Ежелден жалғасқан жетім мен жесірін жылатпаған ата салтының жүлгесі үзілген жоқ. Бүгінде олар «асыраушысынан айырылғандар» деген санат бойынша мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығы мен игілігін көріп отыр. Сонымен бірге мүгедектігі бар жандарды да жарылқау – әлеуметтік маңызды мәселе.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылғандарға мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 479 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша 59,4 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер жүргізілген.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойған (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Факультативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке өтініштерін қарау құзыретін мойындау. Биыл шілдеден бастап «Әлеуметтік кодекс» күшіне енді, онда барлық азамат үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктер көзделген», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Сала мамандарының айтуынша, Әлеуметтік кодекс мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап І топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім жасайтын адамдарға мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе бала асырап алушыға (қамқоршысына) төленетін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылды. Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға артты. Жыл басында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, жылдық мәнде олардың мөлшері 23%-ға өсті.
2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдар бойынша МӘЖ алушылар саны – 535,4 мың адам, ал асыраушысынан айырылғандар 187,4 мың адам болған. Мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері мүгедектіктің тобына және тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
«Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушының қарамағындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5%-ға қосымша арттырылды. Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері І топқа – 89 248 теңге, ІІ топқа – 71 398 теңге, ІІІ топқа 48 681 теңге болды», дейді министр.
Бұған қоса міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүргізе алады. Мәселен, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 98,8 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша, ал 63,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алып отыр.
Осылайша, биылғы әлеуметтік пакеттердің өсуіне қарап, қоғамдағы әлсіз топтардың әлеуеті артып келе жатқанын пайымдауға болады. Өткенге өкпе жоқ. Келер жылы да кем-кетіктің орны тола түсеріне сенім мол.