Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, көрнекті ақын, белгілі ғалым Бауыржан Жақыптың «Күлімсіреп аспан тұр» атты әдеби сазды кеші өтті. Жырға құмар жүректерді М.Әуезов атындағы «әкемтеатрға» жинаған жып-жылы жүздесуде сыршыл ақынның поэзия әлеміне саяхат жасадық.
Бауыржан Жақыптың есімі өлең өлкесінде өзіне тән өрнегі бар ақын, ғылым жолында іргелі ізденістерге барған ғалым, журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ретінде көпшілікке жақсы таныс. Асқаралы алпыс жасқа үлкен шығармашылық табыспен жеткен оның отты жыры оқырманның сырласына айналғанын мазмұнды іс-шараға жиналған зиялы қауым тебірене жеткізді.
Кеш шымылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылып, Президенттің ізгі лебізін рухани іс-шараны тізгіндеген Мамай Ахетов оқып берді. Онда «Оқырман қауым өзіңізді қазақ поэзиясын дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті ақын, қарымды қаламгер ретінде құрметтейді. Сіз ұзақ жыл бойы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледіңіз. «Қазақ энциклопедиясын» басқарып, төл шежіремізді таңбалау ісіне зор еңбек сіңірдіңіз. Сіздің көркемдік қуаты мол шығармаларыңыз жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Туындыларыңыз өзге тілдерге аударылып, қазақ әдебиетін дәріптеуге үлес қосып келесіз. Төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еселі еңбегіңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды жауһар жырларыңызбен қуанта бересіз деп сенемін», делінген хатта.
Кеш қонақтары шығармашылық галереясы нәзік сезімдермен иірім тапқан Бауыржан ақынның лирикалық орамдарына тебірене толқып, шайырдың сөзіне жазылған сұлу саздармен бірге тербелді. Туған өлке мұңын суреттеген «Жан дауасы» поэмасы негізінде әзірленген қойылым Семей полигонының қазақ баласы мен қазақ даласына тигізген қасіретін шерлене жеткізді. Ал ақынның «Домбыра» және «Ұршық» өлеңдеріне құрылған лирикалық композиция ұлттық құндылықтарымыздың кие-құтын көңілге құйып берді.
Қаламдас інілерінің әдебиет пен публицистикадағы айбынды адымы туралы ақтарыла айтқан Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Темірхан Медетбек пен Иранбек Оразбаев жырдан шашу шашса, Ұлықбек Есдәулет ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың кеш иесіне жолдаған құттықтау хатын жеткізді. Ханбибі Есенқара, Қатира Жаленова, Абзал Бөкен, Болат Шарақымбай, Нағашыбек Қапалбекұлы қатарлы ақын-жазушылар кеш иесінің шығармашылығы хақында жақсы сөз айтып, азаматтық келбетін жырмен кестеледі.
– Бауыржан қазақ әдебиетіне ерте бастан етене араласқан, талантымен жастай танылған дарынды ақындардың санатында. Сонау 80-жылдарда жарық көріп, жұртты елең еткізген «Ұршық» деген тырнақалды өлеңінен бастап, ұлттық рухқа суарылған кесек-кесек жырлары Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Төлеужандай ұлылар мен классиктер туған топырақтан поэзияға маңдайы жарқыраған ұрпақ келгенін айғақтады. Бауыржан ақын үнемі жырдан-жырға, кітаптан-кітапқа өсумен болғанын бағамдаймыз, – дейді Ұлықбек Есдәулет.
Рухани кеште Шәміл Әбілтай, Баян Сағымбаева, Сәуле Жанпейісова, Қадырғали Көбентай, Әділет Мұса, «Серілер» тобы, Гүлмира Сарина сынды өнер саңлақтары ақын шығармашылығынан сыр шертті. Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен кеште Бауыржан Жақыпқа Халықаралық «Жамбыл қорының» алтын медалі табысталды.
АЛМАТЫ