс тігу туралы кез келген жарнамаға барлық жерде тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.