Қызылорданың дәл іргесінде Нағи Ілиясов атындағы елді мекен бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан Будапешт қаласын азат етудегі ерлігі үшін кеңес одағының батыры атанып қайтқан қаһарман осы ауылдың түтінін түзу ұшыру үшін жан аямай еңбек еткен. Осы күні батыр есімін иеленген ауылдың тұрмысы қаладан бірде-бір кем емес. Сырттан келген қонақтар байырғы жұрттағы байырқалы тірлікті бірден байқайды.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңіріне арнайы келген Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Сырдария ауданындағы осы ауылға барып, дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Жаңалығы көп ауылдағы бұл нысан Президент тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынып жатқан 27 медициналық нысанның алғашқысы екендігін де айта кетейік. Ұлттық жоба аясындағы алғашқы амбулатория ғимаратының ауданы – 860 шаршы метр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында көп бастама қолға алынды. Мысалы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аймақ елді мекендерінде 27 нысан салынып жатыр. Саладағы осындай салмақты бастамалар алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала береді деп сенеміз, – деді облыс басшысы.
Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді. Мереке қарсаңындағы салтанатта нысанды салған мердігер мекеме өкілдері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапат иеленді.
Жалпы, облыс бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып келеді. Биыл аймақ қазынасының қоржыны 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Өңір медицинасына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы қаралыпты. Осы жылы Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн болатын Қан орталығы жақын күндері қолданысқа беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылып жатыр.
Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қала іргесіндегі Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық ауруханадан балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.
Қызылорда облысы