Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Тәуелсіздік күніне орай Түркия мемлекетінің Зейтінбурны ауданының өнер орталығында гастрольдік концерт берді.
Концерт алдында Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулы Нұриддин Аманқұл оркестр директоры Салтанат Мақсот пен оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Хасановты қабылдады. Ал концертке Зейтінбурны ауданының әкімінің бірінші орынбасары Осман Динч, Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулы Бекайдар Сары, доктор Аадем Услу, Доктор Решиде Юксель, Зейтінбурны қоғам бірлестігінің бастығы Ділман Қая, Түркі музыка өнерін зерттеуші, домбырашы Седат Солакоглу, Шығыс Түркістан мигранттар одағының төрағасы Режеп Акьол және т.б түрік өкілдері мен қандастар қатысты.
Концерттік іс-шарада «Камералық оркестрге арналған күй», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» атты шығармалары оркестрдің орындауында көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының өнер жұлдыздары шырқаған әсем әуендер көпшілік көңілінен шықты.
«Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің концерті маған өте ұнады. Менің ұлтым қазақ болғанымен, Түркияда өстім. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кепілі – ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның деніне зор денсаулық тілейміз! Көк байрағымыз желбірей берсін!», дейді доктор Рашида Юксель.
Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасының өкілі Тұран Бахадыр бұл шаһарда 15-20 мыңдай қазақ бар екенін айтып, «Мұндай концерттер жиірек болса екен. Шетте жүрген қазақтар өз мәдениетін көреді. Сол үшін керек қой. Өнер – жан азығы, кеш керемет болды», деген пікірін білдірді.
Батыс Қазақстан облысы