• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Тарих 16 Желтоқсан, 2023

Желтоқсан салған жара

292 рет
көрсетілді

1986 жыл. Желтоқсанның ызғарында алаңға әділдік іздеп шығып, кеңес билігінің тепкісін көрген өрімдей бозбалалар мен бойжеткендердің ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа аңыз болып айтылып жүргені хақ. Азаттықты жақындата түсуге сеп болған Желтоқсан көтерілісінде керекулік Сая Торбаева да аз теперіш көрмеді.

«...18 желтоқсан. Бүгінгі сабақ облыс­тық­ партия комитетінің артындағы Н.Гоголь көшесінде орналасқан медицина инс­титутының бас ғимаратында өтеді. Алғашқы сабақ – «Терапиядан» дәріс, қалмау керек. Доцент В.Липихин өте қатал адам, студенттер бір минут кешіксе, екі пар бойы дәлізде тұрғызып қояды немесе деканатқа барып рұқсат сұрауың керек».

Сая ғимаратқа жақындай берген­де ұран­датып келе жатқан қалың нөпірді байқады. Басында не болып жатқанын түсініңкіремеген. «Неге қазақты қой­майды?», «Неге басқа ұлттан?», «Қазақ болуы керек?», «Қазақ болсын!» деген ұранды сөздер. Шеттеу тұрған біреуінен сұрап еді, «Қонаевты алып тастап орнына басқа жақтан, өзге ұлттан қойыпты», деді. Сая мектепті орыс тілінде бітіріп, институтта да орыс тобында оқитын. Қазақшасы да шалалау. Сол кезде қандай бұла күш екені белгісіз, іштен буырқана шыққан жан дауысы: «Қалай сонда, Қазақстанды басқа ұлт өкілі неге басқаруы керек?» деп ширыға шықты. Қалың нөпірге араласты да кетті. Қалың топ бір-біріне білектерін айқастырып, алаңға қарай беттеп келеді. Көбі жастар. Педагогикалық институттың жатақханасы әлгі оқу ғима­ра­­тының жанында болатын. Одан да жүгіріп шығып жатқан студенттер сапқа қосылды. Политтехтің, өзге де оқу орындарының студенттері ағылып келіп жатыр. Қатарлары көбейе түсті.

– Алаңға таяй бергенде қара киім киген адамдар мен милициялар, әскери формадағылар бізді жан-жақтан қоршай бастады. Шерушілер сонда да қайтар емес. Ұрандатып, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап алға ұмтылды. Күтіп тұрған солдаттар қолдарындағы резеңке сойылдармен алдыңғы топты ұрып тарқата бастады, кейбірінің қолын қайырып, енді біреулерін екі аяғынан сүйреп топтан шығаруға тырысты. Алаңға жеткізбей кері шегіндірді. Құлап, аяққа тапталып айғайлап, шыңғырып, ышқынып, ыңырсып жатқан дауыстар. Кейбір қыздардың көзінде жас, бар дауысымен әндетіп келе ме, ұрандатып жатыр ма, ызаның, үрейдің көз жасы ма түсініксіз... Менің салмағым жеңіл болғандықтан қалың топтың ішінде аяғым біресе жерге тимей, бірде жерге тіреліп жүріп келемін бе, жүгіріп келем бе, өзім де түсінбеймін. Бар ойым – құлап қалмау. Құласаң болды, қайта тұру жоқ, тапталып аяқ астында қаласың, – деп еске алады сол бір ызғарлы күндерді Сая апай.

«Әскерилер мен милиция қызмет­керлері бізді арнайы әкеліп қойған автобустар мен жабық машиналарға күштеп енгізе бастады. Қарсыласқандарды екі аяқ, екі қолдан ұстап көліктердің ішіне лақтырып жатыр. Мені екі жағымнан ұстаған екі солдат дедектетіп сүйреп әкеліп автобустың ішіне бір-ақ тықты. Жан-жағыма қарасам, біздің топтан Жұмагүл Ахметова, басқа факультеттің студенттері бар екен. Көбінің көздері көгерген, еріндері жырылған, енді біреуінің басынан аққан қан қабыршақтанып қата бастапты. Бір кезде менімен бір топта оқитын Баян Бөлтірікованы екі солдат екі жақтан демеп, ес-түссіз күйде автобустың еденіне лақтыра салды. Басынан аққан қан екі бетін жауып кеткен. Көтеруге шама жоқ, Жұмагүл екеуіміз сүйреп әкеп орындыққа отырғыздық. Есін жиғанда айтқаны: «Дубинкамен бастан ұрды ғой иттер», деді еріндері дірілдеп.

Бізді Жамбыл ауданының ішкі істер басқармасына алып келіп, үлкен бір бөлмеге қамады да, әрқайсымыздан жеке-жеке жауап ала бастады. Сұрап болған соң біз отырған бөлмеден шығып кетті де, біраз уақыттан кейін қайта келіп, «сен, сен, орныңнан тұр» деп төрт-бесеуін тұрғызды да мекенжайын, оқу орнын өтірік айтқанын жеткізіп, қайта сұрай бастады. Кейін өзімнен жеке жауап алғанда бұлардың қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері екенін білдім.

Мені тергеген бойы ортадан сәл жоғары жіңішке келген, орта жастағы, денесін тік ұстайтын, әдемі көзілдірік таққан азаматтық киімдегі сіліңгір қара қазақ болды. Кейін білгенімдей, ол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде басшы лауазымында екен. Өте сыпайы сөйлейді. Бір топта оқитын Марал деген қыз тергеушілердің қысымына шыдамады ма, әлде тезірек құтылғысы келді ме екен, кім білсін, «Алаңға бізді алып шыққан Сая Торбаева болатын» деп мені ұйымдастырушы ретінде көрсетіп жіберіпті. МҚК бастығының мені жеке тергеуі де сол екен...

Қауіпсіздік комитетінен апта са­йын шақырту қағаз келеді, сенбі күні уақытынан қалмай тергеуге барамын. Бар ойым үйдің іші біліп қоймаса екен деп жүрмін. Тергеу де бітті. Қандай шешім шығарғанын білмеймін, әйтеуір шақыртуды қойды», деп жалғастырды желтоқсаншы.

Мәселелері енді институтта қаралды. Комсомолдан қуылғаннан кейін, факуль­тет жиналысының шешімі бойын­ша­ үшін­ші­ курста оқитын Сая Торбаева, Баян Бөл­ті­рікова, Жанна Аңдамасова, Гүлжамал Ысқақова, Гүлбаршын Мұхамедиева, Жұмагүл Ахметова оқудан шығарылады.

«Кейін еңбек кітапшама қарап отырсам, оқудан шығару туралы екі бұйрық жазылыпты: алғашқысы 1986 жылдың 31 желтоқсандағы №1147 бұйрық, екіншісі 1987 жылдың 9 қаңтарындағы № 9 бұйрық. Ауылға келіп, жұмысқа тұрмақшы болдым. Шешем екеуіміз күні бойы жұмыс іздеп қақпаған есігіміз жоқ. Еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Кітапшаны көреді де бастарын шайқайды. Әкем таныстары арқылы қаладағы дәріханаға еден жуушы қылып орналастырды. Жұмысшылар менімен көп араласпайды. «Саяси сенімсіз» екенімді бұлар да білетін сияқты. Бір жыл еден жудым».

Сая Торбаеваның ендігі оқуға қайта қабылдану, қабылданбауын институттың ғылыми кеңесі шешетін болды. Факультет деканы Ғалым Исламғалиев жақсы пікір білдіріп, оқу бөлімінің меңгерушісі Н.Эйрих: «У Торбаевой в зачетном книжке хорошие оценки, училась хорошо, голосую о восстановлении» деп қолдайды. Сөйтіп, 1987 жылдың 8 желтоқсанында оқуға қайта қабылданады.

Қарапайым қазақ қызының табанынан өткен Желтоқсан ызғарының шындығы осы. Сая Торбаева қазіргі күні Павлодар медициналық колледжінде болашақ ақ желеңділерді даярлауға зор үлесін қосып жүр. Күйеуі Әділбек Әміренов филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Шаңы­рақтарында дүниеге келген екі пер­зен­ті бүгінде ел қатарына қосылып қалған. Аға­мыз бен жеңгеміз бейбіт заманның мәң­гілігін, тәуелсіздігіміздің баянды болуын жатса-тұрса тілеп отырады.

 

Павлодар облысы