• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Желтоқсан, 2023

Демографияның дара жолы

157 рет
көрсетілді

Егемендіктің елең-алаңында отыз жылдан кейінгі халық өсімінің қалай боларын ешкім ойламаса керек. Ол кезде кеңестік ірі зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап, елдің нарықтық экономикадан хабары бола қоймады. Өз алдына дербес мемлекет атанғанына тәубе еткен халықты «елдің болашағы жарқын болады» деген үміт, сенім жігерлендірді. Тәубе, жақында 20 миллионға жеттік деген хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық.

Жүйрік уақыт тұсауға көне ме, әне-міне дегенше 32 жыл дегеніңіз 32 ша­қы­рымдай артта қалыпты. Өркениетті елдердің көшіне ілесіп, өкше басып келеміз. Ғылым-білім, технология, цифр­ландырумен қатар медицина саласының өркендеуіне көбірек көңіл бөлінді. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген балалар бүгінде сан салада абыройлы еңбек етіп жүр. Буын алмасу жүріп жатыр. Кейінгі 5 жылда елде бала туу көрсеткіші жоғарылағаны байқалады. Мысалы, 2020 жылы 426 мың сәби дүниеге келсе, 2021 жылы 446 мың бала, былтыр 403, 9 мың нәресте өмір есігін ашқан. Иә, елді әбігерге салған коронавирус пандемия­сын да ұмыта қойған жоқпыз. Ал енді статистикаға назар аударсақ, карантин тұсында дүниеге келген бала көп екен.

Бүгінде неонаталдық хи­рур­гияның даму нәти­же­сін­де туа біт­кен ақаулары бар жаңа туған нәрес­те­лер­дің өмір сүру деңгейі 86%-ды құраған. Бұл дегеніңіз – жыл сайын туа біткен ақаулары бар 1 500 нәресте хирургиялық ем алады деген сөз. Тағы бір айта ке­тетін жайт, Орталық Азияда сәби туғаннан бастап кар­диохирургиялық операция жүргізетін бірден-бір ел екенбіз. Ресми деректерге көз жүгіртсек, 2022 жылы туа біт­кен жүрек ақаулары бар ба­лаларға 1 800-ден аса ашық операция жасалса, оның 75%-ы – жасқа толмаған сәбилер. Елде ана мен баланың ден­сау­лығына ерекше көңіл бө­лінген. Тіпті Президент тап­сырмасымен ана мен бала ден­саулығын сақтау жө­нін­­дегі тұжырымдама әзір­лен­­ді. Биылғы 8 айдың қоры­­тын­ды­сы бо­йынша ана өлі­мі 11,4%-ға төмендесе, 1 айға дейінгі сәбилердің шеті­­неуі 11,9%-ға кеміген. 5 жасқа де­йінгі балалардың өлімі 2%-ға дейін азайыпты. Сондай-ақ түрлі аурулар мен жарақаттан болатын өлім-жітім едәуір қысқарып, нәти­жесінде халықтың орташа өмір сү­ру ұзақтығы 74 жастан асқан. Ана мен бала ден­саулығы – Денсаулық сақ­тау министрлігі аса көңіл бөліп отырған бағыт. Содан болар, салада бағдарламалар қабылданып, көптен салын­баған перинаталдық орталық­тар бой көтеріп жатыр. Маман­дар­ды оқыту, даярлау жағы пысықталып, скрининг, емшара, дәрі-дәрмектің небір түрі енгізіліп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен екі жылдан бері іске асып келе жатқан «Аң­саған сәби» бағ­дарламасынан хабардар болар­сыздар. Бұл бағдар­лама көп­теген шаңыраққа бала сүю бақы­тын сыйлады. Экстра­кор­поралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 есе (7 мыңға) ұлғайған. Негізі ЭКҰ әдісі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. Осыған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 квота бөлініп келгенін ескерсек, 7 жылға татитын квотаға көптеген отбасы бір-ақ жылда жетіп отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен жылына 6 млрд теңгеден аса қаржы бөлінетінін де атап өтке­німіз жөн шығар. 2021-2023 жылдары «Аңсаған сәби» бағ­­дарламасы аясында 20 мың­нан аса пациентке ЭКҰ жа­салған. Бұл қатарда 8 мыңнан аса жүкті әйел есепке алынса, 6 мыңнан аса бала дүниеге келген. Бұл шақа­лақ­тардың арасында егіз, үшем­дер бар. Сонымен атал­ған бағ­­дарламаның көмегі­мен елі­­­мізде ұзын-саны 6 мыңдай отба­­сы сәбилі болыпты.

Саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғалидың айтуынша, ел аумағында демографиялық өзге­ріс­тер кеңес өкіметі тұ­сын­да құбылған. Оған, әрине, әлеуметтік жағдайдан бұрын, саяси реформалар әсер еткен секілді.

«1960 жылдардың бас ке­зінде қазақ қайта бас көте­ре бас­тағандай болды. Ал бұрын­дары қазақ отбасында үйдегі нәресте арғы дүниеге аттанғанда, шешесі ғана ыңыр­сып жылайды екен. Сұм­дық қой, бала өлімі жиі тір­келген. 1959-1961 жылдары ел аумағында медицина өр­кендеп, нәрестелердің шеті­неуі азайды. Қазақ әйелдері 6-7 баладан туған. Бұған аштық, репрессия, соғыс көр­­ген ұлттың санасындағы «са­нымыз азайып барады» деген түпсанадағы күдік те әсер етсе керек. Көпшілігіңіз білмейтін шы­ғарсыздар, сол бір жылдары қа­зақтар бала туу көрсеткіші бойынша әлем­дік рекордқа таяған. Одан кейінгі жылдары туу көр­сет­кіші азайды. Биыл халық саны 20 миллионнан асты. Жыл­дық табиғи өсім 268 мың­ға жетті. Халықтың шамамен 60%-ы қалада тұрады екен. Оның ішінде 71%-ы, яғни 14 миллионы – қазақтар. Жұртшылықтың 73%-ы қа­зақша түсінеді. 1991-2018 жылдар аралығында 300 мың қазақ отбасы елге қоныс аударып, 1 млн 39 мың адам қандас мәртебесін алған. Олардың 61%-ы Өзбекстаннан келсе, Қытай, Моң­ғолиядан ат­мекенге оралған қандас­тар­дың саны да аз болмады. Бір қызығы, Ресейден келгендер аз. Егемендікке дейін де ел аумағына қоныс аударған қазақтар болды. Сол тұстан орыс халқы Ресей­ге көшіп жатты. Мұның бар­лы­­ғы бірден бола қойған емес, уа­қыт сәтімен келген демографиялық өзгерістер», дейді Ә.Ғали.

1991 жылдан биылғы қара­шаға дейінгі аралықты есепке алғанда, елде 10 824 655 сәби дүниеге келген. Тәуел­­сіздіктің алғашқы жыл­да­рын­дағы елдегі туу көрсет­кіші мен қазіргі өзгеріс­терді са­лыс­тыруға келмейтін сияқ­ты. Мысалы, 2000 жылдан бас­тап 2006 жылға дейінгі аралықта елімізде орта есеппен жыл сайын 200 мыңнан 300 мыңға дейін бала дүниеге келген. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 400 мыңға шамалайды. Тағы бірнеше жылда 500 мыңды бағындырсақ, қанеки? Әрине, елдегі туу көрсеткішіне, де­мо­графиялық өсімге мемлекеттің әлеумет­тік-экономикалық ахуалы да ай­тарлықтай әсер етеді. Мұны жоғарыдағы статисти­ка­лардан аң­ғару қиын емес. Келер жылы да сан салада ана мен балаға қорған болар­лық жобалар күтіп тұр. Игі бастамалардың сәтті іске асарына біз де тілекшіміз.