Алматы облысының тұрғыны 15 жастағы Ернұр Тұрғанбай көлік жүргізушілеріне арналған ерекше көзілдірік жасап шығарды. Эксперименттік өнертабыс рөлдегі адамның жай-күйін анықтап, ұйықтап кетпеуіне көмектеседі, деп жазады Egemen.kz облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Ернұрдың идеясын жүзеге асыруға, эксперименттік модель жасауға робототехника үйірмесінің жетекшісі, ұстазы Дәулетияр Бақытәлі қолғабыс еткен.
Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының оныншы сынып оқушысы көзілдірік инфрақызыл сенсормен жабдықталғанын, жоба жолда қауіпсіздікті сақтауға бағытталғанын айтты.
«Көзілдіріктің жақтауына инфрақызыл сенсор орнатылған. Арнайы ұсақ құрылғы жүргізушінің жағдайын үнемі қадағалап отырады. Көзілдірік шаршау мен ұйқыға кету белгілерін анықтай алады. Егер жүргізушіде осындай белгілер байқалса, көзілдіріктің өзі дабылды ескерту жасайды», деді жас өнертапқыш.
Ернұр құрастырған бірегей көзілдірігіне басқа да функциялар орнатып, толықтырып жатыр. Ол көзілдірік нарыққа түссе жүргізушілердің көлік айдауын жеңілдетіп, жол апатының алдын алатынына сенімді екенін жеткізді.